БАТА (ЕСТЕЛІК ӘҢГІМЕ)

13 қараша 2024 635 0
Оқу режимі

Қонақтар отырмыз. Түскен үйіміздің қонақ күтіп көрмегендігі, ағайын арасында ынтымақтары аздығы, шал-кемпірлерінің қадірі жоқ екендігі, келіншек-кепшік, бала-шағаларының берекесіз бейбастау екендігі жүріс-тұрысынан, қарым-қатынастарынан көріне бастады...

Сыйлап отырса да көп алдында қонағының қадірін кетіріп, күлкі қылуға тырысып жыртақтасып жатыр. Жұмыс кезі болса да бәрі ауылда, баққаны сөз, аңдығаны әр үйдің түтіні, ескі өмірдің әлі өлмей келе жатқан ескі көзіндей көрініп, жынымды келтіріп отыр.

Шай алдымызда, қой сойылып, еті асылып жатыр. Әдеп сақтап, зорға шыдап отырмыз. 

Тамақ алдында бір жігіт жанындағыларға көз қысты да: 

– Ляумиін! – деп бізден бата сұрады. Табақтас шал төмен қарап тұқырайып отырып қалды. Осы тұста: 

– Батаны батыр берсін, – деді ауылдың бір қуы. Шынымды айтсам мен не дерімді білмей біраз сасқалақтап қалдым. Қасымдағы бата білмейтін жазған шалға... 

– Ақсақал, жол сіздікі еді ғой, – деп оңай құтылғым кеп еді. 

– Жоқ, батаны батыр берсін, – деді тағы да жаңағы қу жігіт тықылықтап. 

Абырой болып баяғы бір ескі батаның негізгі арнасы сап етіп есіме түсе қалмасы бар ма. Қолымды жайып сол батаны өз кәдеме жарайтындай етіп, біраз өзгертіп тақпақтай жөнелдім.

– Илля құдая! – дедім. Отырғандар да қолдарын жайды. –Тілегімізді қабыл ет, иманымызды кәміл ет. Дозақтың отынан сақта (кемпір-шалдар мүлгиді). Қаңғыған оқтан сақта, парақор соттан сақта (қатарымдағы халық сотына қарап, отырғандар ду күлісті). Кірлі сумен жуыстан сақта, ынтымақсыз туыстан сақта. Қаражүрек батылдан сақта, көк долы қатыннан сақта. Колхозды жеген бастықтан сақта (отырғандар ду күлісті). Адамды қадірлемес есерден сақта, нанды басқан кесірден сақта, кеудесін керген келіннен сақта, мезгілсіз келген өлімнен сақта. Татымсыз тұзыңнан сақта, ұятсыз қызыңнан сақта. Қайырымсыз жек-жаттан сақта, жалқау бала тек жат тексізден сақта. Түнере атқан таңнан сақта, жаңбырсыз шаңнан сақта. Жастарында әдеп жоқ, өлгеніне батуа жоқ, құр айғай шат-шәлекей даңнан сақта. (Әлгі қу жігіттер бірін-бірі саннан шымшып, қызарақтасып қалды.) –Я, алла тағалам! –деп мен де тақпақтап соза түстім батамды, кемпір-шал еріндері жыбырласып қалғып-мүлгіп, бастарын шұлғысып отыр. – Өмір берсең жайлы ғып бергін. Дәулет берсең сайлы ғып бергін. Еңбегіміз өністі болсын, қамбамыз астыққа толсын; көсегеміз көгере түсіп, мыңғырған мал өріске толсын; әйел берсең әдепті, жанға тыныш жайлы ғып бергін. Келін берсең келісті ғып бер. Ағаш берсең жемісті ғып бер. Тұлпар берсең шабысты ғып бер... жомарт болсаң осы айтқандарымның барлығын үйіп-төгіп бір-ақ бер. Аллау-әкпар, – деп батамды аяқтадым.

Осы батадан кейін аттанып кеткенімізше сөз жарыстырып жыртаңдап, тықылықтаған қулар бәсеңсіп қалды. Сірә, сөз өтсе керек. Сөз түсінгендеріне де шүкіршілік еттік.

 

Бауыржан МОМЫШҰЛЫ,

"Әңгімелер жинағы".

 

 

 

Пікірлер Кіру