МАҚАЛ СӨЗДІҢ МӘЙЕГІ- ШЕШЕН СӨЗДІҢ ДӘЙЕГІ

05 маусым 2024 1936 0
Оқу режимі

Қазақ – ділмар шешен, сөз тапқыш, айтқыш, ойы орамды, қиялы қанатты , сезімі сетер, тілі шекер, сөздік қоры бай, ақылы оған сай, бітімі дара, ақылы дана , тұжырымы тұрақты, дәстүр- салты қордалы, рухани жандүниесі бай халық.

Кез келген оқымаған және оқыған қазақ тапбермеде, тар жерде өмірдің барлық сәтеріне байланысты мақал-мәтелдер шығара білген, әр заттың мәнін айшықтап ашып, мазмұнын нақты бейнелеп, қысқа тұжырымды сөзбен тақ еткізіп айтып, тоқ еткізіп жеткізе білген. “Аз сөз - алтын, көп сөз - көмір” деп көпіріп көп сөз айтуды, көбіршік атқан мылжың сөзді ұнатпаған.

Аз сөзге өте көп ұғым ұялата айтып, ұланасыр ұлы ұғымдарды ұлықтап ұқыптап, ұтықты ұғығымды жеткізе білген. “Сөз ұғымды болмай , жұғымды болмайды” деп айтар сөздің ұғымы мен жұғымына баса ден қойған. “Айтылған сөз - атылған оқ” деп әр ауыздан шыққан сөзге аса жауап кершілікпен қараған. Сондықтан “Ауыздан шыққан сөзге өзің құлсың, ауыздан шықпаған сөз саған құл” деп еш қашан ойланбай, толғанбай, жауапкершілік арқаламай тұрып, қай жерде, қай елде, үлкен-кішінің алдында жауабы жоқ, не нәтижесі орындалмайтын қаңғы бас, қайырсыз сөздер айтпаған.”Жігітті айтқан сөзінен, тұлпарды басқан ізінен, сұлуды қараған көзінен таны” деп әр сөз айтар бұрын мың сөз ойлап, бір сөзді саралап, обыразды айтатын болған.

Толғағы толмаған, толымсыз ойларын ортаға салмаған. “ Өнер алды қызыл тіл, тіл - тас жарады, тас жармаса, бас жарады” деп тілдің алмас қылыштан өткір екеніне еш күмән-күдік келтірмей, сөз құдіреті мен сөз киесіне кәміл сенген. “ Бір ауыз киелі сөз мың адамды жадыратады, бір ауыз күйелі сөз миллион адамды ыдыратады” , “Шындық есіктен етік киіп шыққанша, өтірік жарты жаһанды айналып келіп, шындықты сыртқа шығармай есікті басып тырмысып тұрады” деп жаман сөздің, өсектің желдей есіп тез, кең жайылып тарайтынын , шындықтың сабырлы , салмақты және анық нық басып жүріп тарайтынын, өте әдемі бенелі маржан сөзбен өрнектеп өрілі ойға орап орнықты жеткізген.

Шындық бір айтылады өзгермейді, тұарпқты қалпын сақтайды. Өсек мың айтылады, милион құбылады. Сан құлаққа жетіп, сансыз ауыздан санақсыз түрленіп туындайды. Шындықты шыншыл , арлы, иманды, білімді, тәжірибелі , дана , көргенді адамдар ғана айтады және қабылдайды.

Өсекті әлсіз, арсыз, надан, білімсіз, көргенсіз адамдар айтады. Олар өсекті үстемелеп, өсіріп өртке айналдырып, ұлғайтып, қосып қопсытып жібереді. Сондықтан “ Өсек - өрт” . “ Өсектің кішісі үй бүлдіреді, үлкені ел бүлдіреді” деп өсектің зианын екі ауыз сөзбен түіп, түйіндеп жеткізеді.

Міне, біздің қазақ халқы жаңбырдай борап жауып тұрған оққа тоқтамай, жүйелі бір ауыз дана сөзге тоқтайтын қасиетті де киелі және иелі ұлы халық екенін , осы айтылған марқа маржан сөздерінен түсінуге болады. Бәрінен кереметі сөз өнерін - бар өнердің анасы деп таниды.

Көш бастау қиын емес,-

Қонатын жерде су бар.

Қол бастау қиын емес,-

Шабатын жерде жау бар.

Қиын да қиын не бар?!

Шаршы топта сөз бастау қиын,

Шешімін адам таппас дау бар.

(Қазақ шешендік сөзінен)

Сөз жұмбағы оңай емес. Пілден құлаған тұрады. Тілден құлаған тұрмайды.

Тіл ереке еркелікпен тіл алады,

Тіліңді бұрыс болса кім алады.

Тіліңді еркелетіп қоя берсең,

Тіліңнен тісің сұрап құн алады.

( Абай Құнанбай)

Тіл - босағада жатқан арыстан, байқамасаң басыңды жұтады.

(Жүсіп хасғжип)

Адам баласы он қателіктің,-

Тоғызын тілден табады.

(Хылық мақалы)

Көз жетпеген алысқа,

Сөз жетеді.

( Халық мақалы)

Сүйреңдеген қызыл тіл,

Сүзеген бұқадан жаман.

( Халық мақалы)

Күн сәулесі түспеген қараңғыға,

Тіл сәулесі түседі.

(Халық мақалы)

Демек, қазақ халқының мақал-мәтел, тәмсіл сөздерінің философиялық мәні өте терең. Логикалық қисыны берік жымдасқан. Өте үлкен ауқымды және күрделі , мазмұндарды , салқар ұғымдарды тып-тинақтай сөзге жинақтап, таудай ұғымды тарыдай сөзге сыйғыза айтып ұғымтал құлаққа құт етіп құя салады. Ауыр-ауыр ұғымдардың салмағын мың қайнатып қортып, мерген оймен, салмақты сөзбен, қауызынан аршып, дәнін алып, қауызын тастап, ақылға ар етіп емізе салады. Ұзақ айтып, шылбырдай созып ойды болбырптып босатпайды. Әр сөздің терең ой түбіне тартып, қараңғы санаға шам жаққандай көңілді жап-жарық етеді. Тіптен тәрбиелік мәні өте күшті. Оқыған, естіген адам сол заманда масыл ұйқыдан бірден оянып, дүниені енді танығандай күй кешеді.

Мақал-мәтел – қазақ халқының рухани жан дүниесінің алсыл қазынасы, философиялық терең ойының пайымы, дүние танымының жемісі, ақыл - парасатының жауһары, сөз өнерінің шам-шырағы, шешендік өнерінің өзегі, сара , дана сөздің басы. Отбасы тәрбиесі мен адам тәрбиесіндегі ең құнды оқу құралы. Қазақ деген ұлағатты ұлы мәдениетті ұлттың тілдік куәлігі , шешендігінің куәсі…

Ол ғана емес.

Қазақ халқының “Бір ауыз сөзі мың ділдаға” татыйтын бағалы маржан сөз үлгілері“ - Күллі адамзат қоғамы тудырған философиялылық ұлы ұғымдардың бастау көзі деп тану қажет. Әлем философтары да дәл осылай мойындайды. Сондықтан қазақтың сөз сөйлеу әдебінде есті сөйлейтін, қалғандары тыңдайтын. “Жүйелі сөзге түйе шөгеді” деп жүйелі сөзге қонақ беретін.

Қазақтағы шешендік өнердің жоғары бағалануы, сөз өнеріне ерекше құрмет көрсетуі, ақын-жырау, жазушы, ғалымдарды, көсем шешендерді, сал-сері, әнші-күйшілерді әспектеп ел еркесі мен серкесіне балауы да содан. “Бал тамған тілден у да тамады” деп тіл әдебіне ерекше көңіл бөлген.

Мен бұл шағын мақаламда қазақ халқының әр тақырыпта айтылған мақал-мәтел, тәмсіл сөздерін ұсынайын. Оқып отырыңыздар.

. Бір түйір дән - мың тамшы термен көктейді.

Тер төкпей жерге дән өнбейді.

. Жаман істің ақыры,-

Жігіттің пақырына қалады.

. Дені сау төрде жатады,

Ауыру тірі мен өлі арасында жатады.

. Арамның досы - шыбын,

Тесіктің досы - тығын.

. Жылқы ұрлаған бір кісі,

Күмәнға қалған мың кісі.

. Тапқан қуанады,

Таныған алады.

. Ұйқышыл жастық таңдамайды,

Қара құл бастық таңдамайды.

. Мықты арқан да үзіледі,

Өтелмеген борыш үзілмейді.

. Тәңірі баққан малды қасқыр жемейді,

Хан баласына ешкім ештеме демейді.

. Сараңға мал бітсе де,садақа бермейді,

Домше моллаға дүние бітсе де, зекет бермейді.

. Жүйірік атпен қоян қума,

Бұлтағына құласа, құны тең келмейді.

. Жерінен жеріген жеті жұрттан қоныс таппайды,

. Жігіттен жеріген қызға өмірі жігіт жақпайды.

. Көрмес түйені де көрмес,

Білмес көріп тұрса да білмес.

. Елді қу бұзады, жерді су бұзады,

. Сүт ірісе айран болады,

Ел ірісе ойран болады.

. Қашарыңда қашарсың,

Лақтарда сасарсың.

. Үйден безген, елден де безеді.

. Жақсы пышақпен жілік сындырма,

Ішіндегі майы пышақ құнына тең емес.

. Адам армандайды, Алла шешеді.

. Басы қазандай, миы тарыдай.

. Беті бүйректей, сақалы күректей.

. Сауатсыз мола, басына шаңырақтай сәлде киеді.

. Құлақтан азған адам,

Көңілден семіреді.

. Жақсы темірді отта танисың,

Жақсы досты жоқта танисың.

. Халық ханға бағынады,

Балық суға бағынады.

. Ақылы азға ақыл айтпа,

Ақыл салар қалтасы жоқ.

Шәргез жанның шамына тиме,

Тілі оның қызыл шоқ.

. Көпті жамандаған көмусіз қалады,

Көпке топырақ шашқан ұятқа қалады.

. Дәрі шөптен табылады,

Ақыл көптен табылады.

. Кескілеуден қорықпаған,

Патшаны тақтан жұлып алады.

Тайсалған батыр,

Жауын аттан жұлып алады.

. Көп құмырсқа жабылса,

Түйені жардан ұшырады.

Көп қара біріксе,

Ханды тақтан құлатады.

. Кілемге бергісіз алаша бар,

Ханға бергісіз қараша бар.

. Таста тамыр жоқ,

Әділ биде бауыр жоқ.

. Атадан бала озбайды,

Мойыннан жаға озбайды.

. Текті атадан Сүлеймен туады,

Тексіз әкеден сүмірейген туады.

. Балаға айтқан сөз –

Байлаусыз бұзау.

Қатынға айтқан сөз-

Қалтқысы жоқ қузау.

. Мешкей қатын шөлдеуік келеді,

Тұлыпты қатын төлдеуік келеді.

Сұғанақ қатын сұрауық келеді,

Долы қатын жылауық келеді.

. Іні жолы - тас қару,

Аға жолы - басқару.

. Алтын жапырақты болса да,

Ағаш түбі тамыздық.

Атадан алтау туса да,

Адамның түбі жалғыздық.

. Ай көрмесең туысың жат,

Жыл көрмесең досың жат.

. Кеуіп отырып теуіп отыр,

Жан-жаққа уын сеуіп отыр.

. Кемер белбеу – бел сәні,

Кемел жігіт – ел сәні.

. Көп ақымақтың ағасы болғанша,

Бір ақылдының інісі бол.

. Ешкелі ауыл өреген,

Қызды ауыл өсеген.

. Қызды жеңге бұзады,

Жеңгені теңге бұзады.

. Айлалы қатын ақыл табады,

Иманды қатын байын табады.

. Әйелден ұялған баласыз өтеді,

Екі тізесін құшақтап өтеді.

. Ері жоқ әйел – ескегі жоқ қайық,

Әйелі жоқ еркек – ауыздықсыз ат.

. Қонақ бірінші болып қабағыңа қарайды,

Екіші болып ас салған табағыңа қарайды.

. Заманына қарай күлкісі,

Орманына қарай түлкісі.

. Күміс есіктінің күні , -

Ағаш есіктіге түсер;

Ханның күні қараға түсер.

. Мысықты алтын қамбаға қамасаң да,

Тышқан ұстап жейді.

. Аяғы жаман есіктен төрге дейін былғайды,

Ниеті жаман бесіктен көрге дейін былғайды.

. Ақшалы кісі ағай,-

Ақшасыз кісі малай.

. Ақша ұсақталса тиын болады,

Адам ұсақталса қиын болады.

. Күшті қауіпті емес,

Кешкіл қауіпті болады.

. Жолбарыстың артында тері қалады,

Батырдың артында елі қалады.

. Басын еңкейте алған,

Тізеліні де бүктіреді.

. Шөлді жерде қамысы болмас,

Жаман нрде намысы болмас.

. Жара бет жазылғанмен,

Қарабет жазылмайды.

. Көңілі жаманды ит қабар,

Ниеті жаманды құдай табар.

. Ақ дәрияның өзі болмасаң да,

Ағып тұрған сарқылмас бұлағы бол.

Ғұлама ғалымның өзі болмасаң да,

Есті құт қонған құлағы бол.

. Арыстанды жеңген – батыр ер,

Ашуды жеңген – иманды ер.

. Ақылды ойланғанша,

Тентек іс бітіреді.

. Көрмегенге көсеу таң,

Білмегенге бәрі таң.

. Оқ жетпес жерге ,- қылыш сермеме.

. Бүлінгеннен бүлдірге алма,

Бүлінгеннің аяғынан шалма.

. Биітке пышақ суырма,

Итке таяқ лақтырма.

. Ит ханға да үреді,

Қараға да үреді.

. Тілмен байлаған түйін,

Қолмен шешілмейді.

. Ұзын шапан аяғыңа оралады,

Ұзын тіл жолыңа оралады.

. Сөз – сабан, іс – дән,

Нәтиже - жеміс.

. Біреудің ат көтермес бөзі бар,

Біреудің ат көтермес сөзі бар.

. Құлақтан кірген суықсөз,

Жүрекке барып мұз болар.

. Қисық отырсаң да , түзу сөйле,

Түзу жолда тура жүруді көзде.

. Сөзді әділ сөзбен ұста,

Қашағнды құрықпен ұста.

. Біріктіріп айтса бидікі жөн,

Құрастырып айтса құлдікі жөн.

. Досыңның пышағымен мүйіз кес,

Дұшпаныңның пышағымен киіз кес;

. Айға жетпес асыңды,

Ауылдастан аяма.

. Ертеңгі батпан құйрықтан,

Бүгінгі піскен өкпе артық.

. Сақтағаныңды жесең,

Сағынғаның келер.

. Асқақтасаң аспаққа асыласың,

Бәсең болсаң бәйгеге қосыласың.

. Жатып жесең тауды да таусылады,

Жырып ішсең көлде сарқылады.

. Жемір болсаң жетпейсің тілегіңе,

Қарғыс оғы қадалар жүрегіңе.

. Балта сабынан озбайды,

Шам жарығы табағына түспеді.

. Ағаш ренжіпті.

Балтаға сап болдым, ол өзімді шабады.

Мал ренжіпті.

Терім қамшыға өрім болды,онымен өзімді сабады.

. Топырақ ренжіпті.

Адам мен жаралды. Бірақ адам мені қазып тоздырады.

Сіздер осы мақал-мәтелден тарыдай тамшы әсер алсаңыздар, онда ата сөзі- ақыл көзінде қайта тірліді деп есептеңіздер!

 

Болат БОПАЙҰЛЫ

 

 

 

Пікірлер Кіру