ОРАЗА ЖӘНЕ ИХСАН ІЛІМІ
Шариғат ілімдерінің негізі болып саналатын сенім, фиқһ, тарих сынды салалар халқымыздың діни сара жолын нақ көрсете білді. Ендігі жерде бізге қажеттісі – рухани жан дүниеміздің өзегіне айналған тәрбие ілімі. Мұны біз Ихсан ілімі дейміз. Ихсан сөзі жақсылық жасау деген ұғымды білдіреді. Ал шариғаттағы мағынасы кез келген ізгі амалды ең кемел түрде орындау дегенге саяды.
Құпия құлшылық
Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде айтылғандай, Ихсан ілімінің құлшылықтағы мәні: «Аллаға Оны көріп тұрғандай құлшылық етуің. Егер Оны көре алмасаң, Ол сені көріп тұрады». Хадиске түсіндірме жазған ғұламаларымыз Ихсан ілімі адамның құлшылығымен қатар оның күнделікті сөзін, іс-әрекетін, қызметін, тіпті бүкіл өмірін қамтитынын айтқан.
Имам Нәуәуи (Алла оны рақымына алсын): «Алла Тағала сенің әрбір жағдайыңды көріп тұрады. Сондықтан барлық ісіңде жақсылық жаса. Әрбір ісің толыққанды болуы керек», – дейді. Әбу Ханифаның «Муснад» кітабында: «Ихсан – әрбір ісіңді Алла разылығы үшін жасауың» делінген. Бұл ретте адамның ниетіне баса назар аударылады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ақиқатында Алла Тағала әрбір істі жетік жасауды (ихсанды) парыз етті...», – деген.
Ораза құлшылығы мұсылман баласын ихсан дәрежесіне жетуіне көмектеседі. Өйткені ораза – адам мен Алланың арасындағы құпия құлшылық. Мысалы, біздің күнделікті оқып жүрген намазымызды, зекет-садақамызды, қажылық сапарымызды айналамыздағы адамдар көреді. Ал ауыз бекіткенімізді ешкім байқамауы мүмкін. Ораза құлшылығы мұсылманның «бәрін Алла көріп тұр» деген сенімін күшейтеді.
Ораза ұстаған адам әрбір амалын көркем түрде орындауға тырысады. Өйткені оны «оразам бұзылып кетпесе екен» деген ой мазалайды. Сондықтан ауыз бекіткен кісі Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үйреткендей, әдеп білмес жандардың дөрекі әрекеттеріне «мен оразамын» деп көркем түрде жауап қайтарады. Себебі Ислам – көркем мінез бен әдептілікке негізделген дін. Әдептілік адамды көрікті етеді. Ихсан ілімі мен отыз күнгі ораза көркем мінез бен адамға тән күллі әдептілікті қалыптастырады.
Көркем мінез жайлы білмек болған бір кісіге ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «(Уа, Мұхаммед!) Кешірімділікті ұстан, жақсылыққа бұйыр және надандардан сырт айнал» деген аятты оқып: «Көркем мінез – туыстық қарым-қатынастарды үзгендермен арадағы араласуды арттыруың, саған жамандық жасағандарға жақсылық жасап, қиянат жасағандарды кешіруің», – дейді.
Расында, ихсан – бақытын иманнан іздеген жұртымыздың жүрегіне жақын ілім. Халық ұғымындағы «Жақсылыққа жақсылық – әр адамның ісі, жамандыққа жақсылық – ер адамның ісі», «Кең болсаң – кем болмайсың», «Кешірім жасау – кеңдік, кешіре алмау – кемдік», «Жақсылық жүрген жерде тапшылық болмайды», «Жақсылық еккен алғыс орады» сынды нақылдар ұрпақтан ұрпаққа тәрбие ретінде айтылып, өмір сүру дағдымыздың біріне айналды.
Қасиетті Құранда ихсан сөзінің түбірі түрлі формада кездеседі. Мысалы, Құранда: «Олар кеңшілікте де, таршылықта да Алла жолында мал-дәулетін сарп етушілер. Сондай-ақ олар ашуын жеңушілер, адамдарды кешірушілер. Алла жақсылық істеушілерді сүйеді» («Әли Имран» сүресі, 134-аят) делінген. Осы аятқа тәпсір жазған ғұламаларымыз: «Ашуларын жеңушілер» дегеніміз – адамдарға ашуын көрсетпейтіндер, ашу-ызасын сабырға жеңдіретіндер, ізгі амалының қарымтасы мен сауабын Алладан ғана күтетіндер. «Адамдарды кешірім етушілер» дегеніміз – ашуын басумен қатар өзгелердің зұлымдығын кешіретіндер, ешкімге жүрегінде ашу-ызасын сақтамайтындар. Бұл – мұсылманның ең кемел рухани күйі. Сондықтан аяттың соңы «Алла жақсылық істеушілерді сүйеді» деп түйінделуде. Міне, бұл – ихсанның бір деңгейі», – деген.
Ораза – ашуды жеңуге, нәпсіні тізгіндеуге берілген үлкен мүмкіндік маусымы. Рамазан – бойдағы тәкаппарлық, енжарлық, жалқаулық, шыдамсыздық сынды жағымсыз мінезбен күресуге көмектесетін тәрбие айы.
Көркем түрде кешіру
Рамазан – кешірім айы. Халқымызда «Кешірім жасау – кеңдік, кешіре алмау – кемдік» деген қанатты сөз бар. Ораза адам баласын кешірімді болуға тәрбиелейді. Жоғарыда айтқанымыздай, ауыз бекіткен адам әдеп білмес жандардың дөрекі әрекеттерін кешіріп, сыпайы түрде «мен оразамын» деп кешірім жолын ұстанады. Кісінің кемшілігіне сабыр етуде үлкен сауап бар. Алла Тағала «Шура» сүресінің 43-аятында: «Әрине кім сабыр етіп, кешірімді болса, дау жоқ, істердің ең маңыздысы осы» деген. Әрине, біреуді кешіру айтуға оңай болғанымен, жеме-жемге келгенде нәпсіге ауыр тиетін амал. Алайда әрбір амалында Алланың разылығын алдыңғы орынға қоя білген мүмин сынақты сәтте сабыр сақтап, сауабын Жаратушы Жаббар Иесінен күтеді. «Алланың өзі өте кешірімді болғанда, біз кімбіз» деген ой санамызда жаңғырып тұрса игі. Раббымыз Құранда адамдардың қате-кемшілігін көркем түрде кешіруді бұйырған. Қасиетті кітабымыз Құранда: «Ендеше сен (ел-жұрттың қатесін, қиянатын) көркем түрде кешір. Шынында Раббың – жаратушы, бәрін білуші» («Хижр» сүресі, 85-86-аяттар) делінген.
Ізгілерден мынадай сөз қалған екен: «Ихсан ілімінің алғашқы сабағы ренжітпеуден басталып, соңы ренжімеумен аяқталады». Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мына үш мінез кімде болса, Алла Тағала сол адамды мейіріммен жәннатқа кіргізеді», – дейді. Сонда жанындағы сахабалар: «Ол қандай мінез?» деп сұрағанда, Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Саған бермегенге сен бер, өзіңе келмегенге сен бар, қиянат жасағанды кешір», – деп жауап берген екен.
Шын мәнінде, отбасында, ұжымда, қоғамда пайда болатын дау-дамайлар мен келіспеушілік әрекеттер адамдар арасында өзара кешірімділіктің болмауынан көрініс табатыны ақиқат. Расында кешірімді болу көптеген сауапты амалдарға себепші болады. Оған мына оқиға дәлел. Әли ибн Хусейннің (Алла оны рақымына алсын) күңі болған екен. Бір күні ол дәрет алу үшін Хусейнге су құйып тұрғанда қолынан құмғаны түсіп кетеді. Құмғаны Хусейннің басына тиіп, жерге түсіп, сынып қалады. Сол сәтте қожайыны оған ашуланады. Хусейн дауыс көтере бергенде күңі Құрандағы: «Сондай-ақ олар ашуын жеңушілер» деген аятты оқиды. Хусейн сол жерде ашуын басып, өзін ұстап, күңіне жақ ашпайды. Осы кезде күңі аяттың жалғасын оқып, «Адамдарды кешірім етушілер» дейді. Хусейн сол жерде «Сені кешірдім» дейді. Күң аяттың соңын оқып: «Алла жақсылық істеушілерді жақсы көреді» дегенде, Хусейн: «Осы сәттен бастап сені бостандыққа жібердім» деп күңін азат еткен екен.
Осы аяттардың толық нұсқасы мынадай: «Раббыларыңның жарылқауы мен кеңдігі жер мен көктей болған жәннатына асығыңдар. (Бұлар) тақуалар үшін әзірленген. Олар (тақуалар) – кеңшілікте де таршылықта да Алла жолында мал сарп ететін жандар. Сондай-ақ олар – ашуын жеңушілер, адамдарды кешірушілер. Алла жақсылық істеушілерді жақсы көреді» («Әли Имран» сүресі, 133-134-аяттар).
Кешірімді болу – Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) даналық пен тақуалыққа негізделген сара жолы. Алла Тағала Пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) кешірімді болуға үйреткен. Жаратушы Жаббар Иеміз: «Сен олардың өте азынан басқасының қиянатын әрқашан көресің. Дегенмен оларға кешірім ет, көңіліңе алма. Расында Алла ізгілік істеушілерді жақсы көреді» («Мәида» сүресі, 13-аят) деп ескерткен.
Ораза кезінде барынша кешірім жолын ұстанып, бір-бірімізге бауырмал болайық! Бір-біріміздің білместікпен жасаған қателігімізді кешіре алмасақ мұсылмандық қасиетіміз қайда?! Шын мәнінде, біз күнәмыздың, қате-кемшілігіміздің кешірілуін қалаймыз. Құранда Алла Тағала бізге мынадай насихат айтады: «Кешірімді болып, көңіліне алмасын. Сендер Алланың өздеріңді кешіргенін жақсы көрмейсіңдер ме? Алла өте кешірімді, ерекше мейірімді» («Нұр» сүресі, 2-аят).
Тілімізді тәрбиелейді
Рамазан – тілімізді ғайбаттан сақтауға үйрететін ай. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Расында қандай да бір адам Алла Тағаланың разылығына бөлейтін бір ауыз сөз айтқаны үшін Қиямет күніне дейін Алла оған разы болады. Сондай-ақ енді бір адам айтқан сөзінің қаншалықты кесірлі екенін аңдамай сөйлегені үшін Алла Тағаланың қаһарына ұшырайды. Әрі сол бір ауыз сөзі үшін Қиямет күніне дейін Алланың оған деген ашуы басылмайды», – деп ескертеді.
Шын мәнінде, адам баласы не тапса да тілінен табады. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының:
Жамандық қайдан туар, тілден туар,
Әркімде ғақыл болса, тілін буар.
Шығарсаң бір жаман сөз сен аузыңнан,
Артыңнан айдаһар боп сені қуар, – деген жырында үлкен мән жатыр.
Алла Тағала пенденің күнұзақ ашқұрсақ жүргеніне мұқтаж емес. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Алла өтірік айтуын және өтірікке сәйкес амал етуін тоқтатпаған адамның ішіп-жеуін қойғанына мұқтаж емес», – деген. Оразаның мұсылман баласына беретін пайдасының бірі – бос сөз бен ғайбаттан алыс болуға тәрбиелеу. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Ораза – жай ғана ішіп-жеуден тыйылу емес. Ақиқатында ораза – бос сөздер мен жаман сөздерден тыйылу» деген.
Алла Тағала ғайбат сөз айтуға қатаң түрде тыйым салған. Өйткені ғайбат айту – үлкен күнә. Раббымыз Құранда былай бұйырған: «Уа, иман келтіргендер! Араларыңнан бір қауым басқа бір қауымды келемеждемесін. Бәлкім олар өздерінен артық шығар. Әйелдер де басқа әйелдерді келемеждемесін! Бәлкім олар өздерінен артық шығар. Бір-біріңді ренжітпеңдер һәм бір-біріңе лақап тақпаңдар. Иманнан кейін пасық есім қандай жаман? Кімде-кім тәубе етпесе, олар – залымдар. Уа, иман келтіргендер! Түрлі долбарлы ойлардан сақтаныңдар! Шындығында, ойлардың кейбірі – күнә. Бір-біріңді аңдымаңдар, бір-біріңнің сыртыңнан ғайбат сөз айтпаңдар. Әлде сендердің біріңе өлген бауырының етін жеген ұнай ма? Сендер оны ұнатпайсыңдар. Алладан қорқыңдар. Шынында Алла тәубені қабыл алушы һәм өте мейірімді» («Хужурат» сүресі, 11-12-аяттар).
Осы аятқа тәпсір жазған ғалымдарымыз тым күдіктенген нәрселердің көпшілігінде мән болмайтынын айтқан. Сондықтан жөні жоқ күдіктенуден аулақ болған пайдалы. Ал кейбір күдіктердің өзі күнәға жатады. Өйткені оның негізінде әділетсіздік жатыр. Өзгелердің соңынан аңду немесе олардың жеке басының ісіне араласу түбі күнәға әкелетін сенімсіздік болып саналады. Біреуге жала жабу да – сол секілді күнә. Ол тіпті байқамай қалған әрекетке жатса да ақыры үлкен жамандыққа әкеп соғады. Ал қасақана жасаған жамандық жайлы айтуға тіпті ауыз бармайды.
Әлдебір адам жайлы немесе оқиға туралы жорамал жасауға ешқандай тыйым салынбайды. Алайда сол жорамалды күдікке айналдырып, соған сәйкес әрекет жасауға тыйым салынады. Тәпсірші ғалымдарымыз өзгелердің сыртынан жасырын аңду, сығалап қарау сенімсіздік білдіру мен күдіктенуден де жаман қылық екенін айтады.
Әдетте мұндай әрекеттер ресми орындар тарапынан әлдебір қылмыскерді, жалпы жауыздықты әшкерелеу үшін жүзеге асады. Ал қарапайым халық арасында мұндай әрекеттерге шариғатымыз тыйым салады. Өйткені адам баласының жүрегі өзгелер жайлы жаман ойлардан, күдікті нәрселерден таза болуы тиіс. Ислам діні адам баласының еркіндігі мен жеке басының қасиетін жоғары қояды. Сондықтан адамдардың жеке өміріне, ісіне өзгелердің ашық болсын, жасырын болсын араласуына жол жоқ. Ислам діні адамның жеке басын, үйін, ар-намысын қорғайды әрі құрметтейді. Осыны ұмытпау ләзім.
Қанағат – түгесілмес байлық
Рамазан – қанағат айы. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ақиқатында, қанағатты ту еткендерді Алла Тағала байытады», – дейді. Иә, ораза құлшылығы адам баласын қанағат пен сабырға, өзінде бар игіліктерге шүкір етуге тәрбиелейді. Осындайда халқымыздың «Қанағат қарын тойғызады» деген қанатты сөзі еске түседі.
Адам баласы көп жағдайда өзінде бар игіліктер мен нығметтердің қадірін сезінбей, шүкір етуді естен шығарады. Қолымызда бар аз-кем дүниені айтпағанда, деніміздің саулығы баға жетпес үлкен нығмет емес пе?!
Бірде Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ұйқыдан оянғанда, не жатқанда көңілі тыныш, он екі мүшесі сау һәм бір күндік азығы бар адам ұшы-қиыры жоқ мына дүниені иеленген адаммен тең», – деген. Хадистің мәніне терең үңілсек, біздің шүкір ететін нәрсеміздің өте көп екеніне көз жеткіземіз.
Аузы берік адам ауызашарда алдына қойылған бір жұтым судың қадірін сезінеді. Алла Тағала бізге оразаны парыз ету арқылы пенделерін осылай тәрбиелейді. Күні бойы ашқұрсақ жүрген жан бір жұтым су мен бір үзім нанның қадірін терең сезініп, тұлабойына қанағат, шүкір, сабыр сынды қасиеттерді қалыптастырады.
Мына оқиға кез-келген адамның көкейіне жақсы ой салады. Бірде дінге сенбейтін адам Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үйінде қонақта болады. Сол кезде ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қонағына ешкінің сүтін ұсынады. Қонақ бір тостақ сүтті ішіп тауысқан соң оған тағы да сүт береді. Сөйтіп ол қатарынан жеті тостақ сүтті сіміріп алады. Алланың қалауымен келесі күні әлгі дінсіз адам мұсылман болады. Осылайша Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оны тағы да қонаққа шақырып, бір тостақ сүт береді. Оны ішкен соң, келесі тостақтың әрең дегенде жартысын тауысыпты. Осы сәтте Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мүмин адам бір тостағанды қанағат тұтса, кәпір жетеуіне де тоймайды», – деген екен.
Сахаба Сағыд ибн Әбу Уаққас (оған Алла разы болсын) өзінің баласына: «Уа, балам! Алладан байлық сұрасаң, қанағатты сұра. Ақиқатында, қанағат – түгесілмес байлық», – деген өсиетін айтыпты. Біз үйде ауызашар дастарқаны басында ұл-қыздарымызға үнемі қанағатшыл болуды үйретіп, жақсылыққа баулып отыруымыз керек. Ауызашар дастарқаны – насихат пен өсиет сөз айтуға ең қолайлы сәт. Осы сәтті мейлінше тиімді пайдаланып, айналамыздағы адамдарға жақсы сөзімізді жеткізіп отырсақ, нұр үстіне нұр. Себебі қазіргі кейбір жас буын өкілдері барлық нәрсені пайданың көзімен өлшейді. Біз, үлкендер, баланы мұндай түсініктен арылтып, оны адамгершілікке, қайырымдылыққа, қанағатшылдыққа үйретуіміз керек.
Алла Тағала қасиетті Рамазан айында ұстаған оразамызды қабыл етіп, мол сауапқа кенелткей! Жаратушы Жаббар Иеміз елімізге амандық, жерімізге тыныштық беріп, тәуелсіздігімізді баянды еткей. Әмин!
«Мұнара» газеті, №4, 2022 жыл