МӘҢГІЛІК ТЕКЕТІРЕС

Әуелі сауал. Сіз пайғамбарлардың маңайына алғашқы кезде не себепті тек жоқ-жітік, кембағал, кедей-кепшіктердің ғана жиналатынын білесіз бе?
Келесі сауал. Сондай-ақ осыған керағар барша пайғамбарларға сол дәуірдің желі оңынан тұрған бай-бағландары мен билік иелерінің не себепті қарсы болатынына назар аудардыңыз ба?
Егер басын ашып айтсақ, осы екі жәйт Адам атадан бастап, күні бүгінге дейін қайталанумен келеді. Себебі...
Байыбына барсақ, өмірге келген әр адамның өз әлемі бар. Адам баласы сол өз әлемін қалыптастыру үшін өмір кешеді. Соған орай әр адам сол өзі қалыптастырған әлеміне орай бағаланады.
Бәрімізге белгілі, абырой биігіне көтерілген адамдар әлемі мемлекеттік тұрғыда өзгеге үлгі етіледі. Тіпті олар қалыптастырған әлемді танып-білу үшін арнайы мектептер ашылып, ғылыми еңбектер жазылады.
Ұғынықтылық үшін айтайық. Әлгі біз үлгі тұтқан айтулы тұлға өз әлемін философия саласын зерттеу тұрғысында қалыптастырды делік. Егер мән берсек, философияның өзі бөлек әлем екендігіне көз жеткіземіз. Біз тілге тиек етіп отырған тұлға сол әлемнің ішінен өз әлемін қалыптастырады. Ондай "кіші әлемдер" философия әлемінің ішінде өте көп. Сондай-ақ философия сияқты "үлкен әлемдер" де аз емес. Оларды санамаламай-ақ бір ауыз сөзбен: "Адам баласы айналысатын кәсіптер", - деп аталық. Кәсіп болғаннан кейін белгілі ғой, салалық ғылым, бизнес, оның түрлері, саясат, мемлекеттік қызмет, қайсыбірін айтарсың, соның бәрі бір-бір әлем. Рас, бұған керағар да әлемдер бар. Ол: ұрлық-қарлық, қылмыс, тағысын тағы. Адам баласы өз таңдауы бойынша осы әлемдер ішінде өз әлемін қалыптастырады. Айтпақшы, бұл әлемдердің ішінде дін де бар. Сол өзі таңдаған әлемде абырой биігіне көтерілген тұлға өзімен бірге өз әлеміне иелік етіп тұрған "үлкен әлем" абыройын да бірге көтереді. Егер абыройы одан әрі асқақтаса, онда сол барша "үлкен әлемдерді" тұтастырып тұрған мемлекеттің де абыройын көтереді.
Егер осы айтқандарымызды сараласақ, әр тұлға өзі жасаған әлемге иелік етеді, ол тұлғаға сол саланың "үлкен әлемі" иелік етеді. Ал оған мемлекет иелік етеді.
Енді сауал. Сол бәрін тұтастырып тұрған мемлекетке кім иелік етеді? Осы жерде әр мемлекеттің біз жоғарыда тілге тиек еткен "ұсақ әлемдерің" басын қосып тұрған бір-бір әлем екенін қаперде ұстаған жөн. Сол мемлекеттерден тұратын әлемдер, бір ауыз сөзбен, Жер шары деп аталады. Ал біз тілге тиек еткен үлкен-кіші әлемдер және сол әлем қызметкерлері, басын ашып айтсақ, өздері мекен етіп жатқан Жер шарын жоюға қызмет етеді. Ал әр адамның, ол кім болса, ол болсын, өзі жасаған әлемі оны тозаққа алып барады. Сондықтан да пайғамбарлар мына әлемге адам баласын өзі жасаған әлемнен арылту үшін келеді. Соған орай өз әлемін қалыптастыра алмаған кедей-кепшік пен кембағал жандар әлемдік тартылыс күшінен тыс тұратындықтан бірден пайғамбарлар жанынан орын табады. Ал әлем иелері, шынтуайтына келгенде ол - көпіршік шар ішіндегі әлем. Уақыты келгенде өзі де, иесі де жоқ болып кетеді. Ал жоқ нәрсе ешуақытта бармен шендесе алмайды. Соған орай пайғамбарлар әр әлем иесіне оның иеленген нәрсесінің жоқ екендігін түсіндіріп бағуға тырысады. Егер әр әлем иесі өз әлемінен бас тартып, пайғамбарларды мойындаса бар ғой, онда олар бірден әулиелік деңгейге көтеріледі. Олар мәртебесі сондықтан да ә дегеннен-ақ пайғамбарларды мойындаған кембағал жандардан биік тұрады. Әр адам (мұсылман) тастап шыққан ауани әлем неғұрлым үлкен болған сайын ол адамның Алла алдындағы дәрежесі де со ғұрлым үлкен болады. Бірақ өз әлемін тәркі ету ілуде біреуге ғана нәсіп болады.
Мына бір жәйтқа назар аударайық. Мәселен бір адам мына өмірде барлық жетістіктерге қол жеткізіп, абырой биігіне көтерілді делік. Соған орай жұрттың бәрі әлгі тұлға қалыптастырған әлемді үлгі тұтатындығы күмәнсіз. Солай болды да. Бірақ әлгі тұлға өз иелігіндегі әлемнен бас тартып, өз дәуіріндегі пайғамбар қасынан табылды. Сонда ол иелік еткен әлем, сол әлем арқылы қалыптасқан абырой, бедел, мансап, тағысын тағылар қайда кетті? Сонда әлгі тұлға өмір бойы жиған-тергенінен айырылып, әлгі пайғамбар жанындағы кембағалдар деңгейіне дейін құлдырағанда өз көңіліне медеу тұтардай қандай нәтижеге қол жеткізді?
Ұғынықтылық үшін айтайық. Адам баласы жан мен тәннен тұрады. Жан (рух) әр адамға Алла тарапынан берілген аманат. Ал аманат иесі - Алла. Соған орай біз әлгі аманат (рух) арқылы жасаған "өз әлемімізге" иелік етуге құқылы емеспіз. Шынтуайтына келгенде, ол - автономиялы әлем. Әрі уақытша. Ал пайғамбарлар әлемі (руханият) - мәңгілік. Оның үстіге ол әлем Алламен үндесіп тұр. Соған орай әр адам руханиятпен үндескен кезде өзі жасаған әлемнің жалған (өлі) екендігіне көз жеткізеді. Ал руханият соның өңін айналдырып, қайта тірілтіп береді. Бұл тұрғыда аят бар.
Тағы бір түсінік. Пайғамбарлар адам баласына тән оқшау автономиялы рухты Алламен үндесіп тұрған руханиятқа қосып беру қызметін атқарады. Ал ол қызмет қиямет-қайымға дейін толастамайды. Соған орай ол қызметті бұл күнде Пірлер мен Ишандар атқарады.
Қарапайым түсінік. Күйеуге шыққан әр әйелдің пірі - оның ері. Соған орай өз әлемін жеке дара қалыптастырмай, оны өзінің ерінің (пірінің) әлемімен үндестіре алған әр мұсылман әйел сегіз жәннаттың қалағанына кіреді. Бұл үрдіс барлық мұсылмандарға тән.
Құдияр БІЛӘЛ