Гүлнұр Қаржаубайқызы

17 желтоқсан 2018 4952 0
Оқу режимі

Гүлнұр Қаржаубайқызы 1985 жылы 18-қазанда Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Ақсу ауылында дүниеге келген. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің түлегі. Аудандық, облыстық жыр мүшәйраларының жеңімпазы. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Пайғамбарға сағыныш немесе жүрек сыры

Төрлет Мәуліт, төрімізге хош көрдік,
Раушан гүлін жырға орап ап келдік.
Салла аллаһу алейһи уа сәлләм деп,
Жәудіреген жанарлардан жас көрдік.
Төрлет Мәуліт, хош көрдік!      

Уа, Мұстафа! Сәлем саған сүйіктім,
Тура  жолдан жақұт тауып, сыр ұқтым.
Жәннаттағы қақпада да жазылған,
Пәк есімің барлығынан биік тым.
Уа, Мұстафа, сүйіктім!

Тұл дүние көмескілеу, көп бояу,
Қамығып жүр аш-жалаңаш хас жаяу.
Сендегі мәрт мейірім мен жомарттық,
Жесір әйел, жетім ұлды, жасты аяу.

Көлгірсу жоқ көңілімде, сөзімде,
Тамшы тұрса қарақаттай көзімде.
Саған деген махаббаттың самалы,
Лағыл жатыр сенің әрбір ізіңде.

Кейде іздеймін адамдардың ішінен,
Адалдық пен ақ ниетті ісінен.
Момындардың ардақтысы ақырғы,
«Әмин» болған пайғамбарға сүйсінем.

Пендеміз ғой кірлетеміз көңілді,
Күнә менен кінә жерге көмілді.
Тірі жанға тіл тигізбей өткенін,
Саған деген арттырады сенімді.

Пайғамбарсың ең ізгі...
Қанағатшыл, қайраты мол пайғамбар,
Зұлымдыққа айбаты бар пайғамбар.
Жұма сайын салауаттар арнайды,
Жаратқанға алақанын жайғандар.
Аллаһу әкбар!

 

Жалғандықты белден басып біреулер,

Әділдікті таптаумен жүр аяққа.

«Кедеймін» деп қажымаған кеуделер,

Сүйіншіге ие болған аятта...

 

Мүмин адам тыю керек ашуын,

Сан соққыға мүмкін емес жасуың.

Дәл өзіңдей аманатқа адалдық,

Ете алдық па? Ұяламын, Расулым.

 

Мына қоғам жаралайды жанымды,

Сағынасың адамдарды жаны ізгі.

Сенің көркем мінезің де ҚҰРАН ғой,

Тұнған тұла бойыңа нұр, бар үлгі.

 

Лайықпыз ба мүмин деген есімге?

Уақыт шіркін зымыраумен өтуде.

Қияметте кәусарыңа қансақ деп,

Жүрек сырын дұға етіп шертуде.

 

Бес парызы бүтін болса үмметтің,

Шапағатқа бөлей берші Құрметтім.

Тура жолда нәсіп болсын ақтық дем,

Адаспасын Хақ жолынан енді ешкім.

 

Сан жанарда  ұялайды  ақ үміт,

Тілмен айту неткен қиын сағыныш.

Көркем дінге кемелділік сыйлаған,

Пайғамбарды сағындық. О, Сағыныш, сағыныш!

 

Рахман Алла  мен де сүйем Расулды,

Ол барлығын тура жолға шақырды.

Сұлу сәжде бақытына бөленген,

Мұсылмандар көп адамнан ақылды.

 

Биік қойдың әйелдердің құрметін,

Исламға бақыт жауды көл-көсір,

Халуа жеп, қызын жерге көмгендер,

Сен арқылы дұрыстады тәубесін.

 

Жылатпадың жетім менен жесірді,

Біз үйрендік сенен рахым етуді.

Мүшрікке де сілтемеген сойылын,

Әз пайғамбар жүрегімен кешірді.

 

Кеңдік болды пайғамбарлық пейілде,

Өнеге көп айта берсек кейінге.

Соңғы асын да садақа етті пайғамбар,

Рахманның разылығы үшін дегенге.

 

Қанағатшыл, қайраты мол пайғамбар,

Зұлымдыққа айбаты бар пайғамбар.

Жұма сайын салауаттар арнайды,

Жаратқанға алақанын жайғандар.

Аллаһу әкбар!

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру