Күпір мен тәкфир түсінігі

06 қараша 2020 12092 0
Оқу режимі

Күпір сөзі араб тілінде «жабу, жасыру, қарсы шығу», деген мағына беретін «куфран» сөзінен шығып, «көпшілік жамағат мұсылман деп білген адамды қасақана күпірлікпен айыптап үкім беру». Сондықтан тәкфир сөзі мұсылман болып иман жолынан тайған адамға қолданылады. Кәфир екендігі анық белгілі болған адамға бұл сөз қолданылмайды. «Күпір - Алла Тағала тарапынан пайғамбарларғаға уахи етілген және Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) жеткізген дін негіздерін жасырған сондай-ақ жоққа шығарып қарсы келушіге берілетін анықтама»[1].

Тәкфир сөздікте – «Әһлі қыбыладан болған адамды күпірлікпен айыптап, оның кәпір болғандығына шынайы сену»[2] деген мағынаға келеді. Терминдік анықтамасы – орындаған күпір амалы мен сөйлеген сөзі себепті момын мұсылманға такфир үкімін шығару.

Құран Кәрімдегі күпір жайындағы аяттар

«Сондай-ақ олар сенен харам (яғни, қасиетті) айларда соғысудың үкімі жайлы сұрайды. «Ол айда соғысу үлкен күнә», - деп айт. Алайда ел-жұртты Алланың жолына түсірмей қақпайлау, Алланы мойындамай күпірлік қылу және (мүміндерге) Харам мешітін зиярат етуге тиым салу һәм (Харам мешітінің) халқын ол жерден қуып шығару Алланың алдында одан да үлкен күнә саналады. Ал бүлік шығару болса соғыстан, кісі өлтіруден де үлкен күнә. Олар (кәпірлер) шамалары жетсе, сендерді діндеріңнен шығарып тынбайынша, сендермен соғысуды тоқтатпайды. Ендеше, араларыңнан кімде-кім дінінен безіп, сол күйі кәпір болып өліп кетсе, олардың бүкіл істері дүниеде де, ақиретте де зая кетеді. Міне, солар тозақтықтар. Олар онда мәңгі қалады»[3].

«Ал иман келтіргеннен кейін күпірлік қылғандардың һәм күпірлікте табандап, одан сайын азғындыққа салынғандардың тәубесі қабыл болмайды. Олар нағыз адасқандар»[4].

«Күндердің күнінде біршама жүздер ағарып, біршамасы қарақошқыл тартады. Сонда жүздері қарайғандарға: «Иманға келгеннен кейін күпірлік қылдыңдар, солай ма? Ендеше, күпірлік қылғандарың үшін мына азапты тартыңдар», - делінеді.[5]

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) күпір жайында жеткен хадистері

Ибн Омар (р.а.):

«Алла елшісі (с.ғ.с.): Мен мына адамдар (мүшіріктер) «Алладан басқа тәңір жоқ, Мұхаммед Оның елшісі», - деп куәлік етпейінше, намаз оқып, зекетін толық бермейінше, олармен шайқасуға бұйрық алдым. Егер олар осы айтылғандарды бұлжытпай орындаса, Ислам шариғатының (жалпыға ортақ кейбір) талаптарын қоспағанда (яғни, егер олар Исламды қабылдағаннан кейін дінде тыйым салынған зина, ұрлық секілді жаза кесілетін күнәларды істесе, олар да өзге мұсылмандар сияқты міндетті түрде жазаға тартылады), менен жандары мен мал-мүліктерін аман алып қалады. Ал енді ықылас-ниетіне келсек, оның есебін Аллаға беретін болады»,-деп айтты», - делінген.[6]

Жундуб ибн Абдулла (р.а.):

«Бірде Алла елшісі (с.ғ.с.) мүшріктерге қарсы мұсылман жасағын аттандырды. Көп ұзамай екі жақ бетпе-бет келеді. Мүшріктердің ішінде мұсылмандардың бірін алыстан көзімен шалып, соның қыр соңынан қалмай өлтіріп тынатын қаскөй біреу бар еді. Мұсылмандардың ішінен бір кісі (әңгімеміздің барысында оның Усама ибн Зәйд екенін айта отырған едік) әлгі қасакөй мүшріктің ұрымтал тұстан қапысын тауып, қылышымен үстінен түскенде мүшрік бірден: «Лә иләһә иллаллаһ», - деп кәлима айтады. Алайда, Усама оны өлтіріп тастайды. (Соңында мұсылмандар жеңіске жетіп) Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) хабаршы келіп, сүйінші сұрағанда, одан мүшріктермен болған шайқастың барысын сұрайды. Хабаршы Алла елшісіне (с.ғ.с.) ұрыстың барысын түгел тәптіштеп, тіпті мұсылман жауынгерінің әлгі мүшірікті қалай өлтіргені туралы да айтып береді. Сонда Алла елшісі (с.ғ.с.) оны шақырып алып: «Оны неге өлтірдің?» - деп сұрайды. Усама: «Уа, Алланың елшісі! Ол қаншама мұсылманның қанын судай ағызды. Пәленшені, түгеншені өлтірді», - деп, соның қолынан қаза тапқан мұсылмандардың атын беріп, екі әлем Сардарына (с.ғ.с.): Сол үшін оған тап бергенімде, төбесінен төңген қылышты көріп (қорыққанынан) «Лә иләһә иллаллаһ» деді, - деп жауап қатты. Алла елшісі (с.ғ.с.) одан: «Сөйтіп оны өлтірдің ғой?» - деп қайыра сұрады. Усама: «Иә, өлтірдім», - деді. Сонда Алла елшісі (с.ғ.с.) «Қиямет күні келгенде «Лә иләһә иллаллаһ» деген кәлиманы қайтпексін?!» (яғни, Алланың алдына барғанда тілін кәлимаға келтірген пендесін өлтіргенің үшін қалай жауап бересің?) – деп бір қойған сауалын қайталай берді, қайталай берді», - деп айтты[7].

Ибн Омар (р.а.):

«Алла елшісі (с.ғ.с.)»: «Қандай да бір адам мұсылман бауырына: «Ей кәпір! - деп айтса, бұл сөз міндетті түрде екеуінің біреуіне қайтады. (Яғни, екеуінің біреуі міндетті түрде кәпір болып шығады.) Егер сөз естіген кісі шынымен кәпір болса, онда бұл тура айтылған сөз болмақ. Ал егер, кәпір болмай шықса, онда айтылған сөз босқа кетпей, айтқан адамның өзіне қайтып соғады, нәтижесінде сол адамның өзі (солай дегені үшін) кәпір болады», - деп айтты» және[8] Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде кім мұсылман адамды күпрлікпен айыптаған болса, ол адамды өлтіргенмен тең»[9] деген.

Бұл Құран сүрелерімен хадситерден кейін әһлу сүннет ғалымдары мынадай тұжырымға келген: «Қателесіп бір кәпірді мұсылман санатына жатқызу, мұсылманды кәпір деп айыптаудан абзалырақ». Сондықтан тәкфир өте өзекті мұсылмандардың абайлауы қажет болған мәселе. Қыбылаға бет бұрғандарды тәкфирлікпен айыптауды құп көрмеген Әһлу сүннет ғалымдары, үммет ішіне бүлік шығарған опозиционерлерден өздерін алыс ұстаған[10].

Көпшілік ғұламалардың күпірлік тұрғысындағы тұжырымдары

Имам Ағзам Әбу Ханифа (150/767): Бидғатшылардың сипаттарының бірі күнәһар пендені бірден тәкфир қылу болса, әһлу сүннеттің олардан ерекшелігі қателік жасаған жанды күпірлікпен айыптамауында[11].

Имам Шафиғи (204/819): «Мен ешқашан бидғатшылардың шәһадатына қарсы келмедім».

Ибн Таймия (728/1328): «Жасаған жансақ амалы үшін қыбыла иесі момын мұсылманды күпірлікпен айыптау дұрыс емес». Әуелгі  ғалымдардың қандай да бір мәселеде келіспеушілікке түссе де бір-бірің күпірлікпен айыптап, фасық күнәһар ретінде қарғап сілегендері жайлы ешқандай хабар бізге жетпеген»[12].

Ибн Таймия басқа бір сөзінде: «Күпір бұл-шариғи үкім, сондықтан тек шариғи дәлелдермен анықталады[13].

Имам Тахауидың осыған жақын мынадай сөзі жеткен:

«Адам қандай амалымен мұсылман болса, оны жоққа шығарумен кәпір болмақ».

Тақиуддин Әс-Субки деген ғалым: «Күпір бұл - шариғи үкім. Егер де Алланың барлығы мен бірілігін, Пайғамбарлықпен шариғи үкімдерді мойындамайтын сөзбен амал орындаған адам күпірге түскен болады»[14].

«Қауаид әл тәкфир» атты еңбектің авторы Әбу Басыр: «Күмәнсіз ақиқат болған дініміз исламды тек қана анық, айқын болған күпір амал бұзады».

Имам Шәукәни өзінің «Әс Сәулул жәрәр» атты шығармасында: «Ақиқатында мұсылман адамды «діннен шықты, күпір жасады» деп үкім беру - қолында айдай анық дәлелі жоқ, Аллаға және ақирет күніне иман келтірген момын мұсылманның сипаты емес»[15].

Қорыта келе жоғарыдағы Құран мен хадисте, тіпті ғұламалар да жасаған жаңсақ амалы үшін ешкімді тәкфир қылмаған. Тәкфирлікпен айыптаушы «Тәкфиршілер» мұсылмандардың арасына іріткі салып, олардың бірлік-ынтымағын кетіреді,  мемлекеттің саяси-экономикалық өркендеуіне бөгет болады, әрқандай террорлық әрекетке дайын тұрады, халықтың дінге деген ықыласын сөндіретін зияндары шаш етектен. Ендеше, тәкфиршілер жамағатының күпір сөзін ойларынша қолданып тәкфирлікпен айыптаулары дүмшелік және әһлі-сүнна ұстанымына қарама-қайшы.

Астана қаласы Сарыарқа аудандық сотының 2014 жылғы 18 тамыздағы шешіміне сәйкес, бұл ұйымның қызыметіне елімізде тыйым салған болса, Ханафи мәзһабын негіз етіп ұстанған ҚМДБ-ның шариғат және пәтуа бөлімі 07.01.2014 жылы тәкфиршілер жамағатының іс-әрекеттері жалпы Ислам дініне жат болуы себепті Қазақстан аумағында таралуына тыйым салып пәтуа шығарған[16].

Тимур Нүсіпханұлы,
дінтанушы заңгер

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру