ИСЛАМОФОБИЯ БІЗГЕ НЕ БЕРЕДІ?

18 қыркүйек 2023 1365 0
Оқу режимі

Жаңа замандағы көп талқыға түсіп жүрген тақырыптардың бірі осы әсіре діншілдіктен туындайтын терроризм, радикализм мәселесі болды. Әлемдік деңгейдегі саясаткерлер болсын, ислам ғұламалары болсын реті келген сайын исламның терроризммен байланысы жоқ екендігін тілге тиек етеді. Алайда әсіре діншіл кейбір ағымдар мен ұйымдардың ислам атынан жасап жатқан қантөгістері мен қатыгездіктері бұл сенімге селкеу түсіреді. Мәселен, соңғы жылдарда шет елдерден түрлі жолдармен әкелінген азаматтардың ұстанымдарынан осыны айқын аңғарғамыз. Елімізде де діннің атынан бірнеше мәрте террорлық әрекеттер орын алғандығы мәлім. Адам сенімге мұқтаж, алайда ол ақылмен, парасаттылықпен таңдалуы, орындалуы қажет. Ал сезімге, агрессияға негізделген сенім ол ұшпаққа шығармайды. Керісінше, асыл дінімізді құбыжық етіп көрсетіп, діннен қашуға, исламофобияға себеп болады. Одан соң

Исламофобияның дамуына әлемдегі кейбір саяси мүдделер себеп. Қарапайым халық сананы шырмаған толассыз ақпараттарға сенеді. Ал, ол өз кезегінде кейбір халықтардың іштей іруіне, құндылықтарынан безуіне түрткі болады. Оның үстіне расында да қазіргі мұсылман әлемінің бейнесі, мен мұсылмандардың аянышты ахуалы бұл селкемді қоюлата түседі. Басты себептері ислам мен ғылымның алшақтауы, діннің о дүниелік дінге айналуы, мұсылмандардың догматизмге ұрынуы.

Шәкәрім Құдайбердіұлы айтқандай: «Шын ақылмен таппаған дін, шын дін емес жындылық!» болып қала береді. Құранда да қанша аяттарда «Ақыл қылмайсыңдар ма?!, Ойланбайсыңдар ма?!» деген формада келеді. Демек, дін ақылды сыртқа ысырып тастамайды. Шәкәрім де:

«Ақылға билетпеген пенде айуан»,

Десем де бола қоймас сөзім ағат.

«Ақылыңа сынат, - деп дәлел айтқан»,

Құраннан табылады талай аят. -дейді ғой. Мұсылман әлемі ақыл мен ғылымға келе ме, немесе неге келмейді.

Бәленше ғылымның негізін қалаған түгенше мұсылман ғалымы болатын деп мақтанудан ары аса алмаған қазіргі мұсылмандар неге ғылымға бет бұрмайды. Оның да себептерінің бірі мұсылман елдерінің ой-саналық бодандықта болуы. Адам санасы көтерілмесе ұстанып жүрген діні қандай қадірлі болса да кітап артқан айуан сияқты болып сала береді. Ал дінге салқын қараушылар мұны табалай да, бездіре де біліп елді бөлшектеуін жалғастыра береді. Ақыры кімнің ұпайы түгел, кім жеңімпаз оны сіздің пайым, парасатыңызға тапсырдық...

 

Кеңшілік ТЫШХАНҰЛЫ

Пікірлер Кіру