Дания Сәтбекқызы

16 желтоқсан 2018 4388 0
Оқу режимі

1997 жыл 28-сәуірде Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданы Саржыра ауылы. Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институты, Жаратылыстану және ақпараттандыру факультеті, Информатика мамандығының 3 курс студенті.

Аудандық, облыстық «XV Абай, Шәкәрім оқуларының» бас жүлде иегері. Республикалық «XV Абай, Шәкәрім оқуларының» номинация иегері. «Бабадан қалған байтағым» атты қалалық жыр мүшәйрасының ІІ орын иегері. «Үркер» шағын өлеңдер жинағының авторы. Ел ордасының 20 жылдығына арналған «Астана жастар жүрегінде», «Астана– жиырмадағы жас қала», «Еркін тақырып» атты жас ақындар мүшәйрасының І орын иегері.

Пайғамбарлардың сұлтаны

Пайғамбарлардың сұлтаны,
Кешер ем сенсіз күй қандай?                     
Көңілге күдік жиғандай,
Исаны Құдай көрер ме ем,
Исламға иланбай.

Өтер ме ем сенсіз жабығып,
Өлместей жүріп, жаңылып,
Жаратқанымды танымай,
Жаратылғанға табынып.

Таңдауы түсіп Алланың,
Өмріңді соған арнадың.
Түзу жолына түсіру,
Адамзатты еді арманың.

Көп қорлық көріп қауымнан,
Шексең де жапа жауыңнан,
Алладан тілеп дұғаңды,
Солар деп жаның ауырған.

Хақ дінге елді шақырдың,
Үмметіңді ойлап аһ ұрдың.
Құлшылық етіп дамылсыз,
Намазбен таңдар атырдың.

Көркемін арнап дұғаның,
Алладан пана сұрадың.
Өзің деп емес Әл-Әмин,
Үмметің үшін жыладың.

Алланың көріп сынағын,
Сабырмен төзіп, шыдадың.
Сонда да бәрін дұғаңда,
Үмметіме деп сұрадың.

Орындалды алған міндетің,
Куә ғой оған күн де түн.
Қуанам құлы Алланың,
Болғаным үшін үмметің.

Мен үшін жылап дұға еттің
Ертеңімді ойлап мұң еттің.
Соғуға жоқтай қақысы,
Сүймеген сені жүректің.

Алланың сенсің сенері,
Құранмен жеткен дерегі.
Пайғамбарлардың сұлтаны,
Түсімде көргім келеді.
Сағындым сені себебі ...

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру