Бесіктің берекеcі

30 мамыр 2020 7095 0
Оқу режимі

Қазір біздің балаларымыз бесікті  «манежбен», түбекті  «памперспен», ана сүтін «қосымша тағамдармен» алмастырған «жасанды» заманда өмір сүріп жатыр.

Ал артына өшпес із қалдырған Абай, Шәкәрім сынды заңғар  тұлғаларымыз дәл осы бесікте іңгәлап, бесік жырымен сусындап өсті емес пе? М. Әуезовтың «Ел болам десең - бесігіңді түзе» дегенін құп көретін халқымыз тәрбиенің тап осы бесіктен бастау алатынын жете түсінген қандай көреген десеңізші?!

Ендеше, осы қасиетті бесігіміздің қандай пайдалары бар?

1. Бесікте баланың аяқ-қолы байлаулы болғандықтан, тыныш ұйықтап, сабырлы болуына көмектеседі. Ал қолға үйренген бала мазасыз, күйгелек болады.

2. Шүмектегі сәби таза және құрғақ жатады. Жылы, құрғақ болғаны -  ауырмауының кепілі.

3. Баланың аяқ-қолы мен денесі түзу, ширақ болып өседі.

4. Жылы «үйінде» жатқан бөбегіңізге түрлі вирустар мен инфекциялар жоламайды.

5. Бесік жырын тыңдап өскен сәбидің жүйке жүйесі жақсы дамиды.

6. Бесік жыры – баланың бойына рухани тәрбие мен Ислам құндылықтарын қалыптастырудың негізі болып табылады.

Тағы айтарымыз, бесік – қасиетті Құранда аты аталған бұйым. Алла Тағала әкесіз туылған Иса пайғамбар (ғ.с.) туралы мынадай аят түсірген: «Ол бесігінде де, ержеткенде де адамдарға сөйлейді. Әрі ізгілерден болады»[1]. Осы аяттағы «мәһд» деген сөзді көп тәпсіршілер «бесік» деп түсіндірген. Араб тілінен аударғанда, бұл сөздің түбірі «төсеу», «түзету» деген мағыналарды білдіреді.

 


[1] «Әли-Имран» сүресі, 46-аят.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру