БАЛИҒАТҚА ТОЛМАҒАН БАЛА ИМАМДЫҚҚА ШЫҒА АЛА МА?

30 сәуір 2024 2111 0
Оқу режимі

   Имамдық дұрыс болуы үшін оның бірнеше шарттары бар. Соның бірі – балиғат жасына толу [1].

Яғни, балиғат жасына толған адам балиғат жасына әлі толмаған адамның намазына ұюына болмайды.

Ибн Аббастан жеткен хадисте:

لا يؤم الغلام حتى يحتلم

Ер бала балиғат жасына жеткенге дейін имам бола алмайды» [2] делінген.

 Алайда балиғат жасына толмаған баланың нәпіл намаздарға имамдық ету мәселесіне қатысты ғұламалар арасында түрлі пікір бар. Дұрысы – оған рұқсат етілмейд. Ихтияр атты кітапта: «Әйелдер және балиғатқа толмаған балалар ер кісілерге имамдық етуіне болмайды. Балиғатқа толмаған балаға келсек, оның оқыған намазы нәпіл болып саналады, сондықтан оған ұюға болмайды. Кейбір ғалымдар тарауық намазы парыз болмағандықтан балиғатқа толмаған баланың имамдық етуіне рұқсат берген. Бірақ дұрысы – бірінші пікір. Себебі, балиғатқа толмаған баланың нәпіл намазы балиғат жасына жеткен адамның нәпілінен әлсіз. Сол үшін оған ұйып намаз оқылмайды» [3] делінген.

 Радду әл-Мухтар кітабында: «(Дұрыс пікірге орай балиғатқа толмаған баланың нәпіл намазға да имамдық етуі дұрыс емес). Һидая кітабында былай делінген: «Бәлх ғұламалары сәбидің тарауық, жалпы сүннет намаздарына имамдық етуіне рұқсат берген». Десе де сәбидің имамдығы бүкіл намаздарға жарамайды деген көзқарас дұрысырақ» [4] деп келген.

 Әйгілі имам, Нұруддин Әли ибн Сұлтан, имам Ұбайдулла ибн Масғұдтың «ән-Нуқая» атты еңбегіне жазған «Фатху-Бәбил-Ғиная» атты түсіндірмесінде былай дейді: «Кейбір ғалымдар: «балиғат жасына жеткен балаға тарауық және жалпы нәпіл намаздарына ұюға болады. Өйткені барлығының өтеп жатқаны нәпіл намаздар» дейді. Бірақ оған ұю дұрыс емес деген пікір негізге алынады. Себебі балиғатқа жеткен адамның нәпіл намазының кепілі бар. Намазын бұзған жағдайда оған қазасын өтеуі міндеттеледі. Ал сәбидің нәпіл намазының кепілі жоқ. Яғни намазын бұзған жағдайда қазасы өтелмейді. Сондықтан балиғатқа жеткеннің нәпілі балиғатқа жетпеген баланың оқыған нәпілінен жоғары тұрады. Егер балиғатқа толмаған балалар бір-біріне ұюып намаз оқып жатса оқасы жоқ. Өйткені олардың намаздары тең дәрежеде» [5] деп айтылған.

 Әл-фәтәуа әт-Татархания кітабында: «Парыз намаздарына балиғатқа толмаған баланың имамдық етуі дұрыс емес. Имам Шафиғидің көзқарасы бойынша дұрыс саналады. Ал балиғатқа жеткен адамның балиғатқа толмаған баланың нәпіл намазына ұюына келсек, Мухаммад ибн Муқатил қажеттілікке орай, әсіресе рамазан айында тарауық намазды оқуға рұқсат берген. Бұл көзқарасты Бәлх ғұламалары құптаған. Алайда жас баланың имамдығы жарамайды деген көзқарасты дұрысқа шығарамыз. Өйткені балиғатқа толмаған баланың оқыған нәпіл намазы балиғатқа жеткен адамның нәпілі секілді емес. Себебі балиғатқа толмаған баланың намазы бұзылып кетсе оған қазасын өтеуі тиіс болмайды» [6] -делінген.

Қорыта айтқанда, тарауық намазына балиғатқа толған ер адам имамдық еткен жөн. Себебі құлшылықта ықтияттылыққа, сақтыққа аса қатты мән беріледі. Сол үшін балиғат жасына жетпеген ер баланың имамдыққа шықпағаны дұрыс. Дегенмен рамазан айында тарауықта Құранды хатым ететін одан басқа ешкім табылмаса, қажеттілікке орай оның имамдық етуінің оқасы жоқ.    

 

 

  [1] Сәбилу әл-фәләх фи-шархи нуру әл-идах, 98.

[2] Байһақи, 3/225.

 [3] Әл-Ихтияр ли тағлили әл-мухтар, 1/201-202.

[4] Радду әл-мухтар, 2/322.

 [5] Фәтху бәбил-иная, 1/278.

[6] Әл-фәтәуа әт-Татархания, 1/603.  

Источник: http://fatua.kz/kz/post/view?id=977

Дереккөз: /fatua.kz/

Пікірлер Кіру