Неге намаз оқымайсыз?

02 сәуір 2019 1287 0
Оқу режимі

Әдетте «Неге намаз оқымайсыз?» деген сауалға бала-шағаны бағу, жұмыс істеп нәпақа табу сияқты сылтаулар айтылады. Расында, бұл – себеп емес, сылтау. Құран Кәрімде: «Жын мен адамзатты Өзіме құлшылық етуден басқа нәрсе үшін жаратпадым»[1], - деп шын мәнінде, адамның дүниеге келгендегі жалғыз мақсаты – құлшылық жасау екенін ұқтыруды. Әрине,  «...Жердің барлық тарабында жүріңдер және Оның ризық еткенінен жеңдер. Әрі қайта тірілген соң Оған ораласыңдар»[2] деген Құран аяты еңбек етіп, бала-шағаны бағу да өз бетінше құлшылық екенін жеткізуде. Бірақ, бес уақыт намаз, рамазан оразасы сияқты парыз құлшылықтардың орнын баса алмайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «...Уа, Алла! Сен бергенге ешкім кедергі болмас, Сен тисаң ешкім бере алмас...»[3], - деп дұға жасайды екен.

Адамның ризық-несібесіне Алла Тағала кепіл. Адам ризық үшін себебін жасап, қалғанына басын ауыртпауы тиіс. Адамның әрекеті – себеп, ал ризық – Алла құзырында. Бұл өте маңызды жайт. Ал, несібесі кешігіп жатса, жанталасудың қажеті шамалы. Өйткені, адам ризықтың мекен-жайынан хабарсыз, ал ризық адамның мекен-жайын біледі. Ризықтың өзі келіп есік қағады. Алла Тағала: «Әрі аспанда сендердің ризықтарың және сендерге уәде етілген бар. Аспан мен жердің Раббысымен ант етемін, бұл – сендердің сөйлеулерің сияқты ақиқат»[4], - деп баяндауда. Осы аятты естіген бәдәуи араб бар дауысымен: «Субханалла! Құдіретті Жаратушы ант ететіндей, кім Оны ашуландырды?» – депті. Хасан Басри: «Ақырет қамын жасап дүние өзі келгеніне көп куә болдық, бірақ дүниені іздеп ақырет игілігі келгенін көргеніміз жоқ», – деген екен. Міне, сондықтан Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Егер адам баласы өз несібесінен өлімнен қашқандай қашса, өзің несібесі өлім адамды тапқандай тауып алар еді»[5], - дейді.

Құранда уәде етілгендей, әр адамның ризық-несібесіне Жаратушы кепілдік береді. Бұл ақиқатты түсіне білген адам жаны тыныштық табады.

Енді, ризық-несібеге себеп болатын кәміл иман, тақуалық, истиғфар, тәуекел, туыстық қарым-қатынас, садақа беру, үлкен-кіші қажылық жасау, үйлену сияқты бірқатар амалдармен бірге намаз оқу да – ризық-несібенің көп те берекетті болуына басты себептің бірі.

Адам өзі намаз оқуы һәм отбасының намаз оқуын қадағалауы парыз. Құран Кәрімде: «Үй-ішіңді намазға бұйыр әрі өзің де оған сабырлы бол. Біз сенен ризық сұрамаймыз. Саған ризықты Біз береміз...»[6], – деген. Суфиян Саури: «Біз сенен ризық сұрамаймыз» деген аятты «ризық іздеуді саған жүктемейміз», – деп тәпсірлеген.

Қуат Ерғалиұлы


[1] «Зарият» сүресі, 56-аят.
[2] «Мүлк» сүресі, 15-аят.
[3] Муслим.
[4] «Зарият» сүресі, 22-23 аяттар.
[5] Жамиғ Сахих.
[6] «Таһа» сүресі, 132-аят.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру