Күнәміз таудан үлкен, тастан қатты...

05 наурыз 2019 20926 0
Оқу режимі

Күнә істеу пендеге жараспаса да, Жаратушы иеге әрдайым кешірім ету жарасқан. Күнәлары үшін құлдардың Алла Тағаладан жалбарына кешірім тілеуі араб тілінде «истиғфар» деп аталады. «Астағфируллаһ» (астапыралла) деген сөз осыдан туындап, Алладан өзіме кешірім тілеймін дегенді білдіреді. Сөз арасындағы «Құдай өзі кешірсін» деген де осы мағыналас.

Құран мен хадистерде кешірім тілеуге ынталандыратын сөздер көп кездеседі. Айталық, «Раббыларыңнан кешірім тілеңдер, Ол көп кешірім етуші»[1]; «Ағаттығыңа кешірім тіле! Раббыңды ертелі-кеш мақтап, ұлықта»[2]; «Мінсіздігіңді айтып Сені ұлықтаймыз. Мен өзіме кесір қылдым, кешіріміңді тілеймін»[3] деген аяттар осының айғағы.

Ардақты Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да (күнәдан пәк бола тұра) үнемі аузынан истиғфарын тастамай жүруді өзіне әдет еткен. Бір ерекшелігі – оны үзбей, белгілі бір саннан аз айтпағандығы. Әбу Хұрайрадан (р.а.) риуаят етілген хадисте «Ант етейін, мен күніге Алла Тағаладан жетпіс реттен көп кешірім тілеймін»[4] десе, басқа бір сөзінде күн сайын жүз рет кешірім тілегендігі айтылады.

Әз Елшінің (с.ғ.с.) бұл әдетіне жиі куә болған Әбу Хұрайра (р.а.): «Мен пайғамбарымыздан көп өзіне кешірім тілейтін адамды әлі көрмедім», – деген екен.[5]

Көп хадистерінде үмбетіне де күн сайын кешірім тілеп жүруді өсиеттеп, «Күніге жетпіс рет күнә істесе де кешірім тілеген адам әлгі  күнәда табандап тұрып алушы болып есептелмейді»[6], – деген.

Күнәнің артынша ізін суытпай истиғфар айтылуы тиіс. Өйткені, кешірім тілеу сол істің күнә екенін сезініп, пұшайман күй кешуді, сондай-ақ жасалған күнәларды бақылап тұрған Раббымыздың бар екенін ескеріп, өте кешірімді екенін еске алуды білдіреді. Кешірім тілеудің қаншалықты маңыздылығы жайында бір хадисте: «Кімде-кім жатарда үш рет «Астағфируллаһал Азим, әлләзи лә иләһа иллә хуәл-Хайюл-қайюум» (Өзінен басқа тәңір жоқ, тірі әрі сәт сайын бәрін бақылап тұрған ұлы Алладан кешірім тілеймін) десе, оның күнәлары теңіз суының тамшыларындай көп болса да, кешіріледі»,[7] – делінген.

Кешірім тілеудің де өзіне тән әдебі жоқ емес. Айталық, кісі кешірім сұрарда әуелі Алла Тағаланың ұлылығы мен құдіретін еске алып, тәкбір мен тәсбих айтуы керек. Артынша Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айтып, сәлем жолдау да истиғфардың қабыл болуы үшін өте маңызды. Өйткені, салауат қабыл болатын дұғаға жатады. Ең жақсы кешірім тілеу дұғасы (сәидул-истиғфар) деген де ұғым бар. Мына дұғаның соған жататындығы айтылады: «Алла Тағалам, Сен менің Раббымсың. Ғибадат етуге лайық Өзіңнен басқа құдай жоқ. Мені Сен жараттың. Мен Сенің құлыңмын. Әу баста Өзіңе берген уәдемде тұруға шамамның келгенінше тырысып жатырмын. Жасаған қателіктерімнің кесірі тимесін деп Саған сиынамын. Маған берген нығметтеріңе алғыс пен шүкір айтып, күнәларымды мойындап тәубе етемін. Мені кешір. Күмәнсіз, тек Сен ғана күнәларды кешірушісің».

Бұл дұға жайлы пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген: «Кімде-кім сауабы мен артықшылығына шын сеніп, осы дұғаны күндіз оқып, кешке дейін қайтыс болса, жұмаққа барады. Егер осылай кешке оқып, күндізге дейін қайтыс болса, тағы жұмаққа барады»[8].

Кешірім тілеген адам бұны шын көңілімен айтуы тиіс. Шын өкінгенін білдіріп, тек тілмен емес, іс-әрекетімен де дәлелдеп, сол қателікті қайталамауға тырысуы керек. Сондай-ақ, кешірімді тек өз басына емес, туған-туыс, дос-жаран, ата-анасына, тіпті күллі мұсылман үмбетіне де жасай алады. Оны мына аяттан көреміз: «Уа, раббымыз! Есепке тартылатын күні мені, ата-анамды және барша мүминдерді кешіре гөр!».[9] 

Бір ескерте кетерлігі, әркім өзінің жағдайы мен жасаған күнәсіне қарай күніне «астағфираллаһ» пен «субханаллаһты» мыңдап айтса да артықтық етпейді. Мәселен, Әбу Хұрайраның (р.а.) күніне он екі мың «Субханаллаһ» деп айтуды әдет еткені риуаят етіледі. Оған әлдекімдер «Мынауың көп емес пе?» – дегенде, ол кісі: «Күнәм қаншалықты болса, Алланы да соншалықты ұлықтаймын»[10], – деген екен. Әрине, бұл әйгілі сахабамыздың күнәсінің көптігін емес, тақуалығының күштілігін аңғартуда.

Кісі истиғфарда күнәларына кешірім тілегеннен кейін соңында да Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат пен сәлем жолдауы керек.

Ата-бабаларымыз да шынайы мұсылман ретінде Алладан кешірім тілеп жүруді өзіне әдет ете білген. Өйткені, ағаттығың үшін басқадан кешірім сұрау адамдар арасында мәдениеттіліктің белгісі болса, ал күнәларың мен қателіктерің үшін Алла Тағаладан кешірім сұрап жүру – нағыз имандылықтың белгісі.

Дулат Бабатайұлы бір өлеңінде «Күнәм жойқын, тәубам аз» деп қынжылса, жарапазан шумақтарында мынандай өлең жолдары да кездескен.

Құдай-ау, айналайын, несібе бер,
Күлген мен ойнағанды кешіре гөр?!
Күнәміз таудан үлкен, тастан қатты
Су сеуіп, тозақ отын өшіре гөр?!

Қ.Сабыржанұлы


[1]  «Нұх» сүресі, 10-аят.
[2] «Мүмин» сүресі, 55-аят.
[3] «Әнбия» сүресі, 87-аят.
[4] Мүслим, Зікір, 41.
[5] әл-Құртуби, әл-Жамиил ахкамил-Құран, l V, 210.
[6] Тирмизи, Дағуат, 107.
[7] Тирмизи, Дағуат, 17.
[8] Бұхари, Дағуат, 2.
[9] «Ибраһим» сүресі, 41-аят.
[10] Ибн Шәйба, әл-Мусаннаф 5/345.
 

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру