ЕҢ МАҢЫЗДЫ...

04 қыркүйек 2025 1730 0
Оқу режимі

Ылғи бәрін білгісі келіп жүретін жас ханзада  "Тау жақта  бір қарапайым қария бар, бар сұрақтың жауабын білетін"дегенді естіп ат терлетіп барған екен.

Барса қария егін егетін атыз қазып жатыр екен, атынан түсе сала ақсақалмен амандасып жіберіп үш сұрақ қойыпты.

"Жер бетіндегі ең басты адам кім?"

"Өмірде ең маңызды іс қандай?"

"Басқаларына қарағанда ең маңызды күн қайсы?" деген.

Қария жауап берместен өз ісімен айналысып, арығын қаза береді.

Жас жігітте жауап күтпестен қасына келіп көмектесуге кірісіп кетті.

Қанша көмектескенін кім білсін, бірақ кенеттен қастарынан беті аузы қан қан жаралы біреу өтіп бара жатқанын көрген жас ханзада, қазып жатқан жұмысын тастай сала соған көмектесті.

Беті аузын сумен жуып, жарақаттарын таңып берген соң қарияның лашығына  демалуға алып кетті.

Таңертеңгісін қария қазылған атызға дән сеуіп жатыр екен, қасына жақындап келген ханзада

—Ақсақал, сіз менің сұрақтарыма жауап бермедіңіз — деді, дауысынан реніш сызы сезіліп.

—Сен өз сұрақтарыңа өзің жауап беріп тастадың емеспе?— деп сынай қарады қария.

—Қалайша? Түсіндіріп айтыңызшы— деп таңданыс білдірді жас жігіт.

—Біріншісі, сен келген бойда менің жұмыс жасап жатқанымды, қарттығым мен әлсіздігімді көрдің де маған көмекке ұмтылдың.

Сол сәтте сен үшін ең басты адам мен болдым, ал маған көмек беру сен үшін ең маңызды іс болды.

Ал жаралы адамды көргеніңде, сен үшін ең басты адамға сол айналды, оған көмектесу ең маңызды іс болды.

Яғни, ең басты адам, ол сенің көмегіңе зәру адам, ал ең маңызды іс ол сен жасаған қайырымдылық—деген кезде,

Жас ханзада:

—Мен өзімнің үшінші сұрағыма да жауап таптым, ең маңызды күн ол бүгінгі күн.

Біреуге көмектесіп, біреуге қайырым тиген күнім ең маңызды күнім —деген екен.

Көмекке зәру жанды қаржылай қарық қылып тастамасақта, қолтығынан сүйеп, жылы сөзбен демей білемізбе ағайын?

Ең маңызды күніміз, яғни бүгінгі күндеріміз қалай өтуде....

 

М. Кенжебаев.  Бейнеу.

Пікірлер Кіру