Еңсесі биік Елорда – татулық бесігі

06 шілде 2020 10577 0
Оқу режимі

Осыдан ширек ғасыр уақыт бұрын астанамыз Арқа төріне ауысқан шақта қоғам арасында түрлі пікірлердің бой көтеріп, бұл шешімге күмәнмен қарағандардың да қатары көп болатын. Елбасымыздың сарабдал саясатын сеніммен қолдап, Есілдің жағасындағы елордамыздың еңселі шаһарға айналатынына шәк келтірмегендер де көп болды. Әрине, алуан түрлі адамдардың арасынан әртүрлі пікірлердің туындауы табиғи заңдылық.

Дегенмен бәріне төреші уақыттың арқасында бүгінде күллі әлемге даңқы тараған елордамыздың сәулетті көшелерінде азат елдің балдырғандары асыр салып алаңсыз ойнап жүргенін көргенде, көркіне көз тоймас қаншама ғажайып ғимараттардың күн санап көбейіп келе жатқанына куә болғанда, әлемдік деңгейдегі басқосулар мен кездесулердің дәл шаһар төрінде өтіп жатқанын естігенде – кеудемізді асқақ мақтаныш кернеп, осының бәрі сол кездегі батыл қадамның арқасында екенін сезіне түсеміз.

Сонау 1999 жылы ЮНЕСКО шешімімен «әлем қаласы» атағын иеленген астанамыздың алар асуы мен бағындырар бедел-биігінің көп болары сарапшылар үшін сол кезден-ақ белгілі болғандай. 2000 жылдан бастап астаналар мен ірі қалалардың халықаралық ассамблеясының мүшелігіне қабылданған елордамыз бүгінде өзінің айрықша сәулетімен, тыңнан тұрғызылған таңғажайыптарымен төрткүл әлемнің саяхатшыларына кеңінен танымал. Қаланың қалыптасу жылдарында бой көтерген «Бәйтерек» монументі, пирамида үлгісінде салынған Бейбітшілік және келісім сарайы, әлемдегі ең биік шатыр үлгісіндегі ғимарат «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығы, теңізден алыс орналасқан океанариум «Думан» орталығы, «Астана опера» мемлекеттік опера және балет театры, Орталық Азиядағы ірі мешіт – «Әзірет Сұлтан» мешіті секілді бірегей ғимараттар әлемнің кез келген құрылыс нысандарымен иық теңестіріп, дархан даламыздың даңқын асқақтатқан әлемдік туризм нысандарына айналып отыр. 30 мың көрерменге арналған «Астана-Арена» жабық стадионы, 2011 жылы әлемде үздік деп танылған, 10 мың орынға арналған «Сарыарқа» бірегей велотрегі, ең жоғары халықаралық стандарттарға сай келетін «Алау» мұз айдыны секілді әлемдік деңгейде мойындалған нысандардың да қатары елордамызда жыл санап жалғасып келеді.

Бас шаһардағы келісті ғимараттар мен халық игілігіне қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан инфрақұрылым жайлы, ел экономикасына қосқан өлшеусіз үлесі жайлы тоқтаусыз айта беруге болады. Мәселен, Еуразия құрлығының ортасында қолайлы орналасуы Нұр-Сұлтан қаласын экономикалық тұрғыдан тиімді көлік, қатынас және логистика орталығына, Еуропа мен Азия арасындағы өзіндік транзиттік көпірге айналдырды. Осы жылдар ішінде елорда Қазақстандағы ірі бизнес орталығының біріне айналды. Кәсіпкерлік мәдениеті қарыштап дамып келеді – шаһарда 128 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік нысандары жұмыс істейді. Сондай-ақ елорда құрылыс ауқымы жөнінен де жеке-дара көш бастап тұр. Астана мәртебесін алғалы бері қалада 10 миллион шаршы метр тұрғын үй салынған. Аз ғана уақыт ішінде байырғы әлем астаналарымен сәулет теңестіріп, дамудың даңғыл көшін бастаған елорда үшін бұл айтқандарымыз – таңғаларлық жетістік екені даусыз. Алайда бұл мәліметтер – елорда өмірінің бір қыры ғана екенін ұмытпаған абзал.

Жетістікке толы 23 жыл ішінде Нұр-Сұлтан қаласы ертегідегідей сәулетті шаһарға айналып қана қоймай, еліміздің мәдени-рухани саласында да елеулі өзгерістер енгізіп, әлем мемлекеттері үшін татулық пен бірліктің символындай болды. Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласы халықаралық маңызы бар түрлі форумдар, конгрестер мен өзге де іс-шаралар өтетін Еуразия кеңістігінің орталығына айналды. Елорда төрінде Астана экономикалық форумы және өзге де маңызды халықаралық оқиғалар тұрақты түрде өтіп келеді. Астанада ЕҚЫҰ-ның тарихи саммиті, ШЫҰ мен ИЫҰ-ның мерейтойлық саммиттері болып өтті. 2011 жылдың басында Елордамыз VII Қысқы Азия ойындарының қатысушылары мен қонақтарын қабылдаса, 2017 жылы «EXPO-2017» халықаралық көрмесінің орталығына айналды.

Бұдан бөлек елорда төрінде бірнеше мәрте ұйымдастырылған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездерінің орны айрықша. Игілік пен бірлікке үндеген бұл басқосулардың басқа емес, дәл біздің астанамызда өткізілуі – тәуелсіз қазақ елінің әлем алдындағы абырой-беделінің биіктігінде жатыр. Өткен жылдан бастап астанамызда Сириядағы қақтығыстар бойынша келіссөздер өтіп жатыр. Бұл да Қазақстан мемлекетін әлемге татулық пен келісімді ғана жақтайтын ел екенін дәлелдейтін бірегей шара.

Бүгінде өзім қызмет атқаратын республикалық «Әзірет Сұлтан» мешіті дәл осы елорда күнінде жамағатқа есігін айқара ашып, сегіз жыл бұрын қазақ халқының қуанышын тасытқан оқиға орын алған болатын. Содан бері бас қаламызда тағы да бірнеше құлшылық ордасы бой көтеріп, астана аспанын азан үнімен әлдилеп келеді. Орталық Азия бойынша теңдесі жоқ алып мешіт «Әзірет Сұлтанның» сыртқы сұлулығы мен ішкі жайлылығы жайлы таңданыс білдірмеген туристтер де кемде-кем. Ресми іссапармен астанамызға ат басын тіреген көптеген мемлекет басшылары мен лауазымды тұлғалардың «Әзірет Сұлтан» мешітін арнайы зиярат жасап, «әлмисақтан мұсылманбыз» деген қазақ халқының тарихы мен тағдырына куә болуы да кездейсоқ жайт емес.

Осы орайда Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың мына бір сөзі тарих көшіндегі елорда мәртебесін айқындай түсетіндей: «Осында ежелгі Сарыарқа жерінде тек астана емес, еліміздің болашақ бесігі өмірге келді. Астана тарихы мен қазақстандықтардың тағдыры бір-бірінен ажырағысыз. Елорда біздің республикамыздың күш-қуатының іске асуының, динамикалық дамуының және тұрақтылығының көрінісі. Астана барша қазақстандықтарды біріктіретін және алға қарай қадам басқан жарқын, қуатты, гүлденген қалаға айналды. Біздің елордамыз – Отанымыздың жүрегі, халықтың өз күшіне сенімі мен ұлы тағдыр-талайының символы. Бүгінде Астанада, Қазақстанның барлық өңіріндегі сияқты, жүзден астам ұлт өкілдері өмір сүреді. Халықтар достығы, өзара түсіністік және ынтымақтастық – Астананы және жаңа Қазақстанды құрудың негізі, міне, осылар».

Қалай айтсақ та, ерке Есілдің жағасынан орын тепкен елордамыздың бүгінгі кескін-келбеті мен әлем алдындағы атақ-абыройы кез келген қазақстандық үшін мақтан етерлік жайт. Бұрынғы ата-бабаларымыздың жырларындағы «Еңсесі биік Ақ Орда» теңеуі бүгінгі Нұр-Сұлтан қаласына қай жағынан алып қарасақ та, әбден лайық. Тек басымыздағы осы бағымызды Жаратқан Алла көпсінбей, тәуелсіз еліміздің тұғырын биік қыла түскей!

 

Ерболат ЖҮСІПОВ,
Нұр-Сұлтан қаласының бас имамы

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру