БАРЛЫҒЫН АЛЛАҒА ТАПСЫР

13 қазан 2026 66 0
Оқу режимі

Бәлкім, Алланың ғайып қазыналарында сенің ойлағаныңнан да асып түсетін күш-қуат, мүмкіндік пен ризық бар шығар. Бірақ егер олар саған иманың әлсіз кезінде келсе, оған сен рухани дайын болмаған кезде келсе, сені сындырып, сынап азғыруы мүмкін. Сондықтан Раббың сені тәрбиелеп, иманыңды күшейтіп, құлшылық жолында біртіндеп биіктетіп жатқан болар. Жүрегіңді қорғайтын берік иманмен қаруланған кезіңде ғана сол нығметтер саған келсе, сен Раббыңның ризық беруші екенін мойындап, Оған бойсұнып, жүрегіңмен беріліп, иманың мен сенімің одан әрі арта түседі. Сонда саған екі дүниенің де игілігі жиналады.

Сондықтан қалаған нәрсеңе қол жеткізуді асықпай күт. Басыңа түскен қиындықтың жеңілдігі кешігіп жатыр деп те ойлама. Өйткені Алла Тағаланың әрбір істің өз уақыты мен өлшемі бар, әрбір сынақта даналық әрі тазару бар. Бәлкім, сенің бір нәрседен айырылуың — жүрегің түзелуі үшін, бір нәрсенің қайтарылуы — күшің мен табандылығың артуы үшін, ал бір нәрсенің берілмеуі — Раббыңның есігіне мойынсұнып, жалбарынып қайта оралуың үшін шығар. Сондықтан сенен кешігіп жатқан нәрсе — міндетті түрде жоқшылық немесе айырылу емес. Бұл — сені дайындау, үлкен сыйды сен оны көтере алатын әрі қадірін білетін уақытқа дейін әзірлеу болуы мүмкін.

Раббыңның тағдырына көңілің тоқ болсын. Өзіңе таңдалған нәрседе бар жақсылықтың бәрі бар екенін біл. Оның даналығына разы болып, үкіміне мойынсұну — жаның үшін әлдеқайда жеңіл әрі сенімің үшін әлдеқайда берік.

Уайымнан шаршаған, ойдың астында қалған, шешімсіздікке тұншығып, ертеңгі күннің қамы жүрегіне алаң салған жан!

Бар ауыртпалығыңды «әл-Фаттах» — барлық есікті ашушы Алланың есігіне қалдыр. Сенің сырыңды да, ішкі мұңыңды да білетін Раббыңа ісіңнің тізгінін тапсыр.

Өз шектеулі жоспарыңды қоя тұр да, бәрін толық білетін Алланың басқаруына мүмкіндік бер. Аллаға ант етейін, егер Оның сен үшін ғайыпта дайындаған мейірімі мен жасырын игіліктерін көре алсаң, қорқынышың сейіліп, жүрегің ризалық нұрына бөленер еді.

Барлығын Аллаға тапсыр.

 

Bekzhan Azhimov

Пікірлер Кіру