БІР ІШЕК

15 наурыз 2024 2166 0
Оқу режимі

Баяғыда интернатта оқып жүріп ауылға келгенімде, анам барлық жылы-жұмсағын алдыма тартып, «же-жеге» салатын. Интернаттың нормасына үйреніп қалған мен көп жей алмай, шұқылап қана қойғанымда, анам: «Бір ішек боп қапсың ғой, балам-ау», – деуші еді.

Сөйтсем, «бір ішек болу» деген сөз Пайғамбарымыздың (с.а.у.) мына хадисінен келеді екен ғой: «Мү’мин бір ішекпен, ал мұнафиқ жеті ішекпен жейді», – дейді ардақты Елшіміз.

«Яғни, мұнафиқтың (екіжүзді) араны мен тамақ жеуі – мү’миннің тамақ жеуінен жеті есе көп деген сөз», – дейді Имам Ғазали. Сөйтеді де бізге аз тамақтанудың келесідей пайдаларынан сөз етеді:

«Бесінші пайдасы: Барлық бақыттың басы – адамның өз нәпсісін тізгіндеуі және оны өз билігіне алуы.

Ал барлық бақытсыздықтың басы – нәпсілік қалауларының құлы болу.

Жыртқыш және жабайы аңдар аштықпен үйретілгені секілді адамның нәпсісі де аштықпен, оразамен тәрбиеленеді.

Барлық жамандық пен күнәлар шәһуаттан келеді. Ал шәһуаттың қайнар көзі – тоқтық.

Хазіреті Айша (р.а.): «Пайғамбарымыздан (с.а.у.) кейін шыққан ең алғашқы бидғат – тыңқия тамақ жеу», – деген.

Көп тамақтанған жан көп сөйлеп, көп өсек айта бастайды.

Қалаулары көбейеді.

Өзгелердің кемшіліктерін іздеумен айналысады.

Ұятты жерін арсыздықтан қорғаса да, көзін харамнан қорғай алмас болады.

Аз тамақтану және аш қалу арқылы адам өзін бұл бәлелердің бәрінен қорғай алатын болады».

Жалпы, бүркіт баптайтындар жақсы біледі, бүркітті қолға үйрету үшін оған томаға кигізіп, теңселмелі бақанға отырғызып, әлгі бақанды тыныштық бермей жіппен әрі-бері тербетіп, бүркітті бірнеше күн аш және ұйқысыз қалдырады. Бүркіт әлсіздіктен талықсып құлаған кезде ғана қолға үйрене бастайды.

Дәл осы секілді нәпсі де – қолға үйретілмеген, асау, жабайы бір аң тәрізді. Оны қолға үйрету үшін де айналадан бір сәтке оңашалап, жүректің тұнығын лайлайтын көз, асқазан, құлақ секілді каналдарды жауып, аш және ұйқысыз қалдыру керек. Сол кезде ғана нәпсі айтқанға көніп, айдағанға жүретіндей жағдайға келеді.

 

Saltan Sayranuly Saken

 

Пікірлер Кіру