БЕТАШАР

29 наурыз 2024 1822 0
Оқу режимі

Беташар -бағзыдан келе жатқан дәстүріміздің бірі. Өзінің туған отауынан ата-анасының ақ батасын алып, жаңа босағаны оң аяғымен аттап кірер алдында жасалатын қазаққа ғана тән ғұрып. «Келін келді көріңіз, көрімдігін беріңіз» деп «екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-сәл кем бұраған» домбырасын қолына алып, әуелете әнге салып, бірде шалқытып, бірде балықтан ақын жігіт жыр шашумен жас келінді жаңа жұртымен таныстырады.

Онда да бүгінгі беташардағыдай бірінен бірі жаттап алып, сылдыратып айтып, жүрген сұйық сөз емес, сөзінің мәні терең, ойы қорғасындай салмақты ғибратқа толыболмақ керек. Неге десеңіз, қазақ елі сөз қадірін өз қадірінен биік қойған халық. «Жақсы – сөз жарым ырыс» деген қағыданы берік ұстанған жұрт. Тектілігінің тамыры тереңде жатқан ел деп өлеңге қосып, қайын жұртының мерейін тасытып, мәртебесін асырып жатса, көркемдігі жарасқан кесте жырға сүйініп, қасы көзі қиылып, сәлем салып иіліп тұрғанының өзі келіннің ибалығының бейнесін көрстпей ме? Және беташарға қазірдегідей үлкен тойға шақырылған екі жүз, үш жүз адам емес, ет-бауыр жақындары туған туыстары ғана қатысқан.

Келіннің келуі жекжат-жұрат, дос-жаранға да ортақ қуаныш болғанымен беташар негізі сол әулетті таныстыруға арналған салт. Ал қалған ағайын отыз күн ойын, қырық күн тойында жақсылығына ортақ болған екен. Қазір заман басқа, уақыт талабы бөлек. Айлап тойлап жүретін мүмкіндік жоқ. Жүзден үш жүз, оңтүстік өңірлерден бес жүзден жеті жүзге дейін адамның басын қосып, айналасы алты сағаттың ішінде атқарып тастап жүрген жайымыз бар. Кешегі кеңестік қоғамның әкелген өзгерісі болуы керек, әйтпесе атам қазақ келіннің бетін түскен күні ашпайтын ба еді. Осы үрдіске қазіргі таңда қайтып оралып келе жатқандаймыз. Бірақ әлі де болса сол баяғы әдетіміз толығымен қала қойған жоқ. Соның салдарынан ағайын туыс түгелдей көріп болғанда, үлкен тойдың үстінде келіннің бетін ашып жатамыз. Оған дейін кемінде бір-екі апта немес үш-төрт айды араға салып жібереміз. Ал ақылға салып, ақиқатын айтар болсақ, беташардың қай кезде болатынын игі дәстүрдің аты айтып-ақ тұр емес пе? Негізі осы салтымыздың сәні мен мәнін кетірмей дер кезінде орындағанымыз абзал. Келін түскен сәттің қызуы мен қызығы да шашудың шашылғаны мен беттің ашылғаны болмай ма? Ал енді беташардың жолын беру ол да тарихтан тәбәрік.

Аталар өміріне, яғни өткеннімізге зер салсақ, бұрындары беташар айтқан жігітке атымтай жомарттары ат мінгізіп, шапан жауып, қасқыр ішік, түлкі тымақ тастап құрмет көрсетсе, басқалары да қал-қадерінше ақын жігітке жоралғы жасап, мәресәре болып жатады екен. Санына тұрмыс билеген мына заманда салтымыз да қою тұманның ішіне сіңіп кеткендей. Қазіргі беташар бетіне орамал салынға бір табақтың айналасындағы «әләуләй мен халәуләйдің» арасыда ғана өтіп жүр. Ең бастысы табақ толы көңіл тоқ. Дәстүрімізді жаңғыртайын деп тойына жаңалық енгізіп, игілікті іске бастамашы болып жатқан ешкім жоқ. Асабаға келісілген үстіне қосып берейін дей ме, әйтеуір табақ қойғызбауымен ғана шектеліп келе жатыр кейбіреулері. Нәтижесінде қандай той болмасын жаттанды болған таптаурын ұйымдастырушылықтың аясында қалып қойып ас ішіп, аяқ босатудан аса алмауда. Жарайды, тойдың қалай өтуі бөлек әңгіме.

 «Бетіңді келін ашқаным, жаңа жұртқа қосқаным» деп басталатын «беташар» дәстүрінде ең алдымен ауыл ақсақалдары мен ақсамай әжелерімізге сәлем салды жас келін. Мұның өзі қарияларымыздың көңілін көкке көтеріп, туыстықтың іргесін нықтай түсетіні де рас. Келесі кезекте ұлдың әке-шешесіне сәлем беріп, алғысын алады. Бұл ата-анаға жасаған алғашқы құрметтің бірі әрі шариғатымызбен да біте қайнасып жатыр. «Ата-ананың разылығы – Алланың разылығы» деген Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисіне амал болып шығады. Ұлдың әке-шешесі жаңа түскен келіннің екінші ата-анасы емес пе? Оларға сәл ғана бас иіп, ишара жасап, ризашылығын алудың өзі де жарасымды көрініс. Сәлем салу дегеніміз келіннің келген жеріндегі ата-ана, ағайын туысына деген құрметінен туындаған салттың бірі. Осы арқылы ағайын арасы тіптен жақындай түседі. Ал туыстықтың ара жігін ажыратпай, бірлігін сақтау ол да парыз.

Әсілі, «Қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса».Бетті қашан, қалай ашады әркімнің өз еркінде екені рас. Менің айтпағым, қазақ боп жаратылған соң, өзіміздің ұлтымызға тән атадан балаға мұра болып келе жатқан әдет-ғұрпымыздың бағасын білейік деген ой ғана. Әйтпесе, әр ұлдың өз теңін тауып, шаңырық көтергендегі ең алғашқы қуанышы саналатын «Беташар» дәстүрі үйлену тойды бастау үшін ғана керек сияқты дәрежеге жетті. Ойланып көріңіз.

 

Ж.Оспанұлы 

 

 

Пікірлер Кіру