КӨРПЕ ТЫШҚАНБАЙ АҚСАҚАЛДЫҢ ƏҢГІМЕСІ

23 қаңтар 2025 817 0
Оқу режимі

1921 жылы Қараша айының соңғы мезгілі. Күн май тоңғысыз жылы. Бай ағайынның жылқысын бағамын. Үстіртің үсті, ақбұйрығынның дəнденіп пісіп, малға бал татитын кезі.

Күн ұясына еңкейе батыстан тырнақтай қара бұлт көрінді. Көрініп тұрған қарадан, көрінбей тұрған бұлт жақын демекші, əлгі тырнақтай бұлт бірте-бірте үлкейіп жақындай берді.

Жан-жағы кеңіп, қалыңдана бастады. Бұлтқа қараған сайын көңілім қобалжи береді. Күн суытарда тай-құлындар шұрқұрап енесін іздей бастаушы еді.

Ондай белгі білінбейді. Соған қарап көңілімді бірлеймін. Бітекене уақыт өткеннен кейін, тай-құлындар шұрқырай бастады. Бір жамандықтың боларын сезіп, жылқыны жинақтай, қырдан құлатуға бағыттадым.

Бірақ кеш еді. Қар ұшқындап, ызғары қарып барады. Əп-сəтте қарлы боран басталдыда кетті. Ендігі ойым жалқыдын айырылып қалмау. Ыққан жылқыны жинақы ұстау керек.

Ішіндегі қажарлы жуас семіз торы айғырды ұстап мініп алдым. Ыққан жылқымен бірге ығып келемін. Бұндайда қасқырдың да құтыратын кезі.

Ол кезде үздіксіз айқай керек. Ыққан жылқы бөлініп кетпес үшін шамам келгенше жинақы ұстауға, бар күшімді салып келемін.

Астымдағы қажарлы жылқы еді. Соның арқасында шашау шығармадым. Уақыттың қанша болғанын білмеймін. Бір кезде бір ықтасынға келгендей болдық.

Байқап қарасам қалың сексеуілдің ықтасыны екен. Өзімше Қаратүлей болды-ау деп болжадым. Боранда сəл ішін тартқандай болды. Сөйтіп боран да басылды, айналаны шамалайтын уақыт болып қалған екен.

Таң да бозамықтанды, қарасам жылқымның қарамы 2,3 есе көп. Басқа да ыққан жылқылар қосылған екен. Бір кезде анандай жердегі атты адамға көзім түсті.

Аттың үстінде қақшиып отыр. Дауыстасам үн қатпайды. Жайлап жақындап "-Əй, адамбысың, перімісің?"деп айқайлап едім, оғанда жауап болмады. Жанына келсем бір үлкен кісі екен.

Əбден тоңған екі көзі жұмулы, үсіп қалған ба деп қолтығына қолымды салсам, жылы екен. Жалма-жан аттан түсіріп, етігін шешейін десем шешілмейді.

Пышағыммен қонышын тіліп жіберіп етікті шешіп, беліндегі мата белбеуін екіге бөліп, аяғын орадымда, жылқы ішіндегі жуас, семіз ту биені ұстап, əлгі кісіні соған отырғыздым.

Жылқышының қанжығасында əрдайым арқан болады, сонымен құлап қалмайтындай етіп таңып, биені жетекке алып, жортып отырдым.

Себебі биені бусандыру керек. Əрі-бері жүргеннен кейін семіз бие бусанып, танауынан бу будақтай бастады.

Неде болса жүріңкіреп барып көрермін деп келемін. Бір уақытты əлгі кісі тілге келді. Əуелгі айтқаны:"-Бұл қай жер?"-деді. "-Қаратүлейдің оңтүстік беті"-дедім. Содан біраз үнсіз қалды. Бұл кезде таң атып, айнала толық көрінген мезгіл еді.

Біраз жүргеннен кейін əлгі кісі дұрыс тілге келді. Бұл бір дəулетті кісі екен, анда-санда жылқының өріс-отын байқауға, жер шолуға өзі шығады екен.

Содан боранға тап болған. Өзі көпті көрген парасатты адам көрінеді. Маған "Сен мені мына ту биеге отырғызуды қайдаг білдің?"деді. Мен бұрын естігенімді айтып жатырмын. "О Жасаған, əлде де көретін жарығым бар екен, Алла саған кез қылған.

Мені жанымды алып қалған əуелі Алла, сосын сен, үшінші мына бие. Оған себепші болған сенсің. Бос белбеу ынжық біреу болғаныңда мен өліп қалатын едім. Кел батамды берейін"деп төгілдіріп тұрып батасын берді.

Бата бергенде бойымды ерекше сезім биледі. Жетім өскен жазған қайбір жылы сөз естуші еді. Əкем тіріліп келгендей болды. Өзім бір ерекше іс бітіргендей марқайып қалдым. Сөйтіп аппақ қар басқан жазық дөңде жылқыны қаптата айдап келеміз.

Бір кезде көз ұшыннан ноқаттай қара көрінді. Бізге қарай суыт жүріп келеді. Байға келіп амандасқандай сəл кідірді де, жорғасын жосылтып маған келді.

Бұл келген байдың баласы екен. Менен үш-төрт жастай үлкендігі бар, келбеті ірі жігіт екен. Сол кезде менің жасым жиырмада, жалғыз шешем бар, əкем ерте өліп қалған. Жылқыларды бай баласына тапсырып, бай ауылына келеміз.

Жолда жылқы малының көптеген қасиеттерін айтып келеді. Өзі де жасынан жылқы бағып, осы түлікті жанындай сүйетін жан екен. Бес баласы бар екен. Бəрінің азамат болып өскенін сүйсініп айтып келеді. Анадайдан байқағаным бір береке қонған ауыл сияқты.

Келе, балаларына тапсырма берді:"-Жылдам екі жабағының терісін мес қылып сойың"-деп ыждағаттап айтып жатыр. Маған аузыңа іштеме алушы болма деді.

Шамамен 20-30 минуттай уақытта жабағының мес қылып сойылған екі терісі келді. Бөлек үйге барып, екеумізде местің ішіне барып кірдік. "-Жабағының еті піскенше осының ішінде отырамыз"деді.

Шамасы екі сағаттай отырдық-ау деймін. Əлгі местің іші жартылай су болып кетті. Тамақ дайын дегенде, местен шығып, сүртініп асқа отырдық.

Семіз жабағының етін біраз еңсердік, жаңағы істеген емі екен. Бойдағы суықты терімен алады дейді. "-Осылай істесе, жасы жеткен адам да құлындай құлдырып кетеді қарағым, осы есіңде болсын" деп біраз əңгіме айтып тастады. Сол ауылда бір күн қонып, еліме қайтатын болдым.

Бай балдарына "Мына баланың малын шашау шығармай ауылына маңайлатың"деп тапсырдыда, маған қарап:"-Ал қарағым, батамды кеше өлімен-тірінің арасында бердім.

Алдыңа үш тайлы бие, астыңа бір қара жорға мінгізейін деп отырмын. Бұл алды-арты емес, кеудемде жаным болса, Алла Тағала несібемнен айырмаса тарықтырмаспын"-деп мені жолға салды.

Ой сонда менің шаттанғаным-ай. Астымда Қаражорға, үш тайлы биемен атымды қоса айдай тербеліп ауылға келдім. Алдымнан бай ағайыным шықты:"- Аман түгіл алмастан, мал қайда?

Астыңдағы жорға, алдыңдағы мынау не жылқы?" деп ақырады. "-Отағасы бар малың түгел аман-сау, енді өзің ие бол"-дедімде, үйіме келіп, шешеме бар жағдайды айтып, қараша інгенге, төрт қанат жаппамызды артып, етене жақын ағайынның арасына көшіп бардым.

Манағы ақсақалдың батасы қабыл, қолы қайырлы болып біраз малдандым. Үйленіп үйлі-баранды болдым.

Сөйтіп жүргенде үкімет əлдіге тартып, малды алды. Қара басымыз қайғы болды. Содан Шағадам барып ауыр еңбекпен нан тауып, бала-шағаны өлтірмей осы күнге жеттік қой деп əңгімесін аяқтады.

Жеткізген СЕЙТОВ

 

 

Пікірлер Кіру