ХӘЗІРЕТІ ХАСАН БАСРИ

Хасан кішкентай кезінде Пайғамбарымыз Мұхаммед (571-632жж.) су ішкен ыдыс түбінде қалған суды ішкен екен. Пйғамбарымыз (с.ғ.у.) мұны естіген кезінде:
“Бұл бала ыдыстан қанша су ішсе, Құдайдан сонша ілім алады,”-деді. Хасан жаңадан туған кезінде оны Хәзіреті Омарға көрсетіпті, сонда ол:
“Есімін Хасан қойыңдар, өте реңді екен,”-депті.
Оған Шариғат заңдарын Хәзіреті Әли үйретіпті.
Хасанның сопылыққа қалай келгені жайлы қызық әңгіме бар. Сопы болмай тұрып ол зергер болған. Бірде Хасан Румға (Кіші Азияға) бір іспен барып, сұлтанның уәзіріне жолығады. Уәзір оған:
“Саған бірнеше күн күтуге тура келеді, себебі біз бір тірлікпен бірнеше күн сұлтанға еріп жүруге мұқтажбыз,”-деді.
Хасан ары қарай сұлтан, уәзірлері және басқа төңірегіндегі адамдармен бірге кетті. Жолдарында үлкен шөл жатыр еді. Шамамен ол шөлдің жартысына жеткенде әскерлер қоршап тұрған бір керемет шатырды көрді. Жауынгерлер топырлап ол шатырға кіреді, сосын топырлап шығады. Сосын олар шатырды айналып шығып, кетіп қалады. Одан соң шатырға бірнеше сыйлы ақсақалдар мен қадірменді қариялар кірді, олар да сосын әскерлер құсап шатырда бірнеше сөз айтты да, шығып, шатырды айналып, кетіп қалды.
Содан соң мұнда бірнеше емші-дәрігерлер келді, олар да жоғарыдағы кісілердің істегенін істеді. Олардан соң, бірінен бірі өткен екі жүздей сұлу қыздар келді, олар да шатырға кіріп, сәлден соң шығып қайтып кетті. Ең соңынан уәзірлерін ерткен сұлтанның өзі шатырға кірді. Ол бірнеше сөз айтты, сосын шатырды айналып шығып кетіп қалды. Мұның бәрін көріп таң қалған Хасан уәзірден бұл не нәрсе деп сұрады. Уәзір оған:
“Сұлтанның өте реңді, өжет ұлы бар еді қайтыс болған, соны осы шатыр астына жерлеген болатын. Жыл сайын осында барлығымыз келіп, бүгін көргендеріңізге ұқсас рәсімдерді орындаймыз. Алдымен сұлтанның жауынгерлері қабір басына келіп, ханзаданың әруағына:
“Егер біздің қолымыздан ажал Періштесін жеңу келгенінде, қиналмастан өмірімізді қияр едік, бірақ оған біздің шамамыз жетпеді,”-дейді.
Сосын данышпан қариялар келіп:
“Егер біздің іліміміз бен жинаған әдіс-тәжірибелеріміз сені сақтай алуға жеткенінде, біз сені ажалға тапсырмас едік, бірақ біздің қолымыздан ол келмеді,”-дейді. Одан кейін өңкей емші-тәуіптер келіп:
“Егер біз сені дәрі-дәрмектермен емдеп жаза алсақ, қолымыздан келгеннің бәрін жасап ажалдан құтқарып қалар едік, бірақ біз әлсіз болдық,”-дейді. Одан соң ару қыздар келіп:
“Егер біздің барлық сұлулығымыз бен сымбатымыз сені құтқара алатын болса, біз ештеңемізді аямас едік, бірақ оған шамамыз жетпеді,”-деседі. Сосын сұлтанның өзі уәзірлерін ертіп кіріп:
“Ұлым! Біз қолымыздан келгеннің бәрін істедік, сені құтқару үшін қаншама әскеріміз бен емшілер және басқа заттардың бәрін қостық, бірақ біздің ешқайсымыз Құдайдың ісіне қарсы тұра алмадық. Ендеше біз сенімен бүгін қоштасып, келесі жылы осы уақытта келеміз,”-деді.
Осы оқиға Хасанның жанында өшпес із қалдырды, сондықтан ол болашақ ажалға дайындалу үшін, бұдан былайғы өмірінің бәрін намаз бен құлшылыққа арнайын деп шешеді. Ол Басраға оралып, барлық ісін тастап, оңашаланып, өмірімнің соңына дейін ешқашан күліп көңіл көтермеймін деп ант береді. Сөйтіп ол жетпіс жыл бойы үзбей құлшылық жасаумен болады.
Хасанның атақты болатын себебі оның өмірінде бір ғана қажеттілік болды - ол Ұлық Құдай еді. Құдаймен оңаша кездесемін деген ол басқа ешнәрсені байқамады.
Фариддин Аттар "Тазкират ул-аулия" шығармасынан
аударған Жүрсін КӘРІМ