ҒАЛАМТОРДЫ ПАЙДАЛАНУ ҚАҒИДАЛАРЫ

16 ақпан 2023 4032 0
Оқу режимі

Әл-Фараби бабамыз: «Адамға ең бiрiншi бiлiм емес, тәрбие берiлуi керек, тәрбиесiз берiлген бiлiм адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өмiрiне опат әкеледi» – деп білімнің өзі пайдалы, әрі адамға тәрбие беріп, жақсылыққа бастауын басты назарға алған.

Осы тұрғыдан қарағанда, ғаламтор арқылы біз және жастарымыз қандай пайда, нендей зиянға ұшырап жатыр, соның парқына барып отырмыз ба?!

Жалпы алғанда, ғылым-білім мен технология қарыштап дамыған, күн сайын, сағат, минут, тіпті секунд сайын әлемдік өркениет дамып жатқанына куә болудамыз. Елімізді, жастарымыз бен ұрпақтарымызды жаһанданудың алапат әсерінен аман алып қалудың жағдайын ойлап отыру өте маңызды. Сол үшін қоғамға ғаламторды пайдаланудың бірнеше қағидаларын ұсынуды жөн көрдік:

1. Әлеуметтік желілердегі харам дүниеге бой алдырмау.

Құдіретті Алла тағала өзге еркектер мен әйелдерге көз салу туралы былай деп үкім етті:

Мүміндерге айт: (бөгде әйелдерге қараудан) көздерін сақтасын. Әрі ұятты жерлерін (зинадан) қорғасын. Бұл олар үшін өте жақсы. Рас Алла олардың не істегендерінен хабар алушы) («Нұр» сүресі, 30-аят).

Жаратушымыз ер адамдардың өзге әйелдерге көз салуларына тыйым салынғаны туралы хабарлайды және оларға көздері мен өзге де мүшелерін нәпсіқұмарлықтан сақтауға бұйырады. Бөтен әйелдерден көздерін сақтау мынадай бірқатар қағидалармен айқындалады:

1) Аллаға мойынсұнғандығы үшін адамға сауап жазылады, ал мойынсұнбағаны үшін күнә жазылады;

2) Өзге әйелдерге көз салып қарау – бұл көз зинасын жасау. Сондай-ақ нәпсіқұмарлықтың алғашқы қадамы. Егер бастапқыда нәпсіқұмарлықтан өзін тыйған адам, екінші рет ондай істен аулақ жүреді;

3) Бөтен әйелдерге көз салғаннан кейін шайтан адамды азғырып бұзықтық жасауға итермелейді. Ал көздерді нәпсіқұмарлықтан сақтау адамға шайтанның азғыруынан сақтануға мүмкіндік береді;

4) Өзге әйел затына көз салу адамның санасында белгілі бір сезімдерді тудырады.

Бұл аят әйелдердің де өзге еркектерге көз салуларына тыйым салып, өздерінің мүшелерін нәпсіқұмарлықтан сақтауға тиістілігін көрсетеді.

Құдай тағала еркек пен әйелді жаратып, олардың бір-бірлеріне некесіз қарауға тыйым салды. Өйткені көз салу нәпсіқұмарлыққа, нәпсіқұмарлық жақындауға жетелейді.

          2. Интернеттегі ақпараттың дұрыс-бұрысын саралап, зерттей алу.

Құранда Аллаһ тағала: «Өзің білмеген бір нәрсенің соңына түспе. Расында, құлақ, көз және жүрек олардың барлығы сұралады» («Исра» сүресі, 36-аят) ,- дейді.

Пайғамбарымыз: «Пендеге естіген нәрсенінің барлығын айта беру, өтірік үшін жетіп жатыр», – деп айтқан. (Мүслим)

«Адам нені және қалай ажырататындығынның мәніне жетіп (әдісін біліп), өмір бойы жақсы мен жаманды айырар болса, міне, сонда ғана бақытқа жетеді». (Әл-Фараби)

«Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,

Сонда толық боласың елден бөлек». (Хәкім Абай)

«Өтірік өрге баспайды» демекші өтірік сөйлеу – күнә. Өтірік дегеніміз – шындықты жасырып айту немесе ақиқатты бұрмалап шындыққа жанаспайтын мәлімет жеткізу.

Адамдарға өтірік айту – арсыздықтың белгісі. Өтірік, адамның еңбегін күйдіріп жоқ ететін қате амалдардың санатына жатады. Өтіріктің анық дұшпан екенін Абай атамыз айтып кеткен:

Өсек, өтірік, мақтаншақ,

Еріншек, бекер мал шашпақ –

Бес дұшпаның, білсеңіз.

Өтіріктің залалы басқаларға өтіп қоғамдағы әділдік пен тәртіпті бұзып, тұрақтылыққа сыза түсіруі мүмкін. Өтірік жүрген жерде адамның бір-біріне сенімсіздік пайда болады, береке кетеді. Сондықтан да Ислам өтірік сөйлеуден сақ болуға шақырады.

Негізінде, өтірік сөз көп жағдайда мына әдістердің бірімен жасалады: бірінші әдіс – адам әңгімені ойдан құрастырып айтады. Екінші әдіс – болған оқиғаны қосып, бояуын қоюлап, көркемдеп айту арқылы жасалады; үшінші әдіс – болған оқиғаның мазмұнын өзгертіп, қысқартып айту арқылы жасалмақ; төртінші әдіс – мәтінді бұрмалап өзгертумен жасалады.

Сондай-ақ, біреу туралы білмей сөйленген сөз де өтірік сөз санатына кіреді. Оған мысал ретінде мына қиссаны ұсынғым келеді: 

Омардың қасында бір кісі әлдебір дауға қатысты куәгер болған еді. Омар ибн Хаттаб оған:

– Мен сені танымаймын, сені танитын біреу келсін, –  деді.

Жанында тұрғандардың біреуі:

– Мен оны танимын, – деді. Омар одан:

– Иә, танысаң айтшы, бұл қандай адам? – деп сұрады. Ол кісі:

– Жөні түзу, әділ кісі, – деп жауап берді. Омар (р.а.) қайта сұрады:

– Күндіз-түні не істеп, не қойғанын жақсы білетіндей жақын көршің бе еді?

– Жоқ, –  деп жауап берді әлгі кісі. Омар (р.а.):

– Кісінің қаншалықты Құдайдан қорқатын тақуа екендігі оның ел арасындағы іс-әрекеті мен қылықтарынан белгілі. Бұл кісі сауда-саттықпен айналысушы ма еді? – деп қайта сұрады. Әлгі кісі бұған да:

– Жоқ, – деп жауап берді. Бұл жолы Омар (р.а.):

– Бұл кісінің мінез- құлқының жақсы-жаман екендігіне көз жеткізетіндей бірге сапарға шығып көріп пе едің? –  деп тағы сұрады.
Әлгі кісі бұл сұраққа да «Жоқ» деп жауап бергенде Омар:

– Онда сен бұл кісіні танымайды екенсің, – деді де куәгерлік айтқан адамға қарап: – Бар да, сені танитын басқа біреуді ертіп кел, –  деді.
Демек, бір адамды жақыннан тану үшін 3 шартқа аса мән берген жөн. Не қоян-қолтық араласатын көрші болып тұрасың, не саудаласып көресің, не бірге сапарға шығасың. Ал, осы үш шарт жүзеге аспаған болса – ол адамды танимын деу ағаттық. Демек, біреу туралы сөйлеу де – толықтай шындыққа сәйкес келмейді.

3. Әлеуметтік желіні қолданғанда әдептілік сақтау.

Барлық нәрсенің жүйесі болғаны сияқты, интернет қолданғанда да әдептен озбау керек. Яғни экранның арғы бетінде отырып, адамдарды азарлау, намысына тию, қорлау, уақытын кетіру сынды жағдайлар орын алмауы тиіс.

Қоғамдағы адамдардың білім деңгейі, ойлауы, ақпаратты қабылдауы әртүрлі болғандықтан, олардың қандай да бір мәселеге қатысты түрлі пікірде болуы заңды. Қасиетті Құранда Алла Тағала: «Адамдарды Раббыңның жолына даналық және көркем үгіт арқылы шақыр. Әрі олармен көркем пікір алмас» («Нахыл» сүресі 125 аят), – деп бұйырған. Демек мұсылман өз пікірін жеткізгенде ең көркем тәсілді пайдаланып, ұрыс-керістен сақтану керек. Өзгенің де пікіріне құрметпен қарау, білмеген мәселесі болса, оған араласпау, ақиқат айтылса – мойындау, ізгі ниетін таныту сияқты басқа да пікір алмасу әдептерін сақтаса, сол – жақсылыққа жақын әрі ұнамды іс.

Сөйлесу, пікір бөлісу, орта деңгейімен санасу тәрізді қарапайым әдептер сақталмағаны салдарынан, өздеріне қатысы жоқ мәселелер үшін де айтысып-тартысу, өсек пен ғайбат айту, нала мен жала жабу қыза түсіп, аяғы үлкен дауға ұласып жатады. Нәтижесінде, тозған жүйке, жойылған сауаптан басқа тапқан ешбір пайда жоқ.

Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сөгу, қарғау, арсыз сөз, өсек айту мүмінге (тән сипат) емес», – деген. Егер қарсы тарап шектен шығып, сөзге тоқтамайтын болса, ондай пікір алмасуды бірден аяқтау қажет. Сөз сөйлей білу, ойын әдеппен жеткізе білу де үлкен мәдениет. Ал ең үлкен абырой – көркем мінез. Адам дер кезінде тілі мен көзін тыя білсе, мыңдаған бәленің алдын алады, өзіне һәм өзгеге зиян тигізуден аман болады. Сондықтан Жаратушы алдында әлеуметтік желідегі сөздеріміз үшін де жауап беретінімізді ұмытпай, жақсылықта ғана жарысқан жөн.

4. Ғаламтордың себебінен диструктивті діни ағымға кету ықтималдығы бар.

Әр түрлі жат діни ағымдар шет елде отырып, отандастарымызды әлемдік соғыстар мен ұйымдарға тарту қауіпі бар. Діни экстремизм мен терроризм еліміздің әлеуметтік, саяси- экономикалық және мәдени, рухани дамуына кері әсер етуі мүмкін. Діни экстремизмді, халықтар арасында алауыздықты тудыруда интернеттің айтарлықтай ықпалы өсті. Яғни, әлеуметтік желілерде ұлтаралық, дінаралық қақтығыстарды өршіту белең алуда. Бір өкініштісі, әлеуметтік желіге кірген ел тұрғындары өздерінің саяси, діни сауатсыздықтарының салдарынан желіде мақсатты түрде жат идеологиялы ақпараттар таратып немесе халықты әдейі арандатып отырған адамдарды қолдап, қолпаштап, лүпіл басып, астына «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп пікір жазып, теріс қоғамдық пікір тудыруға үлес қосып отыр. Яғни, ел ішін ала тайдай бұзғысы келген жат идеологияның таралуына және бүгінгі қазақтың қырықпышақ болып әлеуметтік желіде дауласуына интернеттің ықпалы зор. Статистикаға сүйенсек, технологияның дамып, заман талабының өзгеруіне орай 2021 жыл басында интернетке 15,47 миллион адам кірген, яғни ел халқының 81,9% пайызы интернетті пайдаланып отыр. Олардың дені жастар екені айқын. Ал осы жастар Facebook, Instagram, Vkontakte, Twitter сияқты әлеуметтік желілерде сәләфизм идеологиясындағы материалдарды оқымасына, діни сауатсыздықтан оған қызығушылық танытпасына кім кепіл?! Facebook желісінде жас та, кәрі де елде не болып жатқанын күндіз-түні аса қырағылықпен бақылап отыр. Бұл жерде әр 20 минут сайын бір миллион сілтеме таралады екен. Ал Инстаграмда радикалды топтардың «шейхтары» үгіт-насихат жүргізуде. Яғни, инстаграм парақшасында миллиондаған жазылушылары бар белсенділер отыр десек, мәселенің қаншалықты қауіпті екені белгілі. Еліміз бойынша «Вконтакте» желісінде жастардың 70 пайызы отырады. Бұл пайыз олардың ішіндегі діни теріс ағым мүшелерінің экстремистік бағыттағы материалдарының ауқымды аудиторияны қамтып отырғанын көрсетеді.

5. Ғаламтор мен әлеуметтік желіні пайдалы дүние іздеуге арнау, тек арнайы сайттарды ғана қарау.

Әлеуметтік желі  уақыт өткізуге арналған еріккеннің ермегі емес, керісінше іздеген ғылыми мәлімет орталығы іспеттес мәнге ие болуы қажет. Ол үшін  ғаламтордағы сенімді орталықтар мен мекемелердің парақшаларын, сайттарын пайдаланса болады. Атап айтқанда, діни мәселелер бойынша білім алғысы келгенге ҚМДБ-ның еліміз бойынша жұмыс істейтін 22 интернет-порталы бар. Сондай-ақ, колл-орталық (8 7172 33-30-30) телефон қоңыраулары мен WhatsApp желісіне (87076626561) келіп түскен хаттарды қабылдайды.  Мүмкін болса, мешітке барып, имамдармен кеңесу керек.

Дін ұстанатын жастардың қатары артып келеді. Кейде діни білімі жетпей интернетте айтқан сөздерінен, әдепке жатпайтын ұнамсыз қылықтарынан исламға деген жеккөрушілік немесе үрей-қорқыныш қалыптасу сынды үрдістер, жағымсыз насихаттар етек алып тұрғаны шындық. Мұсылман бойындағы қателіктерге қарап, оны діннің қателігі деп айтуға болмас.

«Дін ұстай алсаң – қасиетің, ұстай алмасаң – қасіретің» демекші, асыл дініміз Исламды насихаттағанда, үйренгенде ғаламторды дұрыс пайдалана білу керек.

Алла Тағала біздің қоғамға ізгілік әкелуші пенделерінен болуымызды нәсіп еткей!

Отаров Ильяс,

"Көктал" мешітінің бас имамы

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру