ИМАНЫМ (70 жасымда жазылған)

03 желтоқсан 2024 418 0
Оқу режимі

Күн аязда терезеге,
Неше түрлi гүл түсер.
Сонша әдемi түстi неге,
Кiм түсiрдi, ой жiбер.

Нысабыңмен ойласаң сен,
Iстей алмас оны адам.
Ең адамның шеберiнен,
Соны салған жан шебер.

Сипатын көр, тосып ал да,
Жапалақтап жауса қар.
Таза тексер, көздi сал да,
Қандай оның түрi бар.

Таң қаларсың ойға салсаң,
Қар жасаған шытырасын.
Жаралыстан ғибрат алсаң,
Болар едiң ой құмар.

Неше түрлi гүл, жапырақ,
Әрбiреуiн қолыңа ал.
Құры көрiп, қойма бiрақ,
Онда не бар, ойға сал.

Түсi қандай, түрi қандай,
Тамыры бар неше тал.
Тесе қарап, тексере алмай,
Ұқпадым деп айтпа жал.

Өлсе өсiмдiк, тiрiледi,
Күн жылытып, тамса су.
Кейi – тамақ, кейi – дәрi,
Кейi – арақ, кейi – у.

Тән – терезе, ой қожасы,
Ойлап анық байқасаң.
Бар ғылымның түп атасы –
Таза ақылмен ойлану.

Зор мұхиттың дариясының,
Ең түбiнде бар балық.
Денесiнде сол балықтың,
Бiр нұры бар жап-жарық.

Сол жарықтың арқасымен,
Азық аулап күн көрер.
Оқы ғылым, нанбасаң сен,
Жалған емес, бұл анық.

Тағы бiр шөп ортасында,
Тiптi тәттi балы бар.
Тарауының ең басында,
Өткiр ине талы бар.

Балға қонса бiр шыбын кеп,
Шаншылады инелер.
Қылды қорек шөп шыбын жеп,
Таңырқарлық жайы бар.

Сиқырына таң қалатын,
Тас бар, аты – магнит.
Темiр оған құл болатын,
Бар осындай қасиет.

Магниттiң қуаты едi,
Қыбыланама дегенiң.
Терең оймен тексередi,
Табады ақыл керемет.

Мына маржан судан өскен,
Тал сияқты жануар.
Адам едi оны кескен,
Тағы өсетiн жаны бар.

Тiптi кетпес, шын жоғалып,
Байқасаңыз, барша жан.
Тағы дене тауып алып,
Тағы өседi, қайтадан.

Түрлi жандар дене түрлеп,
Өзгерiп тұр бұл ғалам.
Жоғалатын нәрсе жоқ деп,
Айтты ғылым байқаған.

Көзге сенiп, ойға сенбей,
Жанды жоқ деп қаңғырып.
Адасып жүр ақты көрмей,
Көңiлi соқыр көп надан.

«Ана сансыз кереметтi,
Кiм жаратса, Ие сол» –
Десе неттi, қойса беттi
Хақиқатқа жайнаған.

Шала дiн мен қате пәннiң,
Соңына ерме, шынға ер.
Мiнi – жаның, мiнi – тәңiрiң,
Мiнi – дiнiң, мiнi – иман.

 

ШӘКӘРІМ

Пікірлер Кіру