Намаз – көзімнің нұры
Құран Кәрімде: «إن الصلاة كانت على المؤمنين كتابا موقوتا» мағынасы: «Расында намаз иман келтірген мұсылмандар үшін уақыты бекітілген парыз»,[1] –деп, Алла Тағала бұйырады. Убада ибн Сомит (р.а.) жеткізген хадис шәрифте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Бес уақыт намазды Алла Тағала пенделерге парыз етті. Енді, кімде-кім бұл намазға немқұрайлық танытпай, зая кетірместен қиямет күні Алланың алдына алып келсе, онда ол адамды жәннәтқа кіргізуге Алланың уәдесі бар. Ал енді, кімде-кім алып келмесе, онда ол адамға Алланың уәдесі жоқ. Алла өзі қаласа ол адамды азаптайды, қаласа жәннәтқа кіргізеді»,[2] – деп айтқан.
Бұл намаз – діннің тірегі. Өйткені қияметте пенденің ең алғаш сұралатын сұрағы намаз туралы болмақ. Сондай-ақ, дүниеде де істердің басы. Бұл жайында Құран Кәрімде: «إن الصلاة تنهى عن الفحشاء و المنكر» мағынасы: «Расында, намаз арсыздық пен ұят істерден қайтарады», – деп айтылған. Имам Бұхари өзінің кітабында «Намаз оқушы Жаратушысымен сырласады» деген тақырып қойып, хадис жазған. Ғұламаларымыздың былай деп айтқан сөздері бар: «Кімде-кім Алланың сөзін тыңдағысы келсе, Құран оқысын. Ал егер, өзі Алламен тілдескісі келсе, намаз оқысын». Осы үшінде болар, сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бос уақытын намазбен өткізетін болған. Ал түндерде болса, кейде жарты түн демалып, жарты түнін намазбен өткізетін, кейде түннің соңғы үшінші бөлігінде намазға тұратын еді, кейде құптан намазынан таң намазына дейін көз ілместен намазбен өткізетін еді. Әр нәрсенің мәнін түсініп, ұшына жеткен кезде адам сол нәрсемен шұғылдану арқылы ләззәттанады. Бұл ләззәт – тілмен де, қалам мен де жеткізе алмас сезім. Имам Әбу Ханифа құптанға алған дәретімен таң намазын оқитын еді, яғни түні бойы ғибадат-намазда болатын еді. Намазда тұрып Жаратушысына қатты берілгендіктен жылаған дауысын көршілер естіп, аяп кететін еді. Халифа Омар (р.а.) таң намазында имамдыққа өтіп тұрған кезінде Алладан қорқу сезімі күшейгендіктен жылаған дауысын мешіттегі ең соңғы сапта тұрған адамдар да еститін еді. Біздің тарихымызда намаздың ләззатын сезініп, көзінің қарасындай намазға мұқият болған тұлғалар сансыз өте көп. Олардың барлығын санап шығу мүмкін емес.
Алла Тағалаға жақындаудың және риза қылудың қанша жолдары болса, солардың ішінде ең алғашқысы да, ең маңыздысы да – парыздар. Ал, сол парыздардың бірі – намаз. Егер пенде тозақтан құтылып, жәннәтқа кіргісі келсе, онда жәннаттың кілті – намаз екенін білсін. Ал егерде жасаған күнә-қателіктері кешірілуін қаласа, онда намаз күнәләрды жуып-шайып тастайтындығын білсін. Бір хадисте: «Бес уақыт намаз біреудің есігінің алдында ағып жатқан терең, тұщы су секілді. Егер сол суға күніне бес рет шомылса, оның денесінде кір қалады ма!?» – деп Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сұрады. Сонда жанында отырған сахабалар: «Жоқ, еш нәрсе қалмайды», – деп жауап берді. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Су денедегі кірді кетіргені секілді. Бес уақыт намаз да күнәларды кетіреді»,[3] – деп айтқан. Екінші бір риуаятта: «Егер адам үлкен күнәлардан сақтанса, онда екі намаз орталарында болған күнәларды жуып шаяды», – деп келген. Қонақ болу кез келген адамға жағымды. Ал егер, Жаратушы Алла пендені қонақ қылса, онда пенде үшін одан асқан бақыт бар ма екен!? Уәде бар: кімде-кім намаз үшін мешітке барса, әрбір барған сайын Алла Тағала оған қонақ болатын орын дайындайды. Бұл туралы Бұхари мен Муслимнің риуаятында хадис келген.
Алла Тағала баршамызды намазға мұқият пенделердің қатарына қосып, уәде еткен сыйлықтардың барлығын нәсіп етсін!
Асхат Сәлімгерейұлы
«Әл-Ғани» мешітінің ұстазы
Дереккөз: muslim.kz