Данышпан дипломат

07 тамыз 2020 5920 0
Оқу режимі

Құран Кәрім: «Біз сені әлемдерге мейірімнен өзге нәрсе етіп жібермедік», - деп екі дүние сұлтанының пайғамбарлық міндетінің ең маңызды қырының бірін паш етуде. Ақиқатында, ол барша адамға мейірімді жан. Шалыс басқан қателесушіге, әдепті білмейтін дөрекіге, күнә жасаған адамға да мейірімді.

Рауфур-рахим – жұмсақ та мейірімді пайғамбар. Еңсесі түскен, өмірде өз жолын таппай адасқан, күнә батпағынан шыға алмай рухани дағдарысқа ұшыраған адамға көмек қолын созып мейірімділік танытады. Тұтануға дайын тұрған қоғам ішіндегі бүлік өртін үнемі парасаттылық һәм даналықпен өшіре білетін данышпан. Екі дүние сұлтаны Мұхаммед (с.ғ.с.) – мейрімділік пен жанашырлық қайнар бұлағы.

Ғұлама Әли Жұма былай дейді: «Алла елшісі (с.ғ.с.) шиеленіс пен қақтығысты түбегейлі шешудің шебері еді. Сонымен қоса, Ислам қоғамын шиеленіс салдарынан да аман сақтап қалатын. Қақтығысқа себеп болған жайтты өршітпей қоғам мүддесіне оңтайлы шешім қабылдай отырып, келеңсіздікті болдырмаудың да жолын қарастыратын. Мұндай дана шешімдерді Оның (с.ғ.с.) пайғамбарлықтан алдын және кейінгі ғибратты ғұмырында көре аласыз».

Ал, Ибн Һишам болса: «Әбу Умайа бин Мұғира Құрайыш руының ең жасы үлкен ақсақалы еді. Ол: «Уа, Құрайыш руы! Өзара тартысып жатқан мәселеде Харам қақпасынан бірінші кірген адамды төреші етейік, - деді. Барлығы келісе кетті. Қақпадан бірінші боп Алла елшісі (с.ғ.с.) кіріп келді. Жұрт: «Ол – сенімді, ризамыз. Бұл – Мұхаммед қой», - десті. Орталарына келген Мұхаммедке болған жайтты айтып берген кезде: «Маған бір шекпен беріңіздер», - деді. Шекпенді төсеп, үстіне мүбәрак қолдарымен қара тасты қойды да: «Әр ру шекпеннің шетінен ұстап, бірге көтеріңдер», - деді. Ақсақалдан оның айтқанындай істеді. Қара тасты орнына дейін алып келген соң, өз қолымен орнына қойды да, құрылыс ары қарай жалғасты...», - деп жазады. Міне, бұл Құрайыш және басқа да арабтар үшін қасиетті қара тасты орнына қою оқиғасы. Әулет ақсақалдары шешімін таппай тұрған түйіткілді мәселені әп-сәтте дүйім жұртты разы ететіндей парасаттылық танытты.

Осы оқиғаға қатысты ғұлама Әли Жұма: «Саналы пікір мен дұрыс шешім арқасында Пайғамбар (с.ғ.с.) Мекке қабилалары арасындағы қақтығысты түп тамырымен жойды. Әрі баршасының да көңілінен шыға білді. Сонымен бірге, елі мен жұртын қарулы қақтығыстан аман алып қалды», - деп жазады.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) күнделікті сан-қилы жұмыстары болса-дағы қиналған жанға жәрдем етуді ұмытпайтын. Қиыншылыққа тап болған адамның көмек сұрап келуін күтіп отырмайтын. Естіген бойда адамның жанынан табыла кететін. Ауырып жатқан науқастың көңілін сұрау, бала-шағасына нан тауып бере алмай отырған адамға көмек беру, қара жамылып отырған отбасыға көңіл айтуды үмбетіне сүннет етті. Ол өзінің мүбәрак сөздерінде: «Мұсылманның мұсылманда бес ақысы бар: Сәлеміне жауап беру, науқастың көңілін сұрау, жаназаға бару, шақырған жерден қалмау және түшкірген адамға «ярхамукалла» деп айту», - деген.

Расында, бүгінгі қоғам осы сүннет амалдарды шынайы ықыласпен жасай білсе, адамдар арасындағы көптеген түсініспеушіліктер оң шешімін табар еді.

Пікірлер Кіру