НИСАБ МӨЛШЕРІ ҚАЛАЙ АНЫҚТАЛАДЫ?

08 қаңтар 2024 1840 0
Оқу режимі

Нисаб сөзі «мөлшер» деген мағынаны білдіреді. Нисаб сөзінің шариғаттағы мағынасы – «зекетті парыз ететін белгілі байлықтың ең аз мөлшері». Ол байлықтың түріне қарай әртүрлі болады. Ай күнтізбесі бойынша, нисаб мөлшеріне жеткен байлық адамның иелігінде бір жыл тұрса, ол адам міндетті түрде зекет беруі керек. Зекеті берілетін байлықтың жыл басы мен жыл соңында нисабы толық болуы шарт.

Зекет берілетін мал-мүлік түрлері: жайылымдағы төрт түлік мал (түйе, сиыр, қой мен ешкі, жылқы), алтын мен күміс, сауда тауарлары және құнды қағаздар, егістік және бау-бақша өнімдері. Жарты жылдан астам далада (жайлауда) жайылатын қой, ешкі, сиыр, түйе, жылқы секілді үй жануарларынан зекет беріледі.

Төрт түліктің нисаб мөлшері әрі қанша көлемде берілетіні жөнінде мәлімет:
 

Қой мен ешкінің нисабы – 40 тұяқ. Егер саны қырықтан аз болса, оған зекет беру парыз емес. 40-120 аралығында – 1 қой, 121-200 аралығында – 2 қой, 201-399 аралығында – 3 қой. Кейін әр жүзден 1 қой беріп отырады. Яғни 400-де 4 қой, 500-де 5 қой. Қой мен ешкі аралас болса, бірге саналады.

 

Ірі қараның нисабы – 30 бас. Егер ірі қара мал саны 30-дан аз болса, зекет беру міндетті емес. 30-39 аралығында 1 тайынша (1 жасар), 40-59 аралығында 1 құнажын (2 жасар), 60-69 аралығында 2 тайынша, 70-79 аралығында 1 тайынша және құнажын. Яғни 30-дан асып 60-қа жеткенше құнажыннан басқа ештеңе берілмейді. Одан соң есеп әр он сиыр сайын өзгеріп отырады. Сиыр, өгіз, тайынша, құнажын, бұзау – бәрі бірге
есептеледі.
 

 

Түйенің нисабы – 5 бас. Егер түйенің саны бесеуден аз болса, зекет беру парыз емес. 5-9 аралығында – 1 қой, 10-14 аралығында – 2 қой, 15-19 аралығында – 3 қой, 20-24 аралығында – 4 қой; 25-35 аралығында бір жастан асқан бұзбаша (бинт мәхад), 36-45 аралығында екі жастан асқан құнанша (бинт ләбун), 46-60 аралығында үш жастан асқан інген (хиққа), 61-75 аралығында төрт жастан асқан інген (жәзаға), 76-90 аралығында екі жастан асқан 2 құнанша (бинт ләбун), 91-120 аралығында үш жастан асқан 2 інген (хиққа) беріп отырады.
 

Имам Әбу Ханифаның (Алла оны рақым етсін) пікірі бойынша, түйе, сиыр, қой, ешкі секілді жылқы малынан да зекет беріледі. Жылқылар тек байтал немесе айғыр-байтал аралас болуы және оларды қосып бағасын есептегенде, құны нисаб мөлшеріне жетуі керек. Сосын жылқылардың бағасы ақшалай есептеліп, оның 2,5 пайызы (1/40) зекетке беріледі. Жылқы бірыңғай еркек болса, сондай-ақ мініске, жұмысқа және күнкөріске пайдаланылса және жылдың көп мезгілінде үйде жем-шөппен бағылатын болса, одан зекет берілмейді. Ханафи мәзһабында зекетке тиісті төрт түлік малдың орнына олардың құнын беруге де болады. Зекетке берілетін малдың құны зекет берілетін күннің нарықтағы бағасына қарап беріледі.
 

Ақша немесе сауда тауарларының нисаб мөлшерін анықтайтын кезде, алтын немесе күмістің нисабы негізге алынады. Алтынның нисабы – 20 динар. 1 динардың салмағы шамамен – 4,25 грамм, ал 20 динар шамамен 85 грамм болады. Күмістің нисабы – 200 дирхам. 1 дирхам шамамен – 2,975 грамм, ал 200 дирхам шамамен 595 грамм болады. 
 

Жерден шыққан өнімдерден берілетін зекет – ұшыр деп аталады. Араб тілінде ұшыр «оннан бірі» деген мағынаны білдіреді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жерден шыққан өнімнен берілетін зекет мөлшерін баяндап: «Жаңбыр және ағын суымен суғарылған егістік өнімінің – оннан бірі, шелекпен суарылғанның жиырмадан бірі беріледі», – деген.

 

Медет ҚҰРМАШҰЛЫ,

ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы

«Иман» журналы, №12, 2023 жыл

Дереккөз: Мұнара газеті

Пікірлер Кіру