Ислам – ғылым діні

01 қыркүйек 2020 8025 0
Оқу режимі

Ислам ғылымды қолдайды, ешқандай қағидасына кереғарлық танытпайды, қайшылық жасамайды. Ислам ғылымның нағыз бұлағы болып табылады. Ол адамзатқа пайдалы һәм тура жолға бастайтын ғылымды уағыздайды.

Ислам діні келіп, тарап, халықтың көпшілігі білім ізденуге ден қойды. Бірақ ол кезде қазіргідей мектептер немесе жоғарғы оқу орындары болмады. Сол үшін де Ислам мәдениетінің білім бұлағы, ғылым орталығы, мектебі мешіт болды. Мешіт мұсылманның тек ғибадат ететін орындары ғана емес, сонымен қатар мұнда оқу-жазуды, Құран оқуды, шариғат ілімдерін және басқа ілім салаларын үйренді. Мешіттермен қатар оқу-жазуды, хат тануды үйрететін мектептер болды. Кейін, барып, тегін оқытатын оқу орындары ашыла бастады. Ол кезде оқыту жүйесі екі түрге бөлінді.

1) Дахили (ішкі) – бұл қазіргі мектеп-интернаттарға ұқсас келеді. Онда жағдайлары нашар отбасылардың балалары, алыстан келгендер және шетелдіктер оқыды.

2) Харижи (сыртқы) – бұл кәдімгі оқу орындары секілді. Онда білім алушы таңертең сабағына барып, біткен соң үйіне қайтады. Бұл оқыту жүйесінің екі түрінде де оқу ақысыз болды. Әрбір оқу орнында мешіт, аудиториялар, оқушылар бөлмелері, кітапхана, асхана, дәретхана, әжетхана болды. Ал кейбір оқу орындарында спорт алаңдары қоса салынған. Бұл оқу ғимараттарында жоғары дәрежелі ғалым ұстаздарға емтихан тапсырып рұқсат алғандар ғана сабақ беретін. Мұсылман басшыларының, байларының, саудагерлерінің жаңа ғимараттар салуына көмек берулері нәтижесінде оқу орындары көбейді. Алғашқы кезде оқытушыларға еңбекақы төленбеді. Бірақ бертін келе білім алу орындары көбейіп, өркендеген кезде оқытушылар еңбекақымен қамтамасыз етілді.

Әрбір мәдениет бір ғана халықтың не бір ғана ұлттың өнері болып есептеледі. Және оны жасаушы ұлт өкілін ғана мақтан тұта алады. Ислам мәдениеті – иісі мұсылман бауырлардың қолымен жасалған көпке ортақ мәдениет. Ислам мәдениетін діннен бөлек алып қарауға болмайды. Ислам дін мен ғылымды егіз тұжырымға санайды. Ал христиан ғылымды дамыту орнына көптеген ғалымдарды инквизиция сотымен тірідей отқа өртеді, соның салдарынан Еуропада ғылым кеш дамыды. Дін мен шіркеу Еуропа құрлығындағы түгел өркениеттің жолын бөгеген кертартпа қара күштер ретінде өмір бақи өшпес қара таңбамен танылып қалды.

Исламнан бұрынғы халықтар қол жеткізген ғылыми жетістіктердің болғаны рас. Мұсылмандар қысқа мерзімде-ақ оларды меңгеріп, иманнан алған күш-қуаттың арқасында есепсіз жаңалықтардың бетін ашты. Олардың еңбегінің қызығын бұл күні күллі адамзат көруде. Әсіресе мұсылман еместер көбірек көруде. Ислам ғалымдары шұғылданбаған, үлес қоспаған ғылым саласы жоққа тән. Мұсылман саяхатшылар қалдырған мәліметтер мен карталар арқылы Ертіс және Енесей өзендерінің жоғарғы аңғары мен Корея жағалауына дейінгі мекендер тарихта жазулы қалды. Мәселен, 1368 жылы қайтыс болған белгілі саяхатшы Ибн Батутта (1304-1368) сонау Зайтун (қазіргі Гонконг) аймағына шейін барғанын, аталмыш аймақтың дүние жүзіндегі ең үлкен теңіз порты екенін, 100-ден астам үлкен кеме мен сансыз кішігірім кемелер тұрақтайтынын, осы ғаламат сауда өнер кешендері шалғай таулардан теңіздер арқылы тасымалданғанын жазған.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру