Отбасы бақыты

13 қыркүйек 2020 10873 0
Оқу режимі

«Отан отбасынан басталады» дейді дана халқымыз. Жылдар бойғы жиған тәжірибесін, ғасырлардан алған ғибратын екі-ақ ауыз сөзбен түйіндеп үйренген данышпан халқымыздың осы бір сөзінде батпандай ауыр салмақ, бай мағына жатқандай. Отан деген қастерлі ұғым адам санасына ең алдымен отбасы аясында орнықпаса, ертеңгі күні елдің туын көтеретін азаматтардың шықпайтынын ата-бабамыз әу бастан-ақ білген. Сол себепті де «ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп, бала тәрбиесін басты орынға шығарған, отбасы құндылықтарын ерекше құрметтеген.

Бір отбасы бүлінсе, қоғам бірлігіне бір сызат түсірерін терең түсінген халқымыз ешқашан жесірін қаңғытпаған, жетімін жылатпаған. Ата-анасын қартайғанда қараусыз қалдырмаған, қара шаңырақтың иесі деп кенже баласын жастайынан осыған тәрбиелеуі де халқымыздың бір көрегендігі. Бала бойында елі мен жеріне деген сүйспеншіліктің, өз халқының салт-дәстүріне деген құрметтің, ата-анасына, айналасына жақсылық жасау, тағы да басқа саналуан әдепті де ізгі қасиеттердің қалыптасатын алғашқы орны отбасы екенін білгендіктен де халқымыз отбасы тәрбиесіне аса мән берген. Өйткені, отбасы бақыты – қашанда Отан құндылығы.

Асыл дінімізде де отбасы құндылықтарын сақтау жолдары өте нәзік суреттелген. Қасиетті Құран аяттарында ер мен әйелдің бір-бірін толықтырып тұратындығын және бір-бірі үшін тірек болатындығын бекітіп: «Олар сендерге киім, сендер де оларға киім іспеттісіңдер», – деген. Сондай-ақ, келесі бір аяттарда Алла Тағала ер мен әйелдің бір-бірі үшін жаратылғандықтан өз теңіне қосылып, отбасын құрғанда жандары тыныштық тауып, бақытты ғұмырдың алғышарттарына қол жеткізетіндігін баяндайды: «Сендерге, оған тұрақтауларың үшін өз жыныстарыңнан жұбайлар жаратып, араларыңа сүйіспеншілік, мейірімділік пайда қылғандығы да Оның белгілерінен. Сөз жоқ, осыларда ойланған елге белгілер бар».

Қарап тұрсаңыз, Аса құдіретті Алла Тағала әлемдегі барша жаратылысты жұп-жұбымен жаратқан. «Жалғыздық тек жаратқанға жарасқан» деген халықпыз. Иә, әрбір тіршілік иесі тек қана өзінің жұбымен ғана жарасымды. Сондықтан да адам баласы ер жеткенде өз теңін іздейді. Өз отауын тігіп, шаңырағын көтеруді көксейді, жарасымды жанұя құруды қалайды. Өмірдегі ең жауапты кезең де ғұмырлық жар таңдау сәті. Қасиетті Құранның «Нұр» сүресінің 32-аятында: «Егер олар кедей болса, Алла өз кеңшілігімен оларды байытады. Алла аса кеңшілік иесі, толық білуші», – делінген. Осы аят жайлы хазіреті Әбу Бәкір (оған Алла разы болсын) былай дейді: «Алланың сендерге некелесу жайлы айтқан әміріне бойұсыныңдар, сонда Алла сендерге уәде еткен кеңшілігін (молшылығын) береді». Демек, некелескен жан Алла Тағаланың кеңшілігіне бөленеді екен. Қазақ халқының да «Бас екеу болмай, мал екеу болмайды» деген нақылы осыдан бастау алса керек. Яғни, жанұя құрып, шаңырақ көтеру – ризық-несібенің артуына және жақсылық есіктерінің ашылуына бірден-бір себеп.

Мұсылманның бұл дүниеде таухид сенімнен кейінгі тапқан ең қымбат олжасы – иманды, ізгі әйел. Әйел – ер-азаматтың аяулы жары, өмірлік жолдасы және перзенттерінің анасы. Сонымен қатар, мұсылманның ар-намысы мен мал-мүлкін сақтаушы да сол әйелі. Егер жігіттің таңдап қосылған қосағы ізгі болса, дүниеде берілген жақсылықтардың бірі осы болмақ. Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жеткен өсиетте ізгі әйелдің сипаты былай баяндалады: «Аллаға деген тақуалығынан кейін мүмин үшін ізгі әйелден артық қазына жоқ. (Ізгі әйел) күйеуінің тілін алады, күйеуі мұндай жарының жүзіне қараса, жаны жадырайды. Күйеуі істе деген шаруаны орындап, істеме дегенге жоламайды. Сондай-ақ, күйеуінің сырын, ар-намысы мен абыройын сақтайды. Күйеуі жоқ кезде қиянат етпейді». Дегенмен, Пайғамбарымыз айтқандай, «Ер кісі отбасының бақташысы, сондықтан ол қол астындағыларға жауапты, ал әйел өз үйі мен балаларының бақташысы, сол үшін жауапты». Осы орайда, ер-азаматтың жұбайына жақсылық етуі, құрмет көрсетуі, іс-әрекеті мен сөйлеген сөзі жұмсақ болуы және көңіліне шаттық беруі күйеулік міндеті болып табылады. Сонымен қатар, әйелінің кейбір сөздері мен әрекеттеріне сабырлық танытуға да тиіс. Бұл жайлы «Ниса» сүресінің 19-аятында: «...Сондай-ақ, олармен жақсы мәміледе болыңдар. Егер оларды жек көрсеңдер, сендер жақтырмаған нәрседе Алланың көптеген қайыры болуы мүмкін», – деп баяндалған. Демек, ер кісінің әйелін құрметтеп, қадір тұтуы оның жоғары көркем мінез иесі екендігін білдіреді. Ал, ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әйелдерімен жақсы қарым-қатынаста болғандар, міне, солар араларыңдағы жақсыларың», – десе, басқа бір риуаятта: «Әйелдердің құқықтарын аяқасты етпеңдер, Алладан қорқыңдар. Өйткені, сендер оларды Алланың аманаты ретінде алдыңдар», – деп, әйелге атүсті емес, Алланың ерлерге тапсырған аманаты ретінде қарауға шақырады.

Ал, енді отбасының негізгі тірегі, шаңырақтың құты болған ата-ана тақырыбына ойысар болсақ, әке-шешеге жақсылық жасауды қасиетті Құран кітабында Алла Тағала өзіне құлшылық қылудан кейінгі маңызды орынға қойғанын көреміз. Алла Тағала былай дейді: «Раббың Жалғыз, Оған ғана құлшылық етулеріңді және де ата-анаға жақсылық істеулеріңді бұйырады. Егер олардың біреуі немесе екеуі сенің қол астыңда кәрілікке жетсе, оларға қарап «үһ» деме және олардың (сөздерін) қайтарма! Оларға (әрдайым) жақсы сөз айт!» .

Мынау жарық дүниеге әкеліп, бойындағы бар мейір-махаббатын төккен, бар білгенін көрсетіп, өмірге үйреткен ата-анаға жақсылық жасауды Алла Тағала Құранның бірнеше жерінде бұйырады: «Біз адамзатқа әке-шешесіне жақсылық істеуін өсиет еттік...» Ықылым заманнан ата сөзіне бас иіп, ана жаулығына құрметпен қарау секілді құндылық халқымыздың қанында бар қасиет секілді көрінеді. «Әке – асқар тау» әспеттеген халқымыз баланы баурайындағы балғынға теңеп, отбасылық реттілікті де үйлестіріп отырған.

Ия, сан ғасыр бойы сайын дала төсінде ұлағатты ғұмыр кешкен халқымыз қасиетті Құран бұйрықтары мен Пайғамбар өсиеттерінен өзіне өмірлік өнегелер қалыптастырып, салт-дәстүрдің озық сабақтастығын қалыптастырып кеткен. Әр нақылында үлкен мағына жатады. Қызына қырық үйден тыйым салып, ұлына жеті атасынан жалғасқан ұлағатын сіңірген халқымыздың отбасылық құндылықтары, тәрбие негіздері мен тәртіп-ержелерінің қазіргі қоғам үшін қажеттілігі ауадай болып тұр. Кешегі кер замандарда желісі үзіле жаздаған әже мен немере арасындағы байланыс, келін мен ене қарым-қатынасы секілді отбасылық күрделі жайттардың салдарынан бүгінгі таңда бала тәрбиесінің де кемшін тұстары байқалып жатады. Осы орайда тұңғыш президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың жарлығымен қыркүйек айының екінші жексенбісінде еліміз бойынша мерекеленіп келе жатқан Отбасы күнінің орны ерекше деуге болады.

Отбасылық құндылықтар дәріптеліп, жанұядағы жарасымдылықты арттыра түсетін іс-шаралар арқасында қаншама жас отбасылар бірліктерін бекемдеп, бағыттарынан жаңылмай келеді десеңізш! Отан отбасынан басталады демекші, осындай бақытты отбасылар көбейген сайын Отанымыз да көркейе түсері сөзсіз. Алла Тағала еліміздегі әр шаңыраққа бақыт-береке сыйлап, Отанымызды гүлдендіре бергей! Әмин!​

Наурызбай қажы Тағанұлы
ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти

Пікірлер Кіру