Исламдағы сапар әдебі

05 қазан 2019 11654 0
Оқу режимі

Адам өмірінің басым көпшілігі сапар мен белгілі жерге жол жүруден тұратыны баршаға аян. Кез келген сапардың мақсаты мен себептері болады. Құран Кәрімнің  «Анкабут» және «Мүлк» сүрелерінде: «Жер жүзін кезіңдер де жаратылыс қалай басталғанын көріңдер» және «Ол сондай Алла, сендерге жерді көмпіс қылып жаратты. Ендеше оның айналасында жүріңдер. Оның ризығынан жеңдер. Кейін барар жерлерің сол жақ», – делінген.

Ғалымдар сапарды үшке бөліп қарастырған;

Құлшылық болып саналатын сапар, әдеттегі сапар, күнә болып табылатын сапарлар.

Алғашына кез келген ізгіліктің жолындағы сапарлар жатады. Мысалы: қажылық, ұмра, білім іздеу, адал ризықтың жолындағы сапарлар, жақын дос, туыстық қарым қатынасты жақсарту жолында, ауырғанды зиярат ету, екі дауласқан немесе ренжіскен адамдар арсын жарастыру  және т.б.

Әдеттегі сапарларға құлшылық пен күнә көзделмеген сапарлар жатса, күнә болып табылатын сапарларға адамдарға зиян келтіру, ұрлық, зорлық зомбылық, алдап-арбау, тағы басқа дінде күнә болып табылатын сапарлардың барлығы жатады.

Адамның өмірге келген  мақсаты Жаратушының әмірлерін орындап, бойұсыну болса, мұсылман адам өмірі зая кетпес үшін әр сәтін мүмкіндігінше құлшылыққа, ізгілікке толы болуды көздегені дұрыс. Себебі, кешкен ғұмыр, өткен өмірдің әрбір сәті сұралатыны ақиқат.

Сондықтан  әр өткен уақыт мұсылманның пайдасында болуы үшін Ислам діні қағидалар мен әдептер бекітіп, тура жол нұсқап отырған.  Ғалымдар бұл тақырыптың маңыздылығына тоқтала келе сапар алдындағы мұсылманның әдептерін белгілеген. Соның бірнешеуіне тоқталайық.

Ізгі ниет

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ақиқатында амалдар ниетпен ғана дұрыс болады», – деген. Яғни, сапарға шыққан адамның мақсаты – Алла риза болатын, ізгілік көздеген іс болуына мән беруі қажет.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Қандайда бір адам үйінен шыққан болса, екі тудың астында болады. Бірі – періштенің, екіншісі – шайтанның қолында. Егер Алла жақсы көретін істе болса, оның артынан періште туымен еріп, үйіне қайтқанға дейін періштенің туының астында болмақ. Ал, Алланы ашуландыратын істе үйінен шыққан болса, оның артынан шайтан туымен еріп, үйіне қайтқанға дейін шайтанның туының астында болады», – делінген.

Сапар алдында жақсы, жақын адамдармен ақылдасу

«Кеңесіп пішкен тон келте болмас» дегендей, сапар алдында жақындарыңыздан жөн сұрап алған абзал.  Бәлкім, барар жердің сіз білмейтін беймәлім тұстары немесе таңдалған уақыт қолайсыз болуы мүмкін. Бұл сенімді адамдардан  дұрыс мағлұмат жинау арлқылы білінеді.

Истихара намазын оқу

Екі рәкағат нәпіл намазын оқып, Алла Тағаладан сапардың қайырлы болуын сұрау керек. Бұл – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.)  сүннетінен болған амал. Алладан жәрдем сұрау.

Қарызды өтеп, алған аманатты қайтару

Құранда: «Аманаттарды иелеріне қайтарыңдар», – деліген. Адам алда не күтіп тұрғанын білмейді. Сол үшін де мұсылман үшін  кез  келген алынған зат, қаражат қияметке борыш болып кетпеуі тиіс.

Сапарға сенімді серік таңдау

Хадисте: «Адам досының жолында болады. Сендердің әрқайсың кіммен дос болғанына мән берсін», – делінген. Жақсы жолдас сапарда – үлкен көмек әрі жүректің тыныштығына себеп.

Жеткілікті жолазық, қаражат дайындау

Сапардың беймәлім тұстары мен кездейсоқ жағдайлары  көп. Кейде сынаққа толы болуы да  мүмкін. Сондықтан дайындалып шыққан дұрыс.

Мүкіндікке байланысты бейсенбі күні сапарға шығыу.

Бұл – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.)  сүннетерінен болған амал.

Сапарға ерте шығу

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):  « Аллам, үмметімнің таңын берекелі ете гөр», – деп дұға қылған екен. «Ерте тұрған еркектің ырысы артық» деген данышпан халқымыз да қандай да бір іске ерте кіріскенді құп көрген.

Сапар барысында бірнеше адам болса, араларынан басшы таңдау.

Бұл да – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетінен болған амалдардан. Сапардың берекелі, нәтижелі, жүйелі болуына септігі мол.

Сапар барысында араларындағы әлсіз, науқас, қарт адамдардың жағдайларын ескеру.

Сапарға бірге шыққан адамдар бір-біріне аманат және бір дене сияқты болулары маңызды. Бұл – дініміздің талабы. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сапар кезінде керуеннің жүру жылдамдығын араларындағы әлсіз адамдардың жағдайына байланысты реттеген екен.

Сапар барысында тоқтаған, түнеген жерлерін көркем күйде қалдыру

Хадисте: « Адамдардың қайырлысы – басқаларға пайдалы болғаны», – делінген. Мұсылман қоршаған ортаға пайдалы, көркем қатынасты,  ислам дінін сөзі мен ісі арқылы айналасына паш етуші адам. Олай болса кез келген теріс іс дініміздің атына кір келтіруі мүмкін. Осыған абай болуы керек.

Көп дұға қылу

Дұғаның маңыздылығы зор. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) күнделікті айтатын дұғаларында адамның қауіп қатерден аман болуына себеп болатын дұғалар легі көп. Біз білмейтін сынақтар дұғаның себебімен жеңілдеуі, өзгерілуі мүмкін.

Жаратылысқа назар салу

Сапар барысында көптеген жаңа елдімекендер мен табиғаттағы бұрын көрмеген көркем құбылыстар көрінері анық. Одан ғибрат алып Аллаға мақтаулар айту, нығыметтерін мойындау  Алланың ризалығына жол болып табылады.

Адамдармен көркем қарым қатынаста болу

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабасы Мұғаз бин Жәбалға (р.а.) айтқан өсиетінде: «Қайда болсаң да Алладан қорық, (жасалып қойған) күнәдән кейін сауап жаса, ол оны өшіреді және адамдармен көркем мінез құлықта бол», – деген екен.

Отбасына оралуға асығу

Ардақты Алла Елшісінің өсиетінде: «Кімде-кім сапардағы қажеттілігін аяқтаған болса, отбасына дереу оралуға асықсын», – делінген.

Алла Тағала әрдайым сапарымызды оң қылып, Өзі риза болатын амалдарға пайдалануды нәсіп етсін!

Қанат Қыдырмин
«Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру