КӨРКЕМ ӨМІРДІҢ КІЛТІ – РАЗЫЛЫҚТА

04 мамыр 2023 2862 0
Оқу режимі

Біз жақынымыз қайтыс болғанда не үшін жылаймыз?

Көп жағдайда, адам жақынынан айырылғанда онымен болатын сәттер, сезімдердің енді қайталанбайтынын ойлап қайғырады. Түптеп келгенде, дүниеден өткен жақыны үшін емес, өзі үшін қайғыруда. Яғни, ол Алланың берген нығметін (адамды)  иемденіп алған деуге де болады... Ал расында, адамның өз Иесі бар емес пе?! Оны жаратқан Алла, қайтарып алғысы келсе де, өз еркі.

Пайғамбардың сахабасы Әбу Талханың баласы қайтыс болғанда әйелі Үммі Суләймә қайғылы жағдайды әкесіне айтпас бұрын: «Сізге біреу өз дүниесін уақытша беріп, кейін қайтарып алса, ренжімей разы боласыз ба?» деп сұрайды. Сонда әлгі сахаба: «Жоға, несіне ренжиін, ол өз дүниесін қайтарып алды ғой» деп жауап береді. Осы жауапты күтіп тұрған әйелі: «Олай болса, Аллаға да разы бол. Бүгін бізге уақытша берген нығметін Өзіне қайтарып алды» деп ұлының қайтыс болғанын жеткізеді.

Дүниеден өткен жақынымызды шын мәнінде жақсы көріп, ол үшін алаңдайтын болсақ, ахіреттегі жағдайы  үшін оның атынан Құран оқып, садақа беріп, сауапты амалдар жасауға тырысуымыз керек емес пе еді?!..  Алланың тағдырына разылық танытқан адам, босқа қайғырмай, осылай істесе керек-ті.

Тағдырға разылық – бақытты өмір сүрудің негізгі кілті. Тағдырға разы болу – өмірінде болып жатқан кез келген жағдайды Алланың қалауымен болып жатқанын біліп, кейімей, реніш білдірмей, қуанышпен қабылдау. Өмірдегі бар жағдайдың бүкіл әлемнің раббысы – Алланың жасап жатқанын қабылдаған адамда уайым да болмайды. Ал өз қалауының болуын қалаған адам істің нәтижесі оң болмай қалса, көңілі түсіп, ренжуі, өзінің бақытты қалпынан айырылуы  мүмкін. Себебі, адам – қателесуші, ал ұлы Алла – қателесуден пәк. Сондықтан да, істің нәтижесін Алладан күткен адам уайымнан ада болады. Алла Тағала Құранда: «Бәлкім, жек көрген нәрселерің түбінде сендерге қайырлы болуы мүмкін. Ал жақсы көрген нәрселерің сендер үшін зиян болуы мүмкін. Ақиқатын Алла біледі, сендер білмейсіңдер» [1] деу арқылы басымызға қандай жағдай келсе де, Алланың жақсылығынан үміт етіп, разылық танытуға шақырады.

Алдыңғы пайғамбарлардың біріне Алла Тағала уаһи арқылы мына нәрсені білдіреді: «Жәбрейіл періште жер бетіне түскен кезде ықыласпен ғибадат жасап жатқан бір адамды көреді. Оның бұл тірлігін ұнатқан Жәбрейіл: «Ей Раббым! Бұл қандай жақсы құл» деді. Алла Тағала: «Ей Жәбрейіл Ләуһул махфузға (тағдырлар кітабына) қара!» деп бұйырды. Жәбрейіл Ләуһул махфуздан ол адамның тозақтықтар арасында жазылғанын көрді. Алла Тағаладан: «Ей Раббым! Мұның хикметі неде?» деп сұрады. Алла Тағала: «Істеген нәрселерімнен ешкімге жауапты емеспін. Құлдарым жайындағы ілімімді түсінуге ешкімнің ақылы жетпейді (ешкім түсіне алмайды)» деп жауап берді. Жәбрейіл періште: «Ей Раббым! Рұқсат берсең, ол адамға барып жағдайын білдірейін» деді. Рұқсат берілгеннен кейін ғибадат жасап жатқан адамға барып: «Сенің жасаған ғибадаттарыңды Алла Тағала қабыл етпеді, Ләуһул махфуздан сенің тозақтықтар арасында екеніңді көрдім» деген кезде әлгі адам есінен танып қалды. Жәбрейіл періште оның есін жинауын күтті. Есін жиғаннан кейін әлгі адам: «Я, Раббым! Саған шүкір етемін. Шүкір еткен құлдарың саған қалай шүкір етсе, мен де дәл солай шүкір етемін» деді. Сосын Жәбрейіл періштеге қарап: «Ол біздің Раббымыз. Бүкіл  іліми құдіретінің кәмілімен, мейрімділігімен және шапағатымен менің жағдайымның осылай болуын дұрыс деп шешкен екен. Бұған да шүкір етемін. Ол мені менен де жақсы біледі» деп қайтадан сәжде ете бастады. Сәжедеде тұрып Алла Тағаланы тәсбих ете бастады. Жәбрейіл періште болған жағдайды Алла Тағалаға айтып әлгі адамның халіне алаңдайтынын білдірді. Сонда Жәбрейілге Алла Тағала тағы бір рет барып Ләуһул махфузға қарауын бұйырды. Бұл жолы Ләуһул махфузда әлгі адамның жұмақтық екені жазылып тұр еді. Жәбрейіл Алладан мұның сырын сұрағанда: «Менің істерімді құлдарымның ақылы түсіне алмайды» деп жауап берді. Жәбрейіл бұл жағдайды әлгі адамға қайтадан білдіргісі келді, оған рұқсат берілді. Ғибадат жасап жатқан адамның жанына келіп: «Саған сүйінші! Сен жұмақтық болдың» деді. Әлгі адам бұл айтылғандарға таңданбады, жүзінен де еш өзгеріс байқалмады. Отырған жерінде Алла Тағалаға шүкір және тәсбих етуін жалғастыра берді[2].

Ең ауыр тағдырға разы болған құлдың бұл әрекетін көріп, өз басымыздағы болмашы сынақтарға (разылықтан бұрын)  сабырлық та таныта алмайтынымыз өкінішті.

Көпшілік адамды «Алла маған разы ма екен» деген сұрақ мазалайды. Алла Тағаланың разылығының бір белгісі – құлдың Аллаға разы болуында. Мәселен, Құранда  Алла Тағала: «Раббыңа қайт: Сен Раббыңнан, ал Раббың сенен разы болған күйде» [3] делінген. Бұл аятта Құдайдың разылығы сенің разылығыңнан кейін келуі бекер емес. Тіпті, құдси хадисте: Пайғамбарымыз: «Алла Тағала айтады:  Құлым Мен жайлы қалай ойласа, Сондаймын. Ол Мені еске алса, онымен біргемін. Құлым Мені жеке еске алса, оны жеке еске аламын. Егер Мені  жамағаттың арасында еске алса, Мен оны одан хайырлы болған жамағат  арасында еске аламын. (яғни, Өзіне жақын болған періштелер арасында)», деген [4]. Демек, жоғарыдағы аят-хадиске көңіл бөлсек, Алланың разылығына жетуіміз үшін алғашқы қадамды өзіміз жасаудың  қажеттілігі айтылуда. Байқағанымыздай, тағдырға разы болу – бақытты өмір сүрудің кілті болып қана қоймай, Алланың разылығына жеткізбек.

Алла Тағала баршамызды Өз тағдырына разы болған құлдардың қатарынан еткей! Әәмин!

Жанар Ғарифоллақызы

 

[1] «Бақара» сүресі, 216-аят

[2]  https://www.islamdini.kz/articles/315

[3] «Фәжр» сүресі, 29-аят

[4] Бухари, Муслим

Дереккөз: Muslim.kz порталы

Пікірлер Кіру