БІРІНШІ ТІЛЕК ТІЛЕҢІЗ БІР АЛЛАҒА ЖАЗБАСҚА

27 мамыр 2024 2172 0
Оқу режимі

Тілімізді кәлимаға келтіріп: «Алладан басқа құдай жоқ» деп айтқанымызда, Жаратушының бар екендігімен қатар Оның бірлігін мойындау– асыл дініміз Исламның басты негізі. Алла Тағала қасиетті Құранның «Зәрият» сүресі, 56-аятында:

«Мен жындар мен адамзатты тек қана Өзіме құлшылық етсін деп жараттым», – деп айтқан. Ибн Аббас (Алла оған разы болсын) бұл аятты: «Алла Тағала жындар мен адамзатты Өзін бір деп білу үшін жаратты» деп түсіндірген.

Алла Тағаланың зати сипаттарының бірі – уахданият. Бұл сипат «біреу», «жалғыз», «дара» деген мағынаны білдіреді. Яғни, Алла Тағала затында, барлық сипаттары мен істерінде жалғыз, біреу. Оның ортағы, серігі, теңдесі жоқ. Ұлы Алла көбеюден, азаюдан, бірігуден, бөлінуден, ажыраудан пәк. Өйткені, бұның бәрі – кейіннен жаратылғандардың ерекшеліктері. Алла Тағала бұндай нұқсан, кемшілік сипаттардан ада әрі жоғары.

Сопы Аллаяр Алла Тағаланың бірлігі турасында: «Құдай Тағала бір, Оның бірлігіне шүбә жоқ. Оған серік қосу және айып тағу дұрыс болмайды», – деген.

Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) алғашқы Мекке кезеңіндегі насихатының басты тақырыбы да осы Алла Тағаланың жалғыздығы турасында болатын. Өзінің саңлақ сахабаларын дін насихаты үшін өзге жерлерге жібергенде ең бірінші Алла Тағаланың жалғыздығын айту керектігін үйрететін. Мысалы, Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Мұғаз ибн Жәбәлді (Алла оған разы болсын) Йемен еліне жіберген кезде оған: «Сен кітап иелері қауымына бара жатырсың. Оларды ең бірінші «Алладан басқа құдай жоқ» деген сөзге куәлік етуге шақыр.  Егер олар саған осы мәселеде бағынса, онда оларға Алла Тағаланың әр күн мен түнде бес уақыт намаз оқуды парыз еткенін хабардар ет. Егер де олар саған осы мәселеде де бағынса, онда оларға Алла Тағала олардың ауқаттыларының кедейлеріне берілетін зекетті парыз еткенін хабар ет», – деп айтқан (имам Бұхари, Муслим).

Діні мен дәстүрін қатар алып жүрген ата-бабаларымыздан қалған нақыл сөздерге, би-шешендеріміздің өсиеттеріне, ақындар мен жыраулар поэзиясына  назар аударсақ, Жаратушының жалғыздығын, Оған еш затты теңеуге, ұқсатуға болмайтындығын барынша насизхаттағанын аңғаруымызға болады. Мысалы, Жүсіп Баласағұни бабамыз «Құтты білік» дастанын:

«Алла атымен бастадым сөз әлібін,

Жарылқаған, жаратқан бір Тәңірім», – деп бастаған.

Хәкім Абай: «Біз Алла Тағала «бір» дейміз, «бар» дейміз», – десе және бір қара сөзінде «Иман деген – Алла Табарака уа Тағаланың шәриксиз, ғайыпсыз бірлігіне, барлығына уа әр түрлі бізге Пайғамбарымыз саллалаһу ғалайһи уәссәлләм арқылы жіберген жарлығына, білдіргеніне мойын ұсынып, инанмақ», – дейді.

Шал ақын бабамыз да:

«Жарлығы екі болмас Хақ Құдайым,

Жанында серігі жоқ, дақ Құдайым», – Алла Тағаланың жалғыз әрі ортағы жоқ екендігін айтқан.

Алла Тағаланың жалғыздығына қатысты ғалымдарымыздың жазған еңбектері де өте мол. Алла Тағаланың жалғыздығы – иман негіздерінің ең басты тақырыбы болғандықтан, ғалымдарымыз сенімге қатысты толықтай бір білімді «Таухид ілімі» деп атаған.

Жалпы мұсылман адам Алла Тағаланың жалғыздығына байланысты мына мағлұматтарды білуі маңызды:

Бірінші: Таухид діні –Адамзаттың алғашқы діні

Ислам діні бойынша адамзаттың алғашқы діні – Таухиддіні. «Таухид» деген сөз «бір болу», «жалғыз болу» деген мағынаны білдіреді. Мұсылмандық таным бойынша «таухид» термині құлшылық етуге жалғыз Алла Тағаланың лайықты екендігін әрі Оның ешбір серігі жоқ екендігін білдіреді.

 Бүкіл пайғамбарлардың негізгі төл уазипасы – Алла Тағаланың бірлігіне шақыру. Алла Тағала қасиетті Құранның «Әнбия» сүресі,

25-аятында:

«Бізсенен бұрын: «Менен басқа құдай жоқ,  ендеше маған ғана құлшылық етіңдер!» – деп, уахи етпестен бірде-бір елші жіберген емеспіз», – деп айтқан.

Адамзаттың жаратылу тарихына назар салсақ хазіреті Адам ата адамзаттың алғашқы адамы әрі ең бірінші пайғамбары. Оған Алла Тағала 10 парақтан тұратын Өзінің діни заңдылықтар топтамасын түсірді. Хазіреті Адам (оған Алланың сәлемі болсын) өзіне жүктелген пайғамбарлық қызметті балалары мен немерелеріне айтып жеткізді. Осылайша жер бетіндегі алғашқы дін – «Таухид» діні пайда болды. Хазіреті Адам дүниеден өткен соң оның ұрпақтары сауатсыздықтан, шайтанның алдап-арбауымен таухид дінінен ауытқи бастады. Мұның түбі түрлі діни сенімдер мен діндердің пайда болуына әкеп соқты. Кейіннен діннің орнына әр тайпада, әр елде өзіндік сенім, тек өзінің мақсат-мұратына жету үшін жасалатын әрекеттер пайда бола бастады.

Осылайша адамдар таухид дінінен  шығып, өзге нәрселерге табына бастағанда Алла екінші елшілер жіберіп, пенделерін адасушылықтан тура, шынайы жолға шақыртып, Алла Тағаланың жалғыздын ескертіп отырды. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ағраф» сүресі, 59-аятында:

«Расында, Нұхты өз қауымына пайғамбар етіп жібердік. Сонда ол: «Уа, қауымым! Бір Аллаға ғана құлшылық етіңдер! Өйткені сендер үшін Одан басқа құдай жоқ», – деді», – деп айтылған.

Қасиетті Құранда Нұх пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) айтқан бұл насихатын Һуд, Салих, Шұғайып сияқты барлық пайғамбарлардың айтқаны баяндалады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Нахыл» сүресі, 36-аятында:

«Расында, әр үмбетке «Бір Аллаға құлшылық етіңдер және шайтаннан аулақ жүріңдер», – деп ескертетін бір пайғамбар жібердік», – деп айтқан.

Бұқар жырау өзінің он бір тілегіндегі:

Бірінші тілек тілеңіз,

Бір Аллаға жазбасқа,

Екінші тілек тілеңіз

Әзәзіл пасық залымның

Тіліне еріп азбасқа, – деуінің мағынасы да жоғарыдағы аятқа негізделе айтылғандығын байқауымызға болады. Өйткені, Жаратушының жалғыздығын тілге тиек еткеннен кейін асыл бабамыз: «Әзәзіл пасық залымның, тіліне еріп азбасқа», – деп айту арқылы Алла Тағаланың хақ жолынан, Оның бірлігінен адастыратын шайтанның азғыруына еріп кетпеуді насихат еткен.

Екінші: Алла Тағаланы жалғыз деу – саналы ақылға қайшы келмейді

Қасиетті Құранда Алла Тағаланың бар және бір екендігіне қатысты көптеген дәлелдер келген. Алла Тағала «Таһа» сүресінің 14-аятында:

«Мен Алламын, бұған еш күмәнің болмасын! Менен басқа тәңір жоқ.  Олай болса, Маған құлшылық қыл һәм Мені зікір етіп, намаз оқы», – деп айтқан.

Ахмед Иүгінеки бабамыздың:

Бірлігіңді білуге ұмтылғандар,

Жалғыз заттан мың түрлі дәлел табар, – деп айтқанындай қасиетті Құранда Алла Тағаланың жалғыздығына қатысы нақли дәлелдерден бөлек, ақыли дәлелдер де келген. Мысалы, Алла Тағала қасиетті Құранның «Әнбия» сүресі, 22-аятында:

«Егер де жер мен көкте Алладан басқа да құдайлар болғанда, шүбәсіз, ондағы тепе-теңдік бұзылып, астаң-кестеңі шығар еді. Әйтсе де Арштың Раббысы Алла (мүшріктердің) Өзіне теліп жүрген сипаттарынан мүлде ада», – деп айтқан.

Имам Әбу Мансұр әл-Матуриди өзінің «Таухид кітабы» еңбегінде былай дейді: «Егер Тәңір бірден көп болғанда, әлемнің басқарылу жүйесі бұзылып, жоқ болар еді. Мысалы, қыс пен жаз маусымдарының бірінен кейін бірі ретпен келуі, атап айтқанда егіннің шығу маусымы мен пісуіне, аспан мен жердің қалыптасуына, күн, ай және жұлдыздардың қозғалысына, тіршілік иелерінің азығына, жанды организмнің тіршілігін қамтамасыз ететін мехнизмге тән жүйелер бұзылар еді. Бұлардың барлығы бір орталық, бір формадағы басқарылу жүйесі шеңберінде бір жүйеге бағынатындығына қарап, оның бірден көп басқарушы тарапынан жаратылып, тіршілігін жалғастыра алмайтындығына көз жеткіземіз. Сондықтан да Жаратушының Бір екендігін мойындау керек».

Осыған ұқсас Шәкәрім Құдайбердіұлы бабамыз өзінің «Мұсылмандық шарты» атты кітабында былай деген: «Ей, достар! Алла тағала жалғыз, онан басқа Алла жоқ. Мұны да ақылмен ойлап білу керек. Құранда бұл туралы да аят көп. Олай болса да ақылмен білуге ұғындырған аятты айтайын: «Егерде дүниеде екі құдай болса, дүние бұзылар еді», – деген. Және бір аятта: «Алла Тағаланың баласы жоқ және  бір Алладан басқа Алла жоқ. Егерде басқа бір Алла болса, әрқайсысы өзінің  жаратқан нәрсесіменен кетер еді де бірін – бірі жеңер еді. Алла Тағала мұндайлардан таза», – деген.

Енді ойлап қараңыз, егерде Алла екеу болса, бір Алла бір нәрсені барболсын десе, бір Алла жоқ болсын десе, сол нәрсе бар болар ма еді, яки жоқ болар ма еді? Әлбетте бірінің айтқаны болмай қалады ғой. Айтқаны болмай қалғаны Алла болуға лайық болмайды. Сол себептен Алла тағала жалғыз екені мағлұм болды» («Мұсылманды шарты», 10-бет. Алматы 1993).

Қисса

Бір күні шайтандар жиылып, басшылары Ібіліске келіп: «Уа, біздің мырзамыз! Сен неліктен ғалым адам дүниеден өткенде қатты қуанасың да, ал Алла Тағалаға көп құлшылық етуші адам дүниеден өткенде олай қуанбайсың?» – деп сұрақ қойыпты. Сонда Ібілісоларға: «Барыңдар да көп құлшылық етуші адамнан: «Алла Тағаланың Өзі сияқты тағы бір құдай жаратуға құдіреті жетеді ме?», – деп сұраңдар», – депті. Олар әлгі адамға барып, аталмыш сұрақты қойғанда, ол: «Білмеймін», – деп жауап қатыпты. Ібіліс шайтандарға: «Енді тура осы сұрақты ғалым адамға қойыңдар», – депті. Ғалымға бұл сұрақ қойылғанда, ол: «Бұл қисынды сұрақ емес. Өйткені тағы бір құдай жаратылса, ол «махлуқ», яғни жаратылған болады да, құдай болуға лайықты болмайды», – деген екен. Шайтандар ғалымның жауабын Ібіліске жеткізгенде, ол: «Мен ғалымның дүниеден өткеніне несіне қаттырақ қуанатынымдыенді түсіндіңдер ме? Бұл ғалымдар менің қанша уақыт жасаған еңбегімді бір сәтте ақ жоқ етеді», – деген екен (Ибн Аббас риуаят еткен).

Үшінші: Алланы бір деп таныған адам көптеген игіліктерге қол жеткізеді

Алла Тағаланы жалғыз деп танып, Оған ешбір ортақ қоспай, ешбір жаратылысты Жаратушыға ұқсатпай, жақсылық атаулыны Одан ғана үміт ететін жан үшін дүние және ақыретте берілетін ізгіліктер өте көп. Алла Тағала қасиетті Құранның «Әнғам» сүресі, 82-аятында:

«Иман келтірген һәм сол иманына зұлымдықты араластырмағандар міне, солар өздерін қауіпсіздікте сезінуге әлдеқайда лайық. Тура жолда болғандар да солар», – деп айтқан. Бұл аяттағы «зұлымдық» сөзін тәпсір ғалымдары «ортақ қосу» деп түсіндірген.

Жаратушыны жалғыз деп танудың артықшылығы жөніндеАто ибн Әбу Рабах (Алла оны мейіріміне бөлесін)былай дейді: «Мен Ибн Аббастан (Алла оған разы болсын) Алла Тағаланың қасиетті Құранның «Ғафыр» сүресі, 3-аятындағы:

«Ол – күнәларды кешіруші һәм тәубелерді қабыл алушы, алайда қатты жазалаушы, сонымен қатар жомарттық иесі. Одан басқа құдай жоқ! Ақырында барлығы да Оған қайтады», – деп айтқаны жайында сұрадым. Сондағы:  «Ғафиру-әз-зәнби» (Күнәларды кешіруші), «Қабилу әт-тәуби» (Тәубелерді қабыл алушы) және«Шәдиду әл-ғиқаби» (Қатты жазалаушы) деген сипаттарыкімдер үшін болатынын білгім келді. Сонда Ибн Аббас (Алла оған разы болсын): «Күнәларды кешіруші» және «Тәубелерді қабыл етуші» делінгені «Алладан өзге құдай жоқ» дегендер үшін, ал «Қатты жазалаушы» дегені, «Алладан өзге құдай жоқ» деп айтпағандар үшін», – деп жауап қатты.

Сол себепті де мұсылман адамның «Алладан өзге құдай жоқ» деп жүрегімен иман етіп, тілін кәлимаға келтіргеннен кейін, тіршіліктегі әрбір амалын осы сөзбен байланыстыруының маңызы өте үлкен. Бір күні Мұса пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын): «Уа, Раббым!Маған Өзіңді мадақтап еске алатын нәрсені үйрет және сол арқылы дұға етіп жалбырынатын болайын» – деп тілейді. Сонда Алла Тағала: «Иә Мұса!«Алладан басқа құдай жоқ» деп айт»,  – деді. Мұса пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын): «Уа, Раббым! Бұл сөзді бүкіл құлдарың айтады емес пе?» – дейді. Сонда Алла Тағала: «Иә Мұса!Егер де жеті аспан және оның тұрғындары, жеті қабат жер таразының бір жағына, ал «Лә иләһа иллә Алла» (Алладан басқа құдай жоқ) сөзі таразының екінші жағына қойылса, «Лә иләһа иллә Алла»сөзі басып түседі», – дейді (имам Ибн Хиббан).

 

Қисса

Мұғаз ибн Жәбәл (Алла оған разы болсын) былай деген: «Мен ардақты Пайғамбарымызбен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бірге қашырға мінгесіп келе жатқанымда, Пайғамбарымыз(оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)маған: «Уа, Мұғаз! Алла Тағаланың құлдарына деген міндеті қандай екенін және құлдардың Алла Тағаланың алдында міндеті қандай екенін білемісің?» – деп сұрақ қойды. Мен: «Алла мен Оның елшісі жақсы білер», – дедім. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Құлдарының Алла Тағаланың алдындағы міндеттері – тек Оған ғана құлшылық ету және еш нәрсені Оған серік қылмау. Ал, Алла Тағаланың құлдарына деген міндеті – Оған құлшылық жасап, Оған еш нәрсені серік қоспағандарын азаптамауы», – деді. Мен: «Уа, Алланың елшісі!Осыны айтып адамдарды сүйіншілейін бе?» – дедім. Ол: «Оларды сүйіншілеме, өйткені олар селқостық танытып жүрер»,– деді (имам Бұхари, Муслим).

«Жалғыздық Құдайға ғана жарасқан» деген ата-бабаларымыз сан ғасырдан бері Жаратушы Алла Тағаланы бар деп әрі бір деп иман еткен. Мәшһүр Жүсіп бабамыз:

Бір Алла – серігі жоқ, жалғыз өзі,

Оның жоқ ата-ана, ұлы-қызы.

Тумайды, өзі ешкімнен туылмады,

Осылай «Құл һуа Алла» Құран сөзі, – деген.

Алла Тағала баршамызды Өзінің сүйген құлдары қатарында етіп, қасиетті дұға-тілектерімізді қабыл еткей!

Пікірлер Кіру