Батам бағалы болсын десеңіз...

05 наурыз 2019 9077 0
Оқу режимі

Дана халқымыз ежелден-ақ «Батаменен ел көгерер» деп, аппақ пейіл-ниетпен Алладан сұраған дуалы дұға, ақ бата мен жақсы тілектің жақсылыққа сеп болып, Жаратушының рахымына жеткізетінін терең түсінген. Содан  да болар, жасы үлкеннің батасын алу халқымыздың салтына сіңісіп, игі дәстүрге айналып кеткен. Расында, үлкендердің батасын, елдің алғысын алғаннан асқан абырой  жоқ десек қателеспеген болармыз.

Алайда, қазіргі таңда осы батаның сиқы қалай болып тұр?

Кейде ақсақалдарға бата беріңіз деп қол жайсаңыз, ұялатын немесе қашқақтайтын қарттарды көресіз. Бата орнына тілек айтып кететіндері де кездесіп жатады. Бұларды бір жаққа қойғанда, батагөй ақсақалдарымыздың өзі ұзақ айтамын деп шатасып жатады. Кейде өлеңдетіп айтамын деп ұмытып қалып жатса, енді бірі тілі келмесе де арабша айтамын деп жастарға күлкі болып та жатады.

Бірде мешітте бір ақсақал бата беремін деп соншалықты ұзақ айтып, арабша-қазақшасын араластарып, соңында бір айтқан сөзін қайта қайталап жатыр еді, жанындағы екінші ақсақал жайып тұрған қолын түсіріп, теріс бұрылып кетті. Батаның сиқы қашты деген осы болса керек.

Бұл мәселе шариғат бойынша қалай десеңіз, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өзі ұзақ дұға жасағандығы жоқ екен. Тіпті, түрлі топтардан біріккен дұшпан Мәдина қаласын қоршауға алғанда (қатты қиыншылық уақытта) екі қолын көкке созып: «Құранды түсірген, есебі жылдам Алла! Бұлттарды көшірген, топтарды күйреткен Алла! Бұларды да жеңіліске ұшырат, теңселтіп жібер»[1] деп дұға жасаған екен.

Құран дұғаларының өзі екі-үш сөйлемнен ғана тұрады.  Мысалы, «Раббымыз біздерге дүниеде жақсылық бер, ақыретте де жақсылық бер және тозақтың отынан сақта»[2] деп дұға жасауды үйреткен. Бата берілгенде осы үлгіге сай, дөп басып, нақты айтылса әрі қысқа болса ешкім де жалықпас еді. Бата да қадірлі күйінде тұрар еді. Ердің құнын екі-ақ ауыз сөзге сыйдырған халықтың бүгінгі ұрпағына жарасымды қасиет осы емес пе?!

Ғазиз Ахмет


[1] Бухари, 2933.
[2] йБақарай сүресі,  201-аят.

Тегтер: бата дұға хадис

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру