КӨҢІЛ

Осы қазақта " көңіл" деген сөз бар. Басқасын қайдам, баяғы қазақ үшін көңілден қымбат ештеме болмаған. Көңілге ерекше мән бергені сонша, " қалған көңіл- шыққан жанмен бірдей"- деген. Бұдан асырып қалай айтуға болады.
Қазақ - көңілге қараған, көңілге ұйыған халық. Көңіл- ұлпадан жұмсақ, қылдан нәзік, сүттен ақ, жібектен әдемі, судан мөлдір, желден жүйрік нәрсе. Қазақ көп нәрсені көңілге әкеліп тіреген. Олардың мысалы: көңілін табу, көңілін аулау, көңілін көтеру, көңілін жықпау, көңіліне қарау, көңілін сұрау, көңіл айту, көңіл білдіру, көңілін қалдырмау, көңіліне тимеу т.б " Көңіл- көңілден су ішеді"- деген қазақ. Қолы ашық, ниеті таза, көкірегі кең адамды " көңілі көлдей" деген. "Көңіл жүйрік пе, көк дөнен жүйрік пе?"- деген. Әрине, көңіл. " Көңіл бір атым насыбайдан да қалады", " Көңіл сыйса, бәрі сыяды"-- деген де бар. Көңіл шаппаған нәрседен көп нәтиже шықпайды. Бұрынғы қазақтың " Көңілсіз к..тен көрдемше бала туады"- дегені сол. Жақсы, жайлы отырысты- көңіл көтеру деген. "Көңілдес" сөзінің негізгі мағынасы көңілі жетерлік адамды айтқаны.
" Көңілшек" дегені иі жұмсақ адамды айтқаны. Аса көңілшектік кейде абырой әпермейді. Қу адам пайдасына асырып кетеді. " Көңілшектің к..і ашық"- деген де сөз бар. Жарықтық Абай " Көңілім қалды достан да, дұшпаннан де, алдамаған кім қалды тірі жанда"- деп күйзелді.
Айтпақшы Абайдың " көңілсіз құлақ- ойға олақ"- дегені де бар. Метафоралық қолданыс. Абай " ақпа құлақты" осылайша түрлендірді. Көңілсіз құлақ - ниеттің, ықыластың, білмекке деген құштарлықтың жоқтығы. Қысқасы білмекке көңілі шабан. " Көңіл шабан"- деген тіркес халық әні " Екі жиренде" бар. Шабан көңіл - шалдуар, шаршағыш, немқұрай, немкетті.
Көңіл - адамның айнасы. Ол кірлемесін, ол шытынамасын деңіз. Оны тазарту, жамау мүмкін емес. Көңілге қарап сөйлеу- ізгі, иманды, көргенді, мәдениетті адамның амалы. Өз көңілін ойлаған адам- өзгенінің де көңілін ойласа керек- ті. Қазақша айтқанда " көңіл қалмасын, көйлек жыртылмасын", достар. Тұтамдай өмірде тұмадай көңілден қымбат не бар?