Білімді адамға берілетін 10 қасиет

29 қаңтар 2020 7677 0
Оқу режимі

Егер сен бұл заманда ілім алушылардан немесе ілім берушілерден болсаң, пайғамбарлардың мирасқорлары деген мәртебеге жеткенің. Бұл турасында пайғамбарымыз (c.ғ.с.): «Шынында, ғұламалар пайғамбарлардың мирасқорлары, пайғамбарлар динарды да, дирхемді де мұра ретінде қалдырмады, олар ілімді мұра етіп қалдырды. Кімде-кім оған қол жеткізсе, үлкен үлеске қол жеткізгені».

ІЛІМ - ТАУСЫЛМАЙТЫН ҚАЗЫНА, ДҮНИЕ - ҚОЛДЫҢ КІРІ

Адамды адам ететін, оны биік дәрежеге апаратын оның дүние-мүлкі емес, оның артында қалдырған білім қазынасы. Сахабалардың ішіндегі Әбу Һурайра (р.а.) ең кедей сахабалардың бірі еді, тіпті кейде қарны қатты ашқаннан құлап қалатын кездері болатын. Алайда, оның есімін пайғамбарымыздың (c.ғ.с.) мүбарак хадистерін келтірген кезде айтпай кетпеу мүмкін емес. Осы орайда Пайғамбарымыздың (c.ғ.с.) мүбарак хадисінде былай деп айтылған: «Адам баласы дүниеден өтсе, оның амалының барлығы үзіледі, тек үш түрлі амалы үзілмейді: жария берген садақасы, артынан қалдырған пайдалы ілімі, оған дұға жасайтын салихалы ұрпағы».

ІЛІМ ҚАРАУЫЛҒА МҰҚТАЖ ЕМЕС

Тал бесіктен жер бесікке дейін ілім алған адам жиған ілімі біреудің қолында кетеді деп еш уайым шекпейді, оған қарауыл қоймайды, құлыптамайды, өйткені ілімнің мекені ол жүрек. Жүрегін күнәмен ластамаса ол ілім оны ешуақытта тәрк етпейді. Ал дүние жиған адам болса, сол тірнектеп жинаған байлығын біреу қолды ете ме деп күні-түні уайымдап, соны сақтап қалудың қамын ойласа, ілім адамды өмір бойы неше-түрлі қауіп қатерден сақтайды.

ҒАЛЫМДАР ТУРАЛЫҚҚА КУӘЛІК БЕРУШІ АЛЛАНЫҢ СҮЙІКТІ ҚҰЛДАРЫ

Бұл турасында Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде былай айтады: «Алладан басқа тәңір жоқ, бұған ең алдымен Алланың Өзі куә. Сондай-ақ, барлық періштелер мен шынайы ғалымдар да турашылдық пен әділдікті ұстана отырып, (осынау ақиқатқа куәлік етті). Алла және оның періштелерінен кейін ғалымдардың куәлік беруі -  ғалымдарға берген Алланың үлкен сыйы, әрі мәртебесі.

АЛЛА ҒАЛЫМДАРҒА БАҒЫНУДЫ ӘМІР ЕТЕДІ

Алла Тағала адам баласын ең алдымен өзіне және пайғамбарына (c.ғ.с.) және әмір иелеріне бағынуды бұйырады. Оған дәлел Алла Тағала Құран Кәрімнің мына аяты: «Уа, иман еткендер! Аллаға бағыныңдар, Елшіге бағыныңдар, сондай-ақ, өз араларыңнан (өздерің сияқты мүмін) болған басшыларыңа бағыныңдар».

Құран аятында келген «Улул амр» (басшы) жайында ғалымдарымыз «олар ел басқарған  басшылар мен үммет ғалымдары» деген.  

АЛЛА КІМГЕ ҚАЙЫР ҚАЛАСА, ҒҰЛАМАЛАРДАН ЕТЕДІ

Адамның Алла разылығы үшін ілім жолына түсуі оған деген Жаратушының ерекше ілтипатынының нышаны. Бұл жайында Пайғамбарымыз (c.ғ.с.) мүбарак хадисінде: «Алла егер кімге қайыр қаласа, дін ілімін үйретеді», - деген.

ІЛІМ ЖОЛЫ - ЖӘННАТҚА АПАРАР ЖОЛ

Ілім жолына түскен пенденің Алла Тағала жәннатқа апарар жолын жеңілдетеді. Оған дәлел пайғамбарымыздың мына хадисі: «Кімде-кім ілім алу мақсатында жолға шығатын болса, оның жәннатқа апарар жолын жеңілдетеді».

ІЛІМ ИЕЛЕРІ АҚЫРЕТТЕ ДЕ, ДҮНИЕДЕ ДЕ ДӘРЕЖЕСІ ЖОҒАРЫ БОЛАДЫ

Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде: «Сонда Алла араларыңдағы шынайы иман еткендердің, әсіресе, өздеріне ілім берілген білімпаздардың дәрежесін еселеген үстіне еселей түседі. Алла сендердің не істеп, не қойып жүргендеріңнен толық хабардар»[7].

Білімді адамның дәрежесі ақыретте биік болғандай, бұл дүниеде мәртебесін өсіріп, абыройын асқақтатады. Ол бейне қараңғы қапаста шырақ ұстаған адам секілді.

ҒАЛЫМДАР АЛЛАДАН ШЫНАЙЫ ТҮРДЕ ҚОРҚАДЫ

Раббысын танып, Алла алдындағы өзінің міндетін түсінген адамның Аллаға деген қорқынышы да көбірек болады. Ақиқат ілімінен дәм татқан аталмыш пенденің харам істерге баруға қарсы иммунитеті қалыптасады. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Шынында, Алладан құлдарының арасында тек ғұламалар ғана шынайы қорқады», - деу арқылы ғалымдардың шынайы тақуа құлдар екенін меңзеуде.

ҒАЛЫМДАР МЕН ҚАРАПАЙЫМ АДАМДАР АРАСЫНДАҒЫ АЛШАҚТЫҚ

Алла Тағала қасиетті Құран аятында: «Білгендер мен білмегендер тең бе?» деп айт, - деп бұйырады. Білімділер мен білімсіздердің ара жігін пайғамбарымыздың (c.ғ.с.) мына хадисі айқын баяндап тұр: «Ғалым мен қарапайым құлдың арасы менімен сендердің ең төмендегілеріңнің арасы секілді».

Хамзат ҚАЖЫМҰРАТҰЛЫ
ҚМДБ «Насихат және қоғаммен байланыс»
бөлімінің маманы

 

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру