Дінсіз қоғам құрдымға кетеді

15 желтоқсан 2020 6685 0
Оқу режимі

Діннің, сенімнің қоғамда алатын орны ерекше. Бұл мәселе тек қана ХІХ немесе ХХ ғасырдың діни социологиясы үшін емес, әрбір кезең үшін маңызды болып есептеледі. Шынында да, сенім мен адам болмысы арасында өте терең байланыс бар. Доктор Генри Линк[1] өзінің «Дінге оралу» атты кітабында АҚШ-та психологиялық зерттеулер бөлімінің бастығы ретінде 15321 әйел мен ер адамдарға жасаған зерттеу нәтижесі мен 73226 психологиялық тестінің қорытындысын былайша келтіреді: «Бір дінге сенген және құлшылық орындарына үзбей баратын жандарда адамдық және көркем мінез-құлық, дінге дұшпандық танытып, құлшылық орындарына бармайтын адамдарға қарағанда жақсы көрініс тапқан әрі берік қалыптасқан».

Ал, Дейл Карнеги[2] болса: «Уайымды таста, өміріңе мән бер» атты кітабында уайым-қайғының алдын алу шараларының бірі ретінде мыналарды жазған: «Бүгін жарты сағаттық тынығу уақытын бөлемін. Бұл тынығу кезінде Хақ Тағаланы ойлаймын», – дейді. Бұның өзі Алланы зікір етудің, уайым-қайғыдан құтылып, аз да болса жанды тынықтыруға әсерінің барын білдіреді. Қоғамдағы әрбір жеке тұлға Алланы жиі еске алса, басына қиыншылық түскенде сабыр етіп, қуаныш келгенде шүкір етсе, қоғам өздігінен кемелденген болар еді. Бұл турасында Құран Кәрімде «Рағыд» сүресінің 28-ші аятында Алла Тағала:

«Біліп қойыңдар! Жүректер тек Алланы зікір етумен ғана орнығып, тыныштық табады» - демей ме?!

Гарвард университетінің филофосия ғылымының профессоры Уиллиам Джеймс[3]: «Уайым-қайғыны емдейтін ең қуатты дәрі – діни сенім», – деген. Доктор А.А.Брилл[4] шынайы діндар болған кісінің рухани ауруларға шалдығуы мүмкін еместігін айтады. Психология мамандары дұға мен қуатты сенімнің реніш, уайым мен қорқынышқа жол бермейтінін дәлелдеген. Бұл үш кесел – ауруларымыздың жартысын тудырған себептер. Ең атақты психиатрлардың бірі доктор Карл Юнк[5] «Рухты түсіну жолындағы қазіргі заман адамдары» атты кітабында мыналарды жазады: «Соңғы отыз жыл ішінде дүниенің әр тарапынан көптеген науқастарды қабылдадым. Жүз шақтысын емдедім, отыз бес жастан асқандардың ауруға шалдығуының негізгі себебі – діни сенімдерін жоғалтқандықтарынан еді. Бұлар өмірге діни көзқараспен қарамайды, діндар жолдастары сияқты әрекет етпейді. Діни сенімдеріне қайта оралмай, толығымен шипа таба алмайды» дей келе, адамдар діни сенімге бекінбесе, руханияттан жұрдай болса, жанға дауа табулары өте қиын екендігін айтқан. Бұл туралы Құран Кәрімде «Зүмәр» сүресінің 22-ші аятында:

«Алланы еске алуда жүректері қатайған пенделерге қандай өкініш. Олар ашық адасуда», – делінеді.

Психологтар жүйкеміз жұқарып, рухымыз құлдырап, ішкі жан-дүниеміз қиналғанда, біреуге мұңымызды шағып, жеңілдеуді дәрі ретінде көреді. Ешкімге айта алмайтын ішкі сырларымызды еститін және күллі нәрсеге күші жететін Аллаға ғана айта аламыз, жалғыз содан көмек күте аламыз. Ислам діні сенімінде болудың отбасы тұрақтылығын баянды етудегі рөлі аса үлкен. Ж.Доминиян «Ажырасу» атты кітабында діни үкімдер бойынша жасалған некелерде басқаларға қарағанда, ажырасу аз кездесетіндігін айтуда. Еңбекте діни сенімі жоқ адамдардың ажырасу дәрежесінің өте жоғары екендігі көрсетіледі[6].

ХІХ ғасырдағы діни социологияны қарастырғанда мына мәселелерге көңіл аудару маңызды: иманы, діни сенімі әлсіз адамдардың өзін-өзі өлімге итермелеуі көп кездеседі. Материалдық жағдайдың барлық нәрсені шешетінін мақұлдағандар статистикаларды мұқият зерттеген кездерінде жаңылысқандарын түсінеді. Мысалы, АҚШ-та жыл сайын жүз дәрігер өз-өзін өлімге байлайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы және БҰҰ баспасөздеріне қарағанда Жапонияда 22477 адамның суицид оқиғасы тіркелген. 1978 жылғы статистикаларға сүйенсек, мұндай өлім көрсеткіші Швецияда 20000 адам болыпты. Барлық нәрсені материяға тіреп, экономиканы негізгі тірек ретінде түсіндіретіндердің бұл жерде ойланулары керек-ақ. Мұндай қоғамда Ислам діні орнықпағандықтан, рухани түрде шаршаған адамдар өмірден түңіліп, өз-өздеріне қол жұмсауда. Ақиқат дін жүрегіне орнаған адамның иманы өз-өзіне қол жұмсауына жол бермейді.

Ал, Аллаға нағыз иман келтірген құлдары ондай жаманшықлыққа әсте бармайды. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл жөнінде:

«Мүміннің ісі қандай ғажап! Оның қай ісі болмасын қайырлы. Алайда, бұл мұсылманның ғана маңдайына бұйырған. Ол жақсылыққа тап болса, бірден шүкіршілік етеді − бұл оған қайырлы. Егер ол қандай да бір қиындыққа тап болса, дереу сабырлылық танытады − бұл оған қайырлы», – деп бұйырған.[7]

Осыған байналысты қасиетті Құранда да:

«Әй, мүміндер! Сабыр және намазбенен (Алладан) жәрдем тілеңдер, күдіксіз Алла сабыр етушілермен бірге»,[8] – деп бұйырады.

Дінсіз қоғам, қоғамсыз да дін өмір сүруі мүмкін емес. Дін – қоғамның дамуына бірден-бір әсер ететін қозғаушы күш. Бұны өткен тарихымыздан анық көруімізге болады. Сол діндердің ішінде Ислам діні қоғаммен және сол қоғамды қалыптастыратын адамзат дүниесімен өте тығыз байланысты. Нәтижеде мынадай қорытынды пікірді айтуға болатынына көз жеткіздік: демек, дінсіз қоғамның, ал қоғамсыз діннің өмір сүруі мүмкін емес.

Алла Тағала асыл дініміз – Исламанан, жүректегі иманнан айырмасын!

Бақытжан Өткелбаев

 


[1] Генри Фридрих Линк (1767-1851) – немістің ботаник, энциклопедист ғалымы.
[2] Дейл Брекенридж Карнеги (1888-1955) – амарикандық педагог, психолог ғалым.  
[3] Уиллиам Джеймс (1842-1910) – американдық философ, психолог ғалым.
[4] Абрахам Арден Брилл (1874–1948) – американдық психиатр ғалым.
[5] Карл Густав Юнг (1875-1961) – швейцарялық психиатр ғалым.
[6] ХХІ ғасыр: Білім беру және руханият мәселелері. Ғылыми еңбектер жинағы. Шымкент
[7] Бұхари, Зекет, 50; Муслим, Зекет, 124, (1053).  
[8] Бақара сүресі, 153-аят.

 

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру