ХАЛҚЫН ОЙЛАҒАН ПАТША

23 қазан 2024 915 0
Оқу режимі

Ертеде бір патша болыпты. Қол астындағы уәзірлері бір күні оның әміршілік айбарын асырып, халықтың оған деген құрметі мен сенімін арттыру үшін үлкен сарай салдырмақ болады. Алып құрылыстың іргетасын алтыннан қалап, жапсарларын қастасымен (асыл тас) бекітіп, мәрмәрдан діңгек қойып, төбесіне күмістен күптелген жұлдызша орнатпаққа шешім қабылдайды.  

     − Сарайды сөз жоқ саламыз, − дейді мұны естіген патша,

− бірақ қалай, қандай етіп салу керек... өз ішкі есебім бар. Сонымен патша уәзірлерін бастап, іске кіріседі. Тау басынан кесіп әкелген қарағай-шырша, бұта-бүргенмен әуелі бір кішкене лашық тұрғызып:

 «Бұл – патша тағы орналасатын бөлме» дейді. Артынша бірнеше бөлме лашық жасап:

 «Бұл – уәзірлер жиналыс ашатын мәжіліс зал» дейді.  Оған іштей наразы болған қол астындағылар:

 − Тақсыр, жай бұқара тұрағынан ешбір айырмасы жоқ мұндай жаман лашықта тұрып, қалай айбыныңызды асқақтата аласыз? − дейді. Бұл сұраққа патша:

 − Қазір халықтың күн көруі оңай емес, көптің есебінен алабажақ сарай тұрғызсақ обал емес пе? Қарамағындағы елге ауыртпалық әкелген патшада ешқандай айбын болмайды. Жұрттың уайымын сейілтіп, жеңілдік сыйлау бұл – нағыз билеушінің істеуге тиісті ісі, − деп жауап береді. Сөзін айтып бола сала, аймақтарға барып халықтың жағдайымен танысуға бірнеше уәзірін ертіп жолға шығады.

Бір күні патша жол бойында ыңырсып жатқан бір малшыға кез болады.

 −  Не болды? – деп сұрайды одан мейірі түсіп.

−  Қарным ашты... дейді малшы зорға тіл қатып. Патша оған өзінің жолға алған азығын береді.

−  Мынаны же. Сені аш қалдырған менмін, − дейді бәйек болып. Патшаның бұл мейірімділігіне қатты тебіренген малшы көзіне жас алып, ұсынылған асты қақалып-шашалып жей бастайды. Қасындағы уәзірлеріне бұрылған патша:

 −  Маған тиесілі азық-түліктен бір бөлігін алып, ашыққа жұртқа таратыңдар! – дейді бұйырып.

−  Онда өзіңіз қайтесіз? – дейді уәзірлері.

 −  Мен ас-суымды сұйықтау етіп ішіп, жабайы жемістен көп жесем жетіп жатыр, − дейді патша. Мұны естіген уәзілер әміршілеріне ұқсап өздерінің азықтарынан бір бөлігін алып, ашыққан елге үлестіреді. Екінші күні патша мен уәзірлері жұпыны бір ауланың  маңынан өтеді. Онда құдық бар екенін көрген олар су ішуге аялдайды. Қақпаға жақындағандарды көрген әлдебір қыз:

−  Үйде апам жоқ. Ішке кірмеңдер, − дейді дауыстап. Уәзірлер одан:

 −  Қорықпа бойжеткен. Патша келіп тұр, тез дарбазаңды аш! – дейді. Қыз одан әрмен жылап:

 −  Болмайды... болмайды! – дейді зар илеп. Осы кезде таяу жерден отыр арқалап келе жатқан бір шал көрінеді. Таяп келіп отынын жерге қойған әлгі кісі:

 −  Кешіріңіздер, іштегі қыз – менің қызым. Бойжетіп қалғанмен киерге киімі жоқ. Соған... – дейді сөзінің аяғын жұтып.

Мұны естіп жүзі қызарып кеткен патша дереу қоржынына қол салып, су жаңа шалбардан біреуін алып қыздың әкесіне ұстатады.

− Мен мұны қалай аламын – дейді шал оны кері қайтарып.

 − Мен аспан астын толық ретке келтіріп, жайлы өмір орната алмадым. Сіздің қызыңыз сол себепті киімсіз қалды, мені кешіріңіз, − дейді патша одан сайын қиналып.

Мұны естіген қарт кісі қатты тебіреніп, көзіне жас алып жылап жібереді. Ордаға қайтар жолда патша тағы бір қыстақты кесіп өтеді. Бір кезде көзі көшенің шетіне қылмыскерді байлап қойып, қаумажалап тұрған қалың топты көреді. Дереу ат басын бұрып:

−  Бұл не қылмыс жасаған адам? – деп сұрайды жергілікті әкімнен.

 −  Қамбадан астық ұрлады, − деп жауап береді әкім.

−  Сен неге ұрлық жасайсың? – деп сұрайды патша енді ұрыдан.

−  Біз қуаңшылыққа тап болдық. Ешбір өнім жинай алмадық, −  дейді ұры.

−  Мені де байлаңдар, − дейді патша тұрғандарға бұйырып, − өйткені оны ұрлық жасауға мәжбүр еткен менмін. Мұны естіп уәзірлер мен жергілікті әкім жүгініп отыра қалады. Араларынан біреуі:

 −  Оның қамбаға түсуі қуаңшылыққа болып, өнім жинай алмағаннан болды ғой, оған сіздің қандай қатысыңыз бар? – дейді.

 −  Халықтың қуаншылыққа қарсы тұруға қауқарсыз болуында менің де жауапкершілігім бар. Жейтін азығы жоқ жұрт ұрлық қылмағанда қайтеді? Тағы бір жағынан, мен елге дұрыс тәрбие бере алмадым. Маған қалай қатысы болмайды. Осылайша патша уәзірлеріне өзін байлауға бұйрық беріп, қылмыскердің қатарына барып тұрады. Төрт төңіректен ағылып келген ел оны көріп қайран қалады. Үнсіз күрсінеді. Патша халқын аралап қайтып келген соң үлкен лашыққа жиналысқа шақырып, уәзірлеріне:

 − Біреулер аш, біреулер жалаңаш жүр. Жұрт амалсыз қылмысқа барып жатыр. Мұның бәрі менің жіберген қателігімнің салдары.  Мен кемшіліктерімді мойныма алып, халықтың алдында есеп беремін, − дейді.

 Бірнеше күннен кейін орда сарайының сол жақ қабырғасына үлкен барабан орнатып, бұқара халықтың келіп соғып наразылықтарын білдіруіне мүмкіндік жасайды.

Ал оң жақ қабырғаға жалпақ тақта орнатып, онда жұрттың жиылып, патшаның жіберген қателіктерін сынап жазуына жағдай туғызады. Бұл арада қате сөйленген сөзге, қисық айтылған сынға жаза жоқ деп кеңшілік беріледі. Патша өзіне қатысты халқын, ұлтын қалтқысыз сүйгендіктен күнделікті тұрмыста өте қарапайым, өзіне қатаң сыншы болады. Соның арқасында қара орман жұртының құрмет, сүйіспеншілігіне бөленеді. Оның әділ де дана жетекшілігінде қалың бұқара да аузы асқа, иіні киімге жарып, бақытты тірлік кешеді...

Пікірлер Кіру