Көктем – ақыреттің дәлелі

05 наурыз 2019 1641 0
Оқу режимі

Ұлы Жаратушымыз мына дүниеде-ақ қайта тірілудің сансыз үлгілерін жаратып, сана иесі адам баласына қайта тірілтудің оңай екендігін көрсетуде. Иә, толғанып, ғибрат алмақ ниетпен пікір етсек, әрбір көктем қайта тірілудің дәлелі емес пе? Көктем қайта тірілудің сансыз үлгісіне толы.

Жазда жап-жасыл болып жайқалып, күзде жеміс-жидегін  шашу  етіп  шашқаннан  кейін  барлық  өсімдік әлемі  адамның  қартайған  шағындағы  шаштарының ағарғанындай  жапырақтары  солып,  сары  алтынға  боялып, біртіндеп төгіліп, өздері қурай бастайды. Қыс келгенде, бейне бір өлімге ұшырап, аппақ қардың астында қалады.  Тіршіліктерінің  тынысы  байқалмайды.  Міне, өсімдіктердің қыста ғы осы өлі қалпынан кейін сен оларды көктемде көр.

Көктем келіп, күн нұрына малына бастаған шақта күллі өсімдік әлемі әп-сәтте бүршік атып, гүлдерін ашып,  жап-жасыл  болып  жайқала  түседі.  Қысқы  өлік көктеммен қайта тіріледі. Абай атамыз:

«Жаз жіберіп, жан берген қара жерге
Рахметіне Алланың көңіл сенер.
Мал семірер, ақ пенен ас көбейер
Адамзаттың көңлі өсіп көтерілер
Қара тастан басқаның бәрі жадырап,
Бір сараңнан басқаның бейлі енер.
Тамашалап қарасаң Тәңрі ісіне
Бойың балқып, ериді іште жігер» – деп жырлағандай, көктемде айналаңа қарасаң, сен де өзіңді қайта тірілгендей сезінесің. Өйткені айналаңдағы табиғат жаппай қайта тірілуге, жаңа өмірге, қайта келген құстардың тамылжыта сайраған әсем әніне тұнып тұр. Қыста ызыңы жоғалып, аты өшкен шыбын-шіркей көктемде қайта пайда болып, үсті-басыңа қонып мазаңды алады. Бірақ сол ызыңымен саған қайта тірілетініңді меңзеп тұрғандай. Иә, қысқы өлімнен кейін өсімдік әлемін, адамнан қанша есе көп жалпы жәндіктерді қайта жер бетіне шығарған Ұлы Жаратушымыз адам баласын өлім қысынан кейін қайта тірілтеді. Себебі, адам өсімдіктен де, шыбын-шіркей, жәндіктерден де маңызды әрі мағыналы.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру