БАЙҚАЙСЫЗ БА?

06 қазан 2025 898 0
Оқу режимі

*Кітап көп- ұғары жоқ,

Тағам көп- құнары жоқ.

 

*Дос көп- сенім жоқ,

Бай көп- берім жоқ.

 

*Шоу көп- алары жоқ,

Ұйым көп- жарары жоқ.

 

*Ақша көп- береке жоқ,

Той көп- көңілде мереке жоқ.

 

*Әйел көп- ақ жаулық жоқ,

Дәрі көп- денсаулық жоқ.

 

*Үлкен көп- ұлағат жоқ,

Қария көп- қырағат жоқ.

 

*Заң көп- көмек жоқ,

Салдар көп- себеп жоқ.

 

*Уәде көп- тұрақ жоқ,

Нала көп- құлақ жоқ.

 

*Бала көп- балалық жоқ,

Айту көп- саналық жоқ.

 

*Туыс көп- туыстық жоқ,

Туған көп- жұғыстық жоқ.

 

*Келісім көп- тыныштық жоқ,

Сұхбат көп- ұғыстық жоқ.

 

*Жолдас көп- сыйластық жоқ,

Бауыр көп- қимастық жоқ.

 

*Жемқорлық көп - құрықтау жоқ,

Дәстүр көп- ұлықтау жоқ.

 

*Сұлу көп- сұлулық жоқ,

"Жаным" көп- жылулық жоқ.

 

*Еркек көп- айбат жоқ,

Азамат көп- қайрат жоқ.

 

*Арыз көп- шешім жоқ,

Жиналыс көп- кесім жоқ.

 

*Құрылыс көп- үй жоқ,

Байлық көп- күй жоқ.

 

*Ұсыныс көп - қолдау жоқ,

Озбырлық көп- қорғау жоқ.

 

*Ақ көйлек көп- пәктік жоқ,

Уәде көп- нақтық жоқ.

 

*Сөз көп- дуасы жоқ,

Ұрлық көп- куәсі жоқ.

 

*Өтірік көп- дерегі жоқ,

Ақпарат көп- керегі жоқ.

 

*Дүние көп- құны жоқ,

Кемшілік көп- сыны жоқ.

 

*Өнер көп- өресі жоқ,

Көз көп- көресі жоқ.

 

*Әже көп- әлдиі жоқ,

Әнші көп- ән- күйі жоқ.

 

*Мектеп көп- сауат жоқ,

Сұрақ көп- жауап жоқ.

 

*"Бықсыма" көп- жалын жоқ,

Жастар көп- арын жоқ.

 

*Шекпенді көп- тектілік жоқ,

Би- төре көп- бектілік жоқ.

 

*Жер көп- жайылым жоқ,

Есер көп- қайырым жоқ.

 

*Төсек көп- неке жоқ,

Айтушы көп- жете жоқ.

 

*Келін көп- ибасы жоқ,

Тастанды көп- қимасы жоқ.

 

*Ысырап көп- обал жоқ,

Бассыздық көп- "доғар!" жоқ.

 

*Кәрі қыз көп- күйеу жоқ,

Қиналған көп- сүйеу жоқ

 

*Маман көп- білімі жоқ,

Сақалды көп- ілімі жоқ.

 

*Ата көп- батасы жоқ,

Өнім көп- сапасы жоқ.

 

*Момын көп- "дымы" жоқ,

Ақын көп- үні жоқ.

 

*Арман көп- ұмтылыс жоқ,

Бөсу көп- бір тың іс жоқ.

 

*Отау көп- құндағы жоқ

Бұрымды көп- "жұмбағы" жоқ.

 

*"Майда" көп- "ірі" жоқ,

Әйел көп- "пірі" жоқ.

 

*Құлақ көп- жиғаны жоқ,

Пенде көп- иманы жоқ.

 

*Дүние_ай, тұрағы жоқ,

Өмір бұл- сұрағы көп.

 

Келісесіз бе?

 

Нұртөре ЖҮСІП

Пікірлер Кіру