ОТАНДЫ ҚОРҒАУ – МҰСЫЛМАННЫҢ ПАРЫЗЫ

16 желтоқсан 2023 2460 0
Оқу режимі

Отанға деген махаббат – адами қасиеттердің бірі. Ислам діні Отанды сүюді иманның бір бөлігі деп санайды. Ат-Тарази, Хусам әд-дин әл-Хусейн Ас-Сығанақи, Имам Бұхари, Имам Термизи, Әбу Ләйс Самарқанди, Бұрханиддин Мәрғинани, Әбул Мұғин Нәсәфи сынды исламның танымал тұлғаларының Отанға деген шын сүйіспеншіліктерінің әсерінен өз шығу тегін кіндік қаны тамған жерінің атауымен байланыстыруы да бекер еместігін аңғарамыз.

Біздің ата-бабаларымызда өз ұрпағын туған топырақты, туған өлкесін, отанын шексіз сүюге, қастерлеуге, құрметтеуге тәрбиелеген. Ұлаңғайыр даламызға көз тіккен сырт көз дұшпандарға тойтарыс берген. Сынық сүйем жер үшін қасық қаны қалғанша қолына қару алып, жауына қарсы тұрған. Соның бәрі осы топырақ пен кең дала, қасиетті шаңырақтары үшін екен. Қазір арғы-бергі қиырына ат тұяғы сүрініп, әрең жететін кең байтақ даламызда ғұмыр кешуіміз сондай жанқиярлық ерліктің арқасы деп нық сеніммен айта аламыз. Біздің ата-бабамыз туған жерін шексіз сүйді. Сол жолмен баласына тәрбие берді, отанын сүюді, қорғауды үйретті. Жалпы Қазақтың осындай асыл қасиеттері қай халыққа да өнеге-үлгі бола алады.

Халқымызда «Отан отбасынан басталады» деген сөз бар. Бұл сөздің мәніне үңіліп қарасаңыз, көп нәрсені айқын аңғаруға болады. Өйткені әрбір шаңырақта тыныштық, жақсылық, қуаныш болса, ол сол мемлекеттің берекелі өмірінің бір көрінісі емес пе?! Осындайда  «Отбасы — шағын мемлекет» деген нақылдың растығына көзіңізді айқын жеткізуге болады. Қазақтың ізгі қасиеттері бойында сақталған әрбір азамат өзінің Отанын шексіз сүйеді. Сол мақсатта өмір сүріп, туған елінің, отанының өркендеп-өсуіне атсалысады. Осындай тәрбие әрбір азаматты алға жетелеп, биік-биік белестерге бастайды.

Дініміз Исламда отансүйгіштікке, туған елді қадірлеуге айрықша мән берген. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Отаныңды, яғни тарихи мекеніңді сыртқы дұшпаннан қорғаудың қаншалықты сауап екендігі жайында бірнеше өсиет қалдырған. Бірде бір сахаба Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Алланың елшісі! Ең абзал амал не?» деп сұрағанда, екі дүние сардары (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Шекараны, Отанды қорғау үшін бір күн, бір түн күзетте тұру бір ай нәпіл ораза ұстап, түнде намаз оқудан қайырлы» деп жауап берген екен.

Ертеде көшпенді өмірдің берекесін көрген қазақ өркениетінде отансүйгіштік қасиетті міндеттердің бірі саналды. Ежелгі түркі қағандығы кезінде тасқа қашалған Күлтегін ескерткішінде де ол жайында көптеген сөздер жазылған. Одан бергі кезеңдегі Төле, Қазыбек, Әйтеке билер мен Ақтамберді, Бұқар жыраулар да Отанды сүюге бағытталған мағыналы сөздерін ел-жұртқа жая білді. ХХ ғасырдың басында өмір сүрген Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Жүсіпбек Аймауытов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Мағжан Жұмабаев секілді қазақтың ұлт зиялылары мен қайраткерлері отансүйгіштік жайында тек жазып қана қоймай, оны іспен де көрсете білді емес пе?! Міне, біздің дәстүрлі дін деп жүргеніміз осы болар…

 Жүрегінде имандылық ұялаған адам ешқандай жат қылықтарға бармайды. Ақыл мен жүректің түйісіп, өзара ортақ әрекеті нәтижесінде өмірдің мән мен мағынасын ұғынатын әрбір адам имандылықты өте жоғары бағалап, өзінің отбасына, отанына деген сүйіспеншілігін жүрегінен өшірмеуге назар аударады. Иман – адамзат баласы үшін асыл қазына. Ол адам баласын пәни дүниеде де, бақилық өмір ақыретте де бақытқа бөлейді. Осындай тылсым қазынаны бағалай білу кей жағдайда адам баласының барлығына бұйыра бермейтіні өкінішті. Дегенмен, Жаратушы Иеміз бізге ақыл мен сана беріп, он сегіз мың ғаламның сырын ұғынатын дәрежеге жеткізді. Бұның барлығы Алланың бізге сыйлаған асыл дініміз Исламның, сол дін арқылы үйреткен имандылық, отбасы, отанды қорғауға деген сүйіспеншілік пен тәрбиенің арқасы. Сондықтан Отанды сүю иманнан, әр адам үшін кіндік қаны тамып туып өскен, яғни өз отанынан қымбат жер жоқ. Өзге бір шет елде болса да сол бір шаң басқан, уілдеген желін, жусан исі аңқыған туған жерін сағынады да тұрады. Отанымыздың ұлтарақтай ғана жері үшін қаһарман ата-бабаларымыз қасық қаны тамғанша білектің күшімен, найзаның ұшымен күресіп бізге мұра етіп қалдырды. Сондықтан бұл жерді аманат деп, көздің қарашығындай сақтау баршамыздың борышымыз. Әр адамға өз отанын қорғау, оны сақтау парыз.

Кез келген адамзат баласының негізгі рухани ұстанымы болады десек, ол – Ұлты, Діні және Отаны. Міне, осы үштаған, сіздің үш тірегіңіз. Қай елге, қай жерге бармаңыз, «Сіз кімсіз?» дегенде ұлтым – Қазақ, дінім – Ислам, Отаным – Қазақстан дейсіз. Және оны мақтанышпен нық айтасыз. Өйткені, сіздің жүрегіңізде адамзат құндылықтарының негізі қалыптасқан, іздеуші, сұраушысы бар, сан ғасырлық тарихы бар қазақ ұлтының өкілімін деген сенім тұрады.

Ұлт болуымыздың өзі бір Алладан болғандықтан, оған жету жолы да ата–бабамыз ұстанған салт–дәстүрмен біте қайнасып кеткен таза дініміз Исламда. Ал дініміз Ислам отбасыңды, Отаныңды қызғыштай қоруды үйретеді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сендер өздеріңе жүктелген нәрсеге жауаптысыңдар». Олай болса, Мемлекет басшысы еліне, отағасы отбасына, малшы малына жауапты. Әркім өз қарамағындағылардан сұраққа тартылады. Яғни, Отанын қорғау – мұсылманның парызы. Ендеше, балаға жастайынан жақсы тәрбие берумен, туған елді құрметтеуді, жанын қорғағандай дінін, отанын қорғауды үйретуге де отағасы жауапты.

Осы орайда ескере  кететін жайт, Отанынан елінен жырақтап кетуіне себеп болатын дүниелерді дер кезінде анықтап алдын алу мекеме басшыларына (эканомикалық, саяси, діни т.б)  Алладан жүктелген аманат деп қарау міндет. Себебі жетпіс жыл совет үкіметінің көрсеткен қорлығы, қолдан жасаған ашаршылығы, еліміздің байлығын тонауы, өз отанын сүйген жандардың елінен жырақтап тарап кетуіне себеп болғаны анық. Ендеше бұл жайт, екінші рет қайталанбауы үшін тырысу бейне Бұхари, Мүслим хадистер жинағында Әбу Һурайрадан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Саналы адам (мумин) бір тесіктен екі рет шағылмайды (Бір қателікті екінші рет істемейді)» деген хадиске амал жасаған боламыз. Қазіргі таңда елін, сүйген отанын тастап кетуге себеп болып жатқан факторлардың бірі ретінде  ақшаның құнсыздануы, жұмыссыздық, болашаққа балта шабатын саяси діни топтардың ықпалдары, тұрақсыздық сыңды дүниелер билік басындағы жауапты тұлғаларға мұқият қадағалау талап етілетін дүниелердің бірі. Осыған орай  Жүсіп Баласағұн бабамыздың  мәні терең айтылған сөзі еріксіз ойға келеді: «Бала нені көрсе жаста ұядан, өле-өлгенше соны таныр қиядан» деген. Туған елге деген құрметті, патриоттық рухты өз ата-анасынан көре алмаған бала болашақта өзіне бала кезден таныс емес сезімді қайдан сезінсін. Сондай-ақ қазақтың біртуар азаматы, халқымыздың аяулы ұлы Бауыржан атамыз айтқандай «Отан үшін отқа түс – күймейсің» деген сөзін қалай түсінеміз? Бұл деген отанды қорғау жолында бәріне бара білу, ештеңеден тайсалмауды білдіреді.

Отанды сүю үшін адам өз тілін, тарихы мен мәдениетін білуі тиіс. Өз тілінің, ұлттық мәдениетінің қадірін білмеген адам бірте-бірте өзге де құндылықтарынан ажырайтыны анық. Және де өз елін сүйетін әр азамат шет жерде жүргенде кіндік қаны тамған жерін сағынбай қоймайды. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Мәдинаға һижрат жасаған уақытында Хазрауа деген жерге жеткенде түйесін тоқтатқан екен. Өзінің туған жері Меккеге жабырқаған көңілмен қимай ұзақ қарап тұрып: «Уаллаһи, сен жер бетіндегі ең көрікті, ең сүйікті мекенсің. Мен үшін сенен артық жер жоқ. Егер тағдыр тауқыметіне ұшырамағанымда, өзіңнен бір сәтке де алыстамас едім» деген.

Тура сол сияқты еліміз Тәуелсіздікке жеткен кезде еңсемізді көтеріп, Бейбарыс бабамыздың «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» дегеніне салып, өзге елде қандай биіктерге жетсе де, тарихи атажұртына, өз отандарына оралып келген ағайындар аз емес. Тағы бір хадисте Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Ұхұд тауына қарап: «Біз Ұхұдты жақсы көреміз, Ұхұд та бізді жақсы көреді» дегені бар. Бұл Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туған жерге деген, туған жерінің әрбір өзен, көл, тау, тасына деген зор сүйіспеншілігін байқатады. Ал хазіреті Біләл (Алла оған разы болсын) болса Мәдинаға көшіп барған кезде өзінің кіндік қаны тамған көшелерін сағынғаны соншалық, оған арнап жыр-шумақтар оқыған екен. Және де жоғарыда айтылған хадисте «әркім өз қарамағындағыларға жауапты» дегеннен біздің алатын үлгіміз көп. Бірде Хазіреті Омар (Алла оған разы болсын) халифалық тұсында сырттан бір кісі келгенде, дереу алдында тұрған май шамды ауыстырған екен. Әлгі кісі оның мәнін сұрағанда: «Мен бағана мемлекет ісін қарап отыр едім, енді жеке ісімді қарайтын болғаннан кейін өз май шамымды жақтым» деп жауап қатты. Бұл хазіреті Омардың (Алла оған разы болсын) ел басқарып тұрған Халифа кезінде мемлекет меншігіндегі затқа қаншалықты жауапкершілікпен қарағандығын көрсетеді.

Сахабалардың қай-қайсысы да Отанға деген адалдығын осылай дәлелдей білген. Өйткені олар ақыретте осы дүниеде істеген әр ісі үшін сұрақ барына анық сенген. Ол сұрақтың оңай болмасын да терең сезінген. Сондықтан да Алланың алдына ешкімнің ақысын жеместен жүзі жарқырап баруын  қалаған. Бұл бүгін де бізге үлгі боларлық қасиет. Сол себепті қандай да бір ел мемлекет мүлкіне зор жауапкершілікпен қарайтын, мемлекет мүддесін өз мүддесінен жоғары қоя білетін, ар-ожданын ақшадан биік санайтын ерлер көбейгенде ғана гүлденетіні белгілі. Туған жердің көркейгенін қалаған әрбір азамат өз ісін жақсы меңгеруге талпынуы  тиіс. Кәсібилігін арттырып, өз мамандығының шыңына шығуы қажет. Құранда: «Еңбек етіңдер! Себебі, істеріңді Алла Тағала, елшісі және жалпы мұсылмандар көреді» («Тәубе» сүресі, 105-аят) делінген. Демек, мұсылман адам өз жауапкершілігіне алған  міндетіне  немқұрайлы қарамауы керек. Немқұрайлы қарау басқа адамдардың да жұмысына кері әсерін тигізетінін ескерген жөн. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Ең жақсы адам – басқаға пайдасы тиген адам» дейді. Осы себепті туған елін сүйетін әрбір азамат  мұнысын  нақты ісімен дәлелдеуі керек. Отанды, елді құрметтегенде атақ алу, абыройға кенелу үшін емес, «ұрпағым, елім болашақта жетім болмасын, отансыздықтың азабын тартпасын» деген қағиданы берік ұстанған жөн. Жер бетінде отансыз ұлттар қаншама?! Оларды  әр жерде дәл біздің еліміздегідей бауырына басып, жақсылық жасап отыр деп тағы айта алмаймыз. Жергілікті ұлтпен алауыздық танытып отырғаны қаншама?! Біздің де ұрпағымыз біреудің қас-қабағына қарамай, біреудің қолына қарап дәметпесін десек, атадан қалған асыл мұраны сақтап, ақылды ұрпақ тәрбиелеу – қасиетті парызымыз. Туған ел, туған жер үшін жасалатын жақсылықтардың барлығы ізгі ниеттен, иманнан туатыны даусыз. Сол себепті «Отанды сүю – иманнан» деп хадисте бекер айтылмаса керек.

Сөзімді қорытындылай келе айтарым, жастарымызды, өскелең ұрпақты туған еліне, жеріне деген махаббат, ұлттық патриотизм, ұлтжандылық сезімінде тәрбиелеу әрқайсысымыздың мойнымыздағы парызымыз деп түсінуіміз керек. Ғұламалардың бірі айтқан екен: «Әрбір адамға белгілі болғанындай, өмірде ең сүйген, қадірлі, бағалы саналатын төрт нәрсесі бар. Бұл төрт нәрсеге ие бола алмаған адамдар адами жақсылықтардан мақрұм болғандар. Олар: Азаттық немесе еркіндік, еңбекпен тапқан дүниесі, Отаны және діні.

Әрбір жанұяда ұл бала өмірге келетін болса, ата-анасымен бір қатарда оған Отанымыз да сүйсініп, шаттанады екен. Өйткені ұл бала ертең ата-анасын, жанұясын ғана емес, бүкіл халқын, Отанын қорғау жолында да өз үлесін қосатын азамат болып саналады».

Әлі күнге есімдерін ел құрметтеген әл-Фараби, Иүгүнеки, Баласағұн, Яссауи, Бақырғани, Кердерілер – бәрі де Отанды гүлдендірген, елге, жерге адал қызмет еткен жандар еді.

Отан – ең қымбат сөз. Қаншама ғасырлар мен замандарда бабаларымыз жер үшін, Отан үшін қан төкті. Отанға деген махабатын паш етті. Біздің Отанымыз – қасиетті қазақ даласы тыныш болсын! Алла Тағала әр отбасына бақыт, береке әкелсін! Халқымыз әрдайым бірлік, ынтымақтан айырылмасын!

Қортындылай келе, «Ибраһим» сүресі 35-аятында Ибраһим пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын): «Уа, Раббым! Мына елді мекенді (Меккені) бейбіт (қауіпсіз) мекен еткейсің! Мені де, бала-шағамды да пұттарға табынудан аулақ қылғайсың!» деп, тіпті әлі мемлекет құрылмаған ел-жұрты жоқ жерге (Меккеге) дұға еткенде, ең әуелі амандық, қауіпсіздігін сұраған. Ендеше еліміздің абыз-ақсақалдары ең әуелі елдің амандығын, Тәуелсіздігіміздің қияметке дейін жалғасуын әрдайым Алладан дұға етіп тастамаса екен. Жаратқан ием елімізге тыныштық, асыл дініміз Исламның өркендеп, қанат жаюына нәсіп етсін! Әмин.

 

Юнус ҚАДЫРҚҰЛҰЛЫ

РАНТ мүшесі

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз

Пікірлер Кіру