Мұхит Бабақұл Берденұлы

20 желтоқсан 2018 596 0
Оқу режимі

2000 жылы 21-мамырда Түркістан облысы, Отырар ауданында дүниеге келген. Қазіргі таңда Астана қаласындағы Қазақ Ұлттық Өнер Университетінің «Дәстүрлі өнер» факультетінің 2-курс студенті

Пайғамбарлар сұлтаны

Əлемнің басталғанда бар сынағы,
Өзің ең бола білген жаншуағы.
Қараңғыда күн кешкен адамзаттың,
Жарыққа жол сілтеген шамшырағы.

Асыл ең қатарынан асып туған,
Бойында бар жақсылық тасып тұрған,
Жалғыз өзі жүріп ақ жер бетінде,
Миллиард мұсылманды ғашық қылған.

Жан болдың жамандықты жақтамайтын,
Ешкімнің ар намысын таптамайтын.
Оң қолға күн, сол қолға ай берсе де,
Ақиқаттың ақ жібін аттамайтын.

Сөздерің сүйектерден өтуші еді,
Уағызың жүректерге жетуші еді.
Насихат айтқаныңда жамағатың,
Бұл дүниені ұмытып кетуші еді.

Үмметім деп өткеріп пейнетті жүз,
Бар адамды сыпайы, сыйлы еттіңіз.
Сауатты болмағанмен өзгелерден,
Сауапты іс жасауды үйреттіңіз.

Қапталдан қасқүнемдер қысқанында,
Айнымай берік болдың ұстанымға.
Жаныңа жақын жандар былай тұрсын
Дұғаңның ішінде еді дұшпаның да

Жер бетіне надандық жайылғасын,
Қайғырып салындыңыз уайымға шын
Адамзатқа айшықтап көрсеттіңіз,
Адалменен арамның айырмасын.

Расулалла, саялы бəйтерегім,
Мен өзің болмағанда қайтер едім?
Бір үмметім үшін деп күндіз түні,
Мыңмен жалғыз алысқан мəртебелім!

Өмірден көп көргенмен талас бəйгі,
Мұсылманға мұқалған жараспайды.
Сан соқпақ жол шықса да Пайғамбардың,
Соңынан ерген адам адаспайды.

Мейіріммен берілген елге еншісі,
Мұхаммед мүміндердің болды емшісі.
Бар мақтауға лайықты бір Алланың, 
Ардақтауға лайықты соңғы елшісі.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру