БІЛІМДІ БОЛУ ДЕГЕН ИМАНДЫ БОЛУ

02 ақпан 2024 1528 0
Оқу режимі

Тұманда қалған кезіңізді елестетіңізші. Көзіңізге түк көрінбей, жан-жаққа қараумен боласыз.Бірақ ешнәрсе көре алмайсыз. Жанымыздың сол секілді  қалың тұманда адасып жүргендей күй кешетін, қысылатын кезі болады. Сонда өмірдің мәнін ұғынуға тырысып,көбелектей шыр айналып,басымыз қатады. Ежелден келе жатқан осы сұраққа жауап айтып  небір кітаптар жазылды. Адам нәсіліне ортақ  мен не мақсатпен жаралдым деген толғаныстың сыры - дүниенің байыбына бару. Санадағы самсаған сұрақтың жауабын тауып,ақиқатты білуде жатыр.

Өмірден мән іздеу ес кірген кезде басталатын процесс. Адамда оқып -жаза алатын дағды қалыптасқаннан бастап    ой толыға береді.Неғұрлым бұл процесс ерте басталса Құдайды тану есігі де ерте ашылады. Иә,барлық адам іздеп жүрген «мән» түбі құдыретті жаратушыға әкеп тірейді. Алла Тағаланың жаратқанын түсіну бұл ақылдың ісі. Кемеңгер Абайдың:

Ақылды адамға иман парыз,

Иманды адамға ғибадат парыз,- деген сөзі осы ойымызды аша түседі.

Адам Құдайды тануда ғылым-білімнің қажеттілігін бағалай алса, және үйренетін болса, өмірдің көптеген жасырған сырына қанығушы еді. Жан дүниенің байлығының  бірінші орында тұруы-  баяндылығынан. Ізінен кетсең  түбінде байлық баянсыз болып шыға келмей ме?Тән де бірқалыпта тұрмайды. Сұлулығы кетіп,ескіреді. Тек ол ғана емес жанға жинаған даналықтың,материалдық байлықтан артық болуының көптеген игіліктері бар. Оны грек философы Сократтың сөзімен қанықтырсақ:  «Адам жан дүниесімен бай. Адамның жаны қандай күйде болса, адам өмірінің игілігі соған байланысты болады» Оқуға Құран аяты да айрықша мән береді:. «Оқы! Сені жаратқан Раббыңның атымен оқы! Ол адамды ұйыған қаннан жаратқан. Оқы! Раббың аса ардақты.  Ол қаламмен (хат жазуды) үйретті. Адамға білмеген нәрселерді білгізді», «Алла араларыңдағы иман келтіргендер мен ғылымда тереңдегендердің дәрежесін көтереді»

 Адам ақылы  ізденумен, үйренумен жүре бара толысады.Гректерде  жыл мезгілінің күнтізбесін жасап жаңалық ашқан  Фалес деген данышпан болған.Фалестің ол жаңалықты ашуы Мысырда алған білімінің жемісі еді.Яғни толымды ақыл,парасат-пайым қыруар ізденіспен келеді.

Бүгінде қазір техника заманы деген ойды алға тартып,  кітап оқуды ескіліктің нышаны деп менсінбей қарайтын адамдарды байқаймыз. Әрі материалстік сана адамды жаулап алғанын көруге болады. Ондайда рухани құндылық көміліп қалады. Ішіп-жеу, ойнап-күлу, көбеюді ғана ойлау, тек сол үшін қарекет ету ең төмен сана белгісі. Ойшыл Шәкәрім:

Адамның сыртқы дене жаралысы,

 Нәпсісі – айуанмен анық теңдес.

 Бөлектігі – жалғыз-ақ таза ақылда,

Әлің келсе, жол тап та осыны емдес!    

Бұл жерден өнер біліп,адал еңбекпен нәпақа табу жайын емес,  дүние табуға ықыласы  өз шегінен шығып, құнығып кеткен адамның сынға ұшырап жатқаны көрінеді. Бірді екі қылам деп жүргенде  адамның руханиятқа мән беруге  уақыты да жетпейді. Сөзіміздің басында келтіргендей қалың тұман ішінде  қала береді.Ұрлық-қарлық,адам өлтіру,оның аяусыз түрлері,жетімдер,қарттар үйі,ұрыс-керіс,өскек-аяң, т.б жаман істер соның жемісі. .Қиындық келсе шорт сынып, өзің өлтіре салатын қанымызда жоқ кесел де салихалы сөз тыңдап көңілге тоқи алмаған жанның қуыстығынан. Рухани байығанда адам осы сынды қараңғылықтан арылып,  іздеген ақиқатына жетеді.Имандылық  артып,қатыгездік азаяды. Толстойдың сөзімен айтсақ адамзаттың айналып келіп ақырында аяқ тірер ақиқаты исламға келеді.

Тұмар ҚАЙРАТҚЫЗЫ,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті

 

Пікірлер Кіру