Көркем мінездің пайдасы

16 сәуір 2021 8063 0
Оқу режимі

Ислам діні адамдар толық ұстанған кезде әрі осы дүниеде һәм ақыретте бақытқа қол жеткізе алатын өмір сүру тәсілін ұсынады. Оларды бойға сіңіру адамды ислам құлқына, әдебіне ие етеді. Діннің бұйрығы бойынша өмір сүру – көркем мінез-құлыққа, адамгершілікке  сай өмір сүру болып табылады. Көркем мінез-құлық иманмен тығыз байланысты және өзегін діннен алады. Құран кәрім, сүйікті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірі мен асыл сөздері – Исламның көркем мінез-құлқын қалыптастыратын негіздер. Ислам мақұлдаған көркем мінез күллі адамзатқа ортақ қағидаттары жеке адам мен түгелдей қоғамның ұлы Жаратушы разы болатындай бейнеде өмір сүріп, бақытты болуын көздейді. Көркем мінез-құлықты кемеліне жеткізген сүйікті Пайғамбарымызды (с.ғ.с.)  Алла Тағала қасиетті Құранда: «Расында, сен аса көркем мінез иесісің»,[1] деп сипаттайды.

Көркем мінез-құлықтың  жеке тұлғаға пайдалары

Адам баласы ислам талап еткен мінез-құлық негіздеріне сай жаратылған. Ислам мінез-құлқы ең кәміл жаратылыс болып табылатын адам баласына ерекше  мән берген. Өйткені  ислам діні бойынша, адам – болмыстардың ішінде ең жоғары тұратын жаратылыс. Сондықтан да ислам діні ұсынған адамгершілік құндылықтар осындай осындай жоғары дәрежедегі адам баласының әрдайым дамып-кемелденуін,абыройын сақтап дамыта түсүін назарда ұстайды. Исламның көздеген адам образы – менмендіктен алшақ, өзінің міндеттерін, жаратылысын және өз мүмкіндіктерін бағамдай алатын, мүмкіндіктеріне сенетін тұлға. Осы сезімнің арқасында адам өзін дамыта отырып құлықты жаратылысқа айналады. Осы бағытта қалыптасатын мінез-құлық сырттан, еріксіз түрде қабылдаған емес, адам табиғатының ерекшелігіне сай пайда болатын кәміл мінез-құлық болып табылады.  Мінез-құлқы жақсы адам сырттан басқарылатын емес, өзі-өзін басқара алатын адам.

Көркем мінез-құлықтың қоғамға пайдасы

Қоғамдасып өмір суруге бейім жаратылған адам баласы өмір сүре білу үшін қоғамдық ортаны қажетсінеді. Адам деген атқа лайық түрде өмір сүріп, бақытты бола білу үшін қоғамдық ортамен үйлесімділікті сақтау қажет. Сондықтан мінез-құлық адамның өз болмысымен қатар өмір сүріп отырған қоғаммен де үйлесімді түрде өір сүруін қамтамасыз етеді. Әз Пайғамбар (с.ғ.с.) мұндай тұлғаны былайша сипаттайды:

«Мұсылман – өзге адамдармен жақсы қарым-қатынас жасайтын және өзге адамдар да онымен жақсы қарым-қатынас жасайтын адам. Жақсы қарым қатынас құра алмаған және өзгелер де онымен  жақсы қарым-қатынас жасай алмаған адамнан пайда жоқ»[2]

Мұсылман баласы үшін Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) үлгі алу – адами әрі имани тұрғыдан міндет. Дініміз ислам мінез-құлық тұрғысынан күшті, берік қоғам құруды қалайды. Ислам мақсат еткен қоғам – жақсылық пен ізгілік атаулыны паш етіп, жамандық пен арсыздықтарға  қарсы тұру жағынан алғанда үлгі-өнеге боларлық қоғам. Әрине, бұл улгі ізгілік және тақуалық жолында бір-біріне қол ұшын береді, өзі үшін қалаған нәрсені  басқалар үшін де қалайды, жеке бас мүддесінен қоғам мүддесін жоғары қояды, бойында күллі жақсы қасиеттерді жинақтап оны өмірімен көрсете алатын тәрбиелі, өнегелі тұлғалардан құралады.  

Дін мен мінез-құлық адамзат тарихы бойынша бір-біріне тығыз байланыса отырып, бір-біріне ажырамастай күйде астаса дамып келген. Діннің түпкі мақсаты – адамды Алланың разылығын көздейтін мінез-құлыққа жеткізу. Қорыта айтқанда, адамдардың арасында қарым-қатынастарды реттейтін қағидаттар, заңдылықтар жиынтығы ретінде дін ұсынған мінез-құлық адамның бақытын көздейді

Атембаев Жандос
Нұр-Сұлтан қаласы,
«Төлебай» мешітінің ұстазы

 


[1] Қалам сүресі, 4-аят
[2] Ахмад, Муснәд, 2/400

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру