ӨЛІМДІ ЕСКЕ АЛУ – ҒИБРАТ

15 ақпан 2024 1992 0
Оқу режимі

      Өлімді еске алу арқылы пенде өз болмысының ақиқаты мен дүниенің пәнилігін жете түсінеді, жүрегі жұмсарады. Күнделікті күйбең һәм күйкі тіршіліктің әсерінен тотығып, ұмыт болған сананың терең түпкірінде жатқан ау бастағы фитраттық яки саф таза жаратылыстық сезім оянып, тәубе етуіне себеп болады.

      Осындай тағлымдық – тәрбиелік мәніне байланысты өлім жайында Құран Кәрімде көп үгіт айтылған. Ондағы аяттар кәпір және күнәһарлардың ажал келгеннен азапқа тап болатынын ескертіп қорқытса, ажалға дайындық жасап шариғат шарты бойынша өздеріне бұйрылған іс-амалдарын толық орындап жүрген мүмін пенделерді қуанышты хабармен сүйіншілейді. Сондықтан өлімді естен шығармай жүру, сынақ мерзімін тиімді өткізіп, мәңгілік өмірге сауап жинауға себеп болары сөзсіз.

    Құранда ажал туралы ескертуші аяттар жеткілікті. Құранда: «Әрбір жан өлімнің дәмін татады». («Әли Имран» сүресі, 185 - аят); «Ешбір жан ертең не болатынын білмейді, ешбір жан қай жерде өлетінін білмейді. Шындығында, Алла – бәрін  білуші һәм Хабардар» («Лұқман» сүресі, 34  - аят);

 Пайғамбарамыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде білай деген:

«Уа, адамдар, сендер үшін көрсетіліп қойылған белгілер бар (яғни тура жол, әмір - тыйымдар), міне сол белгілер бойынша жүріңдер. Сендерге көрсетіліп қойылған шек-сызықтар бар, міне сол сызықтардың бойымен жүріңдер (одан асып өтпеңдер). Мүмін жан екі түрлі қорқыныштың ортасында болады: өтіп кеткен ғұмыры, ол үшін Алла қандай жаза дайындағанын білмейді және қалған ғұмыры, ол үшін Алла не шешіп қойғанын білмейді. Пенде өз-өзінен ғибрат алсын. Дүниесін ақырет үшін пйдалансын. Қартаймастан бұрын жастық шағында, өлместен бұрын осы өмірде ізгі істер жасасын. Мұхаммедтің жаны қолында  болған Алланың атымен ант етемін – өлімнен кейін тәубе қабыл болмас, бұл дүниеден  кейін жәннәт пен тоғақтан басқа жай болмас» (Бәйһақи риуаяты)

    Адамзат тарихында талай хакім-даналар өлім хақында көпдеген  өсиет айтып, тағлымды сөздерін қалдырған. Хакім Абай да өлімнің хикметін сезіп, басқаларға қапы қалмауды былайша өсиет еткен.

Адамзат – бүгін адам, ертең топырақ,

Бүгінгі өмір жарқылдап алдар бірақ.

 Ертең өзің қайдасың, білемісің?

 Өлмек үшін суғансың, ойлан, шырақ! –деген.

Алла Тағала баршамызды, дүние тіршілігімізде, өзінің разылығына бөленетін амалда болуымызды және тәубе етуімізді  нәсіп еткей. Амин.

 

Астана қаласы

«Qamqor-sharapat»

салттық қызмет орталығы

 Төлебай” мешітінің найб имамы

Қосылбаев Дархан Исламбекұлы

   

Пікірлер Кіру