БАУЫРЖАН ӘЛИ ҰСТАЗДЫҢ ӘР КҮНГІ ЖАЗБАСЫНАН...

МҮМІН КІСІ НЕДЕН ҚАУІПТЕНЕДІ?
Сахаба Осман (Алла оған разы болсын) былай деп айтқан екен «Мүмінде алты түрлі қауіп болады.
1. Алла Тағаланың иманын алып қоюынан қауіптенеді.
2. Періштелердің Қиямет күні масқара ететін күнәларын жазып қоюынан қауіптенеді.
3. Шайтанның өзінің жасаған сауапты ісін бұзуынан қауіптенеді.
4. Өлім періштесінің қаперсізде жанын алуынан қауіптенеді.
5. Дүниенің қызықтарына батып, ақыретін ұмытудан қауіптенеді.
6. Өзінің бала-шағасымен болып, Алланың зікірін ұмытудан қауіптенеді».
Уа, Жаратқан Жаббар Ием, иманымызбен жан тапсыруды нәсіп ет!
Еліміз аман,жұртымыз тыныш болсын!
Күндеріңіз сауапты істерге толы өтсін!
ҚҰЛАҚ САЛЫП ТЫҢДАУ..
Бейтаныс бір бəдəуи әйгілі ғұлама Шағбидің (Алла оған разы болсын) мәжілісіне жиі келеді екен. Алайда лəм-мим деп жақ ашпай отырады екен. Содан бір күні имам Шағбидің оған назары ауып:
"Мəжілісте сөз алып сөйлеуіңе не кедергі?" деп сұрайды.
Бəдəуи оған қарап: "Үндемесем (бəледен) құтыламын. Тыңдасам үйренемін" деп жауап берген екен.
Құлақ салып тыңдайтын сəттеріміз көп болсын!
Күндеріңіз сауапты істерге толы өтсін!
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
САХАБА ОМАР (АЛЛА ОҒАН РАЗЫ БОЛСЫН) БЫЛАЙ ДЕГЕН ЕКЕН:
1. Көп сырласты көрдім, бірақ тілімді сақтаудан артық сырлас таппадым.
2. Көп киімді көрдім, бірақ тақуалықтан артық киім таппадым.
3. Көп мал-мүлікті көрдім, бірақ қанағаттан артық малды көрмедім.
4. Жақсы істің көп түрін көрдім, бірақ насихаттан артық жақсылық көрмедім.
5. Көп тағамның дәмін татып көрдім, бірақ сабырдың дәмінен тәтті дәм татып көрмедім».
Жұмаңыз мүбарак болсын!
Жұма күнгі жасаған дұға-тілектеріңіз қабыл болсын!
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
ҚАНДАЙ ІСТІ ІСТЕУ ҚИЫН?
Сахаба Әли (Алла оған разы болсын) бір сөзінде былай деген екен: «Төрт түрлі жағдайда төрт істі істеу қиын.
1. Ашу үстінде кешірім жасау.
2. Жоқшылықта жомарттық жасау.
3. Оңашада күнә іс істемеу.
4. Өзі қорқатын немесе тәуелді кісісінің бетіне шындықты айту».
Қайырлы күн!
Күндеріңіз сауапты істерге толы өтсін!
ДАНАЛАР ТАҒЫ БЫЛАЙ ДЕГЕН ЕКЕН:
«Төрт нәрсе жаман, ал тағы төрт нәрсе одан да жаман.
1. Жас жігіттің күнә істегені жаман, ал қарттың күнә жасауы одан да жаман.
2. Сауатсыздың дүниеге берілгені жаман, алайда, ғалым адамның дүниеге берілуі одан да жаман.
3. Барлық адамдардың ғибадатқа салғырт қарауы жаман, алайда ғұламалар мен шәкірттердің салғырт қараулары тіпті жаман.
4. Байлардың тәкаппар болғаны жаман, кедейдің тәкаппар болғаны одан өткен жаман».
Қайырлы күн!
Күндеріңіз сауапты істерге толы өтсін!
АҚЫЛДЫ АДАМ НЕМЕН АЙНАЛЫСУЫ КЕРЕК?
Дәуіт пайғамбар (Алланың оған сәлемі болсын) былай деген: «Зәбур кітабында мынадай нақыл бар: «Ақылды пенде үш нәрсемен айналыссын: ақыретіне азық дайындасын, осы дүниенің тіршілігін қылсын, рахат-ләззатқа адал жолмен жетсін».
Қайырлы күн!
Күндеріңіз сауапты істерге толы өтсін!
КІМ НЕНІ БІЛУІ КЕРЕК?
Сахаба Әли (Алла оған разы болсын): «Дүние нығметін сұрасаң Исламнан артық нығмет жоқ, шұғылданатын іс сұрасаң ғибадаттан артық іс жоқ, ал, ғибрат боларлық нәрсе сұрасаң өлімнен артық ғибрат жоқ» деп айтқан екен.
Қайырлы күн!
Күндеріңіз сауапты істерге толы өтсін!
ҚАНДАЙ КҮНӘ КЕШІРІЛМЕЙДІ?
Ғұлама Суфиян Сәури (Алла оны рақымына бөлесін) былай депті:
«Нәпсіқұмарлықпен болған күнәнің кешірілуіне үміт бар, бірақ тәкаппарлықпен болған күнәның кешірілуіне жоқ. Оның себебі, Ібілістің күнәсі тәкаппарлықтан болатын, ал Адам Атаның күнәсінің негізі құмарлықтан еді».
Қайырлы күн!
Күндеріңіз сауапты істерге толы өтсін!
ТАНЫМ...
Бағзы даналардан мынадай сөз қалыпты: «Кімде-кім Алладан артық жақыным бар деп ойласа, ол оның Алла жөніндегі танымының аздығын білдіреді. Кімде-кім өзінің нәпсісінен асқан дұшпаным бар деп ойласа, ол оның өзінің нәпсісін танымағандығы».
Қайырлы күн!
Күндеріңіз сауапты істерге толы өтсін!
ДАНАЛАР БЫЛАЙ ДЕГЕН ЕКЕН:
«Төрт нәрсе жақсы, ал төрт нәрсе олардан да жақсырақ. Ұят ерлер үшін жақсы, әйел заты үшін одан да жақсы. Әр адамның әділ болғаны жақсы, алайда әміршілердің әділ болғаны одан да жақсы. Қарт адамның тәубеге келгені жақсы, алайда жас жігіттің тәубе еткені одан да жақсы. Байлардың жомарт болуы жақсы, алайда кедейдің жомарттығы одан да жақсырақ».
Жұмаңыз мүбарак болсын!
Жасаған Жаббар Ием жасаған дұға-тілектеріңізді қабыл етсін!
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
ХАҚИҚИ ДОС...
Ертеректе бір кісі досын қатты жазғырыпты. Досы ләм-мим деп жақ ашпай тыңдап тұра беріпті. Әлгі кісі досының сөз қайтармай тұрғанына ыза болып: "Осынша ауыр сөз айттым. Сен неге қарсылық білдірмедің?" деп сұрапты. Сонда досы: "Қарсылық білдірсем көңіліңе тиетін сөз айту керек. Менің жүрегімде саған айтар ондай сөз жоқ" деген екен.
Достарыңыз көп болсын!
Қайырлы күн!
Күндеріңіз сауапты істерге толы өтсін!
КІММЕН АҚЫЛДАСУ КЕРЕК?..
Лұқман хәкім баласына былай насихат айтқан екен.
"Балам! Тәжірибесі мол кісімен ғана ақылдас! Себебі ол өзіне қымбатқа түскен ойын, тәжірибесін саған береді. (Бұл бір жағынан, екінші жағынан) сен ол ойды тегін аласың".
Қайырлы күн!
Күндеріңіз сауапты істерге толы өтсін!
НАСИХАТ..
"Мына екеуі мұсылман кісінің бойында мәңгі болмайды. Олар: Жастығы мен күш-қуаты.
Мына екеуінің кез келген мұсылманға пайдасы тиеді. Олар: Көркем мінез бен кеңпейілділік.
Мына екеуі кез келген мұсылманның абыройын көтереді. Олар: Кішіпейілділік пен өзгенің мұқтаждығын өтеу.
Мына екеуі басқа келер кез келген бәлені қайтарады. Олар: Садақа мен туыстық қатынасты үзбеу".
Сахаба Әли ибн Әбу Тәліп (Алла оған разы болсын).
Қайырлы күн!
Күндеріңіз сауапты істерге толы өтсін!
САДАҚАНЫҢ САУАБЫ...
"Сауапты істер өз араларында бір-бірінің артықшылықтарын айтып мақтанады екен. Садақа сөз алып: " Арамыздағы ең абзалы мына менмін" дейді екен.
Сахаба Омар ибн Хаттаб (Алла оған разы болсын).
Қайырлы күн!
Күндеріңіз сауапты істерге толы өтсін!
КІМНЕН АЙЫРЫЛЫП ҚАЛМАУ КЕРЕК?
Хәкімдерден қалған мынадай сөз бар екен.
"Мына төрт кісіден айырылып қалма! Олар:
1. Ашуға мінгеніңде төзімділік көрсетіп, ашуыңды көтере білген кісіден
2. Сен жоқ жерде сені жақтап, сөзіңді сөйлеген кісіден.
3. Қайғырып жүргеніңде, көңіліңді тапқан кісіден.
4. Зұлымдық көріп, жапа шегіп жүргеніңде қолдау көрсеткен кісіден".
Қайырлы күн!
Күндеріңіз сауапты істерге толы өтсін!
ЖАМАН СӨЗ ЕСТІГІҢІЗ КЕЛМЕСЕ...
Өзі таз Шəрик əл-Хариси түсі қара бір күңге қарап: "Ей, қара қатын! Сен кімнің күңісің?" деп сұрайды.
Күң: " Ей, таз! Мен пəленше ұлы түгеншеге тиесілі күңмін" деп жауап қатады.
Таз деген сөзге Шəрик шамданып: "Сен неменеге ашуға мініп тұрсың? Түсің шынымен-ақ қара емес пе?! дейді. Күң: "Таз деген сөзді сен де көтере алмай тұрсың ғой. Сенің ашуыңды ақиқат тудырды. Ал ақиқат ашты болады. Бұдан былай былапыт сөз естігің келмесе біреуге бейпіл, əдепсіз айтпа!" деген екен. Күндеріңіз сəтті өтсін!
ДҰҒАНЫҢ ҚАСИЕТІ...
Ертеректе ғұмыр кешкен әулие-ғалымдардың бірі былай деген екен.
"Кез келген нәрсе түбінде кетеді. Қайтып келмейді. Тек "дұға" ғана үмітпен кетіп, міндетті түрде алуан түрлі "нығмет" болып оралады".
Жұмаңыз мүбарак болсын!
Жұма күні жасаған дұға-тілектеріңізді Жаратқан Жаббар Ием қабыл етсін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Әрбір мұсылманның отбасына бақ, береке дарысын!
ҚАНДАЙ ЖЕРДЕ ШЕГІНШЕКТЕП КЕЙІН ТАРТЫНУ КЕРЕК?...
Хәкімдерден қалған мынадай сөз бар екен.
"Мына үш жерден басқа жерде тартынып шегіншектеу "қорқақтық". Олар:
1. Нәтижесіз, пайдасыз "таластан" тартыну.
2. Келешегі жоқ, нашар "қарым-қатынастан" тартыну.
3. "Қадіріңді білмейтін" жерден тартынып аулақ жүру".
Қайырлы күн!
Күндеріңіз сауапты істерге толы өтсін!
АДАМДАР ҚАНДАЙ БОЛАДЫ?
Арабтың әйгілі шешені Әйюб ибн Қириядан (Алла оны рақымына бөлесін) мынадай сөз қалған екен.
"Адамдардың үш түрі бар. Олар:
1. Ақылды. Мұндай адамның діні - шариғат. Ұстамдылық - мінезі. Дұрыс ой - қасиеті. Сөйлесе дөп тигізіп сөйлейді. Тыңдаса, түйсініп тыңдайды. Оған қарата сөз айтылса міндетті түрде жауап береді.
2. Ақымақ. Сөйлесе аузы көпіріп лағып кетеді. Біреуге ақыл айтса қорқытып сөйлейді. Ойынан қайту талап етілсе, ойынан тайқып кетеді.
3. Пасық. Сенім артсаң қиянат жасайды. Жанына ерсең абыройыңды төгеді".
Қайырлы күн!
Күндеріңіз сауапты істерге толы өтсін!
ХӘКІМДЕРДЕН ҚАЛҒАН МЫНАДАЙ СӨЗ БАР.
"Мына үшеуі осы үшеуінің қолына өтсе еш пайдасы болмайды. Олар:
1. Сараңның қолындағы дүние-мүлік.
2. Қорқақтың қолындағы қылыш.
3. Мұнафықтың қолындағы қалам".
Қайырлы күн!
Күндеріңіз сауапты істерге толы өтсін!
АҢДАМАЙ СӨЙЛЕГЕН...
Бір шайыр бір жиында шалқып отырып әйелдердің қытығына тимекші болып бекініпті. Дереу сөз алып: "Негізі Алла Тағала әйел баласын сұлу қылып жаратқанмен, ақылын кем еткен" депті. Шайырдың сөзін естіген сол жиында отырған әйелдің бірі мүдірместен: "Иә, дұрыс айтасың. Бізді сендер сүйсін, жақсы көрсін деп әйел баласын Алла сұлу етіп жаратқаны рас. Енді сендерді де біз сүйсін деп ақылымызды кемдеу жаратқаны да рас" деген екен.
Қайырлы күн!
Күндеріңіз сауапты істерге толы өтсін!
ҰЯЛУ КЕРЕК...
"Біліп қойыңдар! Сендердің əрбір жасаған іс-əрекеттеріңді жазып сақтайтын періштелер бар. Солардан ұялыңдар!".
Сахаба Омар ибн Хаттаб (Алла оған разы болсын).
Қайырлы күн!
Күндеріңіз сауапты істерге толы өтсін!
БАУЫРМАЛДЫҚТЫ НЕ АРТТЫРАДЫ?
"Мұсылман бауырыңның саған деген сүйіспеншілігін таза, саф ұстайтындырға мыналар жатады.
1. Онымен жолыққаныңда одан бұрын оған сəлем беруің.
2. Оған ең сүйікті есіммен оны шақыруың.
3. Мəжіліске келгенде орын беруің".
Сахаба Омар ибн Хаттаб (Алла оған разы болсын).
Қайырлы күн! Күндеріңіз сауапты істерге толы өтсін!
СЫРТЫМ СҰЛУ БОЛСЫН ДЕСЕҢІЗ..
"Ішкі жан дүниелеріңді түзеңдер! Сыртқы бейнелерің соның негізінде өзі-ақ түзеледі".
Сахаба Омар ибн Хаттаб (Алла оған разы болсын).
Жұма мүбарак болсын!
Алла Тағала жасаған дұға-тілектеріңізді қабыл етсін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
ЗІКІР...
"Алланы зікір етуге күш салыңдар! Себебі (зікір) дерттеріңе шипа. Адамдар жайында сөз қозғаудан аулақ болыңыздар! Себебі ол (жазылмас) дерт".
Сахаба Омар ибн Хаттаб (Алла оған разы болсын).
Қайырлы күн!
Күндеріңіз сауапты істерге толы өтсін
БІЛІМ...
"Ұстамдылық пен байсалдылықты үйреніңдер! Білім алған (ұстаздарыңа) кішіпейілділік көрсетіңдер! Сондай-ақ білім үйрететін (шəкірттеріңе) кішіпейілділік танытыңдар!".
Сахаба Омар ибн Хаттаб (Алла оған разы болсын).
Білім күні құтты болсын! Алла Тағала елімізден ғұламалардың көптеп шығуын нәсіп етсін!