Бір жылға татитын сауапқа кенелгің келе ме?..
Аллаға шүкір, айлардың сұлтаны – Рамазан айын аман-есен шығарып салдық. Бұл айға жеткен де бар, жетпеген де бар. Сондықтан да, жеткендеріміз Алланың бұл нығметіне сансыз шүкірлер айтамыз. Бұл қасиетті айдан кейін келетін ай – Шәууәл деп аталады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
مَنْ صَامَ رَمَضَانَ ثُمَّ أَتْبَعَهُ سِتًّا مِنْ شَوَّالٍ كَانَ كَصِيَامِ الدَّهْرِ
«Кімде-кім Рамазан айының оразасынан соң Шәууәл айында 6 күн ораза ұстаса, бір жыл ораза ұстағандай болады»[1], – деп үмбетіне сансыз сауаптың көзін көрсетеді. Бұл Шәууәл айының алты күндік оразасы мен Рамазан айының оразасын қосқанда бір жылдық сауапқа тең келетінін ғалымдар Алла Тағала: «Кімде-кім бір жақсылық жасаса, оған оның он есе қарымы беріледі» – деген аятын негізге алып түсіндіреді. Яғни, Рамазан айындағы отыз күн мен Шәууәл айындағы алты күн қосылғанда, отыз алты күн болса, бұл сан он еселеніп, үш жүз алпыс күн болады. Жыл он екі айдың сауабы, міне, осыдан шығады.
Рамазан айындағы ораза парыз оразаға жатса, одан тыс уақыттарда ұсталатын оразалар ретіне қарай уәжіп, нәпіл, мәкрүһ оразалар болып бөлінеді. Шәууәл айында алты күн ораза ұстау – сүннет.
Бұл оразаны сол айдың ішінде кез келген күні үзбей бірінен кейін бірі немесе бөліп-бөліп 6 күн ұстауға болады. Бірақ айттың артынша ұстап бітірген абзал.
Дереккөз: muslim.kz