Дәреттің медициналық әрі рухани пайдасы

11 қаңтар 2021 7110 0
Оқу режимі

Ұлы Жаратушымыздың дәрет жайында: «...Алла сендерге қиындық қаламайды, алайда шүкіршілік қылсын деп сендерді тазартқысы және нығметін тәмамдағысы келеді»[1], – деп баяндайды.

Айтылған аяттың сырына үңіліп көрелік:

Жүректен бастау алған қан тамырлары, одан қашық болған сайын, копиллярлы қан тамырларына бөліне бастайды. Сол қан тамырлар қатайып қызметін баяулатса, бұл жүрекке ауыр тиеді. Бұл тағамның зиянды құрамына қарай немесе жүйке жүйесінің бұзылуы, көп қимылдамау, денеге ауыр салмақ салу арқылы тамырда май түйіршектері пайда болады. Олар тамырларға едәуір кері әсерін тигізіп, мұның нәтижесінде жылдам қартаюға немесе күйзеліске әкеп соқтырады.

Мидың үстіңгі қабаты және аяқ-қол тамырлары жүректен қашық орналасқандықтан біраз күрделірек. Қан тамырлардың белсенділігін арттыратын фактордың бірі ол – дәрет суы. Дәрет алудың денеге көп пайдасы бар. Дәрет алу арқылы денеге жаттығу жасайды. Судың салқын болуы қан тамырлардың арнасын тарылтса, ал ыстық су болса керісінше үлкейтеді. Бұл қан тамырларының серпінділігін сақтайды, әрі алыс – жақын ағзаларға қанның еш кедергісіз айналымын қамтамасыз етеді.

Алла Тағала пендесіне қан айналым нығметін беріп, керемет жүйені жаратты. «Дәрет алыңдар ... сендерге берген нығметім тәмамдалсын, қан айналымы ретке келсін» дегендей.

Жастайынан дәрет алып жүрген адамның қан тамырлары қатаймаған әрі ми жүйесінің бұзылмағандығын көрсетеді.

Адам денесінде ақ қан және қызыл қан айналымы бар. Дәрет ала отырып, ақ қанның айналым жүйесін реттейді де денедегі терінің солып, жиырылуына тосқауыл болады.

Әдетте дәрет мүшелері жуылғанда қан айналымы артып, миға қажетті оттегіні жеткізеді. Ол тәннің саулығына кепілдік жасайды. Күніне кемінде бес рет дәрет алып жүрген мұсылманның кейбір көз ауруына шалдықпағандығын дәрігерлер алға тартады. Мұны пайғамбар медицинасынан да кездестіруге болады.

Доктор Халук Нұрбақи өзінің көп жылдық тәжірбиесінде үнемі дәрет алып жүрген үш жүзге тарта қарттардың қан қысымын (давления) өлшеп жүреді. Доктор олардың күрделі ауруға шалдықпағандығын және жастары алпыс бестен жоғары болса да қан қысымының жүз жиырмадан аспағандығын айтады.

Дәрет – жүйке жүйесін реттеп, стресті жояды.

Дәрет – шаршауды басып, денеге сергектік береді.

Дәрет – жүректің жұмысын жеңілдетеді.

Дәрет – беттегі еттің қуаттылығын арттырады.

Дәрет – қан айналымын реттейтін тамырлардың белсенділігін арттырады.

Дәрет – ағзаның негізгі қорғаушысы болған лимфа жүйесі қызметін жақсартады. Лимфа түйіндері қызметінің жақсаруы – инфекция, бактериямен күресуші ақ қан түйіршектері арқылы ағзаның ауруға қарсы төзімділігін күшейтеді.

Сонымен қатар, адамның бойында белгілі бір энергиялық тепе-теңдік бар. Бұл тепе-теңдіктің сақталуы денсаулық үшін өте маңызды. Ауаның ластануы, синтетикалық киімдер мен қолданыстағы заттар, ішкен ас-су, көңіл-күйдің түсуі бұл теңдікке кері әсерін тигізіп, адамның мазасын қашырады. Қазіргі таңда түрлі аурудың көбеюі, жүйке жүйесінің бұзылуы және бетке әжімнің ерте түсуі мұның алғашқы белгілерінен болып саналады. Мұндай зардаптардың алдын алуға дәрет пен ғұсыл көп септігін тигізеді.

Тағы денеде энергиядан пайда болатын әрі көптеп кездесетін психо-соматиялық аурулар бар. Бұл энергияның ең болымсыз әсері – ол тері астындағы кішігірім бұлшық еттерге қатысты.

Мінекей, жастайынан дәрет алып жүрген адамның нұрлы жүзді болуы осыған байланысты. Дәретте әр мүшені үш реттен жуу сүннет амалына жатады. Бес уақыт намазына ұқыпты әрбір мұсылман баласы күніне он бес (15) рет ауыз-мұрнын, жүзін, қолдарын және аяқтарын жуады. Мұны күнделікті жалғастырады.

Ал, намаз оқымайтын «менің жүрегім таза» дейтіндер таң ертеңгісін бір рет бетін жуған соң, кешкісін бетін, аяғын жуса жуды, әйтпесе ол да жоқ. Үлкен, кіші дәретке барған соң қағазбен тазалап, сосын «жүрегім таза» дейтіндерге қараңыз.

Жалпы дәрет алғанда қай ағзаларға пайдасын тигізеді дер болсақ:

Әуелі дәрет алатын адам – тазалану, күнәсінен арылу және Алланың разылығына иемдену үшін ниет етеді. Бисмилләсін айтады, өйткені Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Алланың есімі аталмай алған адамның дәреті жоқ»[2], – деген. Тағы бір хадисінде: «Кімде-кім бисмилләһпен дәретін алатын болса, денесінің барлығын жуғандай болады. Ал, дәрет алғанда Алланың аты аталмаса, тек дәрет мүшелерін тазалаған болады»[3], – деген. Содан екі қолын, саусақтарының арасын салалап жуады, өйткені медицина жағынан қарасақ микроб-бактериялардың тез шоғырланатын жерді сабындап жуу керектігін айтады. Мұнда тазартып қана қоймай, саусақ арасын салалағанда жүйкеге, стреске қарсы жаттығу жасаған болады. Ал, пенде іштей Раббысына жалбарынып: «Суды тазартушы еткен әрі Исламды нұр еткен Аллаға шүкір», – деп мадақ айтады.

Кейін аузын үш рет жуады. Ауыз қуысында жиналған тағам қалдықтары немесе асқазан жолдары арқылы келетін келеңсіз иіс көп өтпей адамның мазасын ала бастайды. Күніне он бес рет аузын жуа отырып, одан арылады әрі қасындағы адамға ыңғайсыз жағдайды туғыздырмайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) мисуакты үгіттейді. Бұл тісті тазалап қана қоймай, ауыз қуысындағы иістен арылтады, одан бөлінген сөл асқазанға пайдалы. Мисуак жайында Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Мисуак – ауызды тазалаушы әрі Раббының разылығына жеткізуші»[4], – деген. Ал іштей: «Раббым, Сені зікір, шүкір етуіме және құранды оқуыма маған көмектесе көр», – дейді.

Содан бетін үш рет жуады. Бұл әрекет бетке әр беріп қана қоймай, құрғақ болуынан сақтайды. Әрі көзге жаттығу жасайды. Ал, пенде ішінен: «Уа Раббым! Ахыретте бір топ адамдардың жүздері жарқырап, бір топ адамдардың жүздері қарайған күні. Менің жүзімді жарқыратып, нұрландыра көр», – дейді. Кейін кезегімен екі қолын шантағымен қоса жуады. Қолдағы лак, бояу, жалпы судың теріге сіңуіне кедергі болатын заттан арылу қажет. Қолды ысқылап жуу арқылы теріге жаттығу жасайды. Бұл арқылы ақыретте Пайғамбарымыз (с.а.с) өз үммәтін дәрет алған мүшелері арқылы танитындығын айтқан. Оң қолын жуып жатқанда: «Уа, Раббым! Амал дәптерімді оң жағымнан бере гөр, әрі есебімді жеңілдете гөр» деп тілесе, сол қолын жуарда: «Уа Раббым! Амал дәптерімді сол жағымнан және артымнан бере көрме, әрі есебімді қиындата көрме» деп қияметтегі ауыр күнді еске алып дұғасын тілейді.

Содан бір рет басына мәсих тартады. Бұл – су қолын басына жай ғана сипау арқылы іске асатын амал. Бұл энергияның тепе-теңдігін сақтап, басқа жаттығу жасаған болады. Ал, іштей болса: «Раббым! Денемдегі шаш пен түкті, терілерімді тозақ отына харам ете көр. Ешқандай көлеңкенің болмайтын ахырет күнінде мені көлеңкенде көлеңкелете көр», – деп тілейді.

Содан кейін құлақ пен мойнына бір рет мәсих (сипау) тартады. Құлақ және аяқ-қолда денедегі барлық нүктелер бар. Құлақты сипау арқылы нүктелерге жаттығу жасалынады, жүйкені тыныштандырады. Құлақтың ішін сипаумен тепе-теңдікті қалыптастырып құлақ ауруына қарсы тұрады. Бұл кезде ішінен: «Уа, Раббым! Мені сөздің дұрысына құлақ асып, соған мойынсұнғандардан қыла көр», – деп тілейді.

Келесі оң аяғынан бастап, тобығымен қоса екі аяғын жуады. Жоғарыда айтып өткендей аяқтың нүктелеріне жаттығу жасайды, әрі аяқтың иістенуіне тосқауыл болады. Аяқ жуылғанда демін алады әрі нұрланады. Аяқ саусақтарының арасын жуа отырып қан айналымын іске қосады. Оң аяғын жуағанда іштей: «Уа Раббым! Сырат көпірінен аяқтардың таятын күні менің аяғымды тайдыра көрме, бекем ете көр», – дейді. Ал, сол аяғын жуғанда: «Раббым! Дүниеде, әрі ақыретте аяғымды нық басушылардан ете көр. Іс - әрекетімді қабыл ал, күнәмді жарылқа, тіршілігіме, саудама береке бере көр», – деп тілегін білдіреді.

Дәрет алып болған соң жүзін құбылаға бұрып: «Алладан басқа тәңір жоқ екендігіне, серігінің болмағандығына, тек жалғыз тәңір екендігіне куәлік беремін. Және Мұхаммед Оның құлы әрі елшісі екендігіне де куәлік беремін. Аллам! Мені көп тәубе етушілерден, жақсы тазарушылардан ет. Сен барлық кемшіліктерден пәксің. Аллам! Сен ұлықтаймын. Сенен басқа тәңірдің жоқ екендігіне куәлік беремін. Сенен жарылқауынды тілеймін, саған тәубе еттім. Аллам! Мұхаммедке және Мұхаммедтің отбасын кешіріп, оларға есендік бере көр»[5] деп айтар болса жәннаттың сегіз есігі ашылып, қалаған есігіне кіруіне болады.

Міне көріп тұрғаныныздай, дәреттің рухани пайдасы бар. Дәрет, тіпті, ашу - ызаны да басады. Бұл жайлы Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Ашу-ыза – шайтаннан. Шайтан болса оттан жаралған. Олай болса, бойынызды ашу-ыза кернегенде оны жеңу үшін дәрет алыңыз»[6], – деп, қиындыққа апаратын жолға тосқауыл қоюды үйретіп кеткен.

Үсенова З.Ж.


[1] Мәида сүресі, 6-аят.
[2] Ибн Мәжә.
[3] Шәукани.
[4] Бухари, Нәсәи.
[5] Әбу Дәуіт, Муслим, Тирмизи
[6] Әбу Дәуід.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру