Мен оның аяғын сүйер ем...

04 маусым 2021 5946 0
Оқу режимі

Студент кезімізде демалыс алсақ болды, ауылдағы үйге қарай асығып тұратынбыз. Бір жолы кезекті мерекелік демалыс болды ма, әлде оқу бітті ме, әйтеуір, студенттердің бәрі қайтып жатқан кезде мен де кассадағы соңғы билетті алып, «ауыл, қайдасың?», — деп үйге қарай тарттым. Қасымдағы адам да студент бала екен. Маған бір қарады да, ары қарай бірдеңе тыңдап өз әлемі өзінде, отыра берді. Бір вагонда жалғыз өзі отырғандай талтайып алғанына ашуым келсе де, үндемедім. Вагон толы жастар, ерсілі-қарсылы кіріп-шығып жүр. Бір кезде әлгі жігітке анасы телефон соқты. Бала анасымен өте дөрекі сөйлесті. Жүрегім қан жылағандай болды. «Әттең...», — дедім ішімнен. Көп адам анасының қадірін тірі кезінде білмейді-ау... Тірі кезіңде сыйласа алмасаң, өлгеннен соң жылағаннан не пайда?.. Өзімнің қайтыс болған анам есіме түсіп, іштей бір егіліп алдым. Неге өйтті екен? Анасы сонша не істеп қойды?

Арада біраз уақыт өткенде қарнымыз шұрылдай бастады. Әрі жол жүрген адамның бір-екі сағаттан кейін қарны аша бастайтыны заңды ғой. Асхананың алды толған кезек. Кенет әлгі жігіт үйіне қайта телефон шалды: «Мам, я на такси приеду, ты с собой 500 тг возьми и выходи на улицу, встреть меня», - деді. Анасы түнгі бірде қалай шығатынын уайымдады ма екен, бірдеңе дей қалып еді, баланың көзі атыздай болды: "Тебе че, западло что ли", деді.  Әлгі баладан қатты көңілім қалды. Бұл анаға айтылатын сөз бе еді? Сол кезде оның қарны аш әрі ақшасы жоқ екенін білдім де, буфетке барып, өзіме не алсам да, бәрін екі-екіден алып, ыстық шай алып, қайтып келдім. Жігіт көзін жұмып алған, бірдеңе тыңдап отыр. Мейлінше жұмсақтық танытып, тамақтарды алдына қойдым да, «жеңіз», - дедім. Өзім ештеңе болмағандай өз тамақтарымды алып, терезеге қарап, жеп отырмын. Сол кездегі ана жігіттің реакциясын көрсеңіз ғой. Дала қараңғы ғой, терезеден барлығын көріп отырмын: екі көзі бақырайып, ақырын ғана құлағындағыны шешті, аяқтарын жинады. Содан кейін өз қылығына өкінгендей болып тып-тыныш отырып қалды. 

Түсетін уақытымыз жақындап қалған еді, сөмкемнен қағаз алдым да, «Менің анам қайтыс болған, егер ол тірі болғанда, мен оған айғайламақ түгілі, оның аяғын сүйер ем», - деп жазып, сөмкелерімді жинап, қағазды қолына беріп, шығып кеттім. 

Вокзалдан ағам күтіп алды. Бір бұрышта әлгі жігіттің анасына: «Мам, я сам зайду, ты спи, замерзнешь», - деп жатқанын естіп қуанып кеттім.
Негізі адамдар жаман болғысы келіп жаман болмайды екен, тек оларға жақсы болудың жолдарын көрсетіп жіберу керек...

Пікірлер Кіру