Өтірік айтуға болады...

26 наурыз 2019 9466 0
Оқу режимі

Иә, өтірік айтуға болады. Бірақ, тек зәру жағдайларда ғана. Ол қандай жағдайлар? Төменде айтатын боламыз.

Ислам – туралық діні. Туралық – адамның сөзі мен ісінің, ішкі жан дүниесі мен сыртқы келбетінің жасанды қылықтар мен негізі болмаған сөздерден тазарып, табиғилық шеңберінде өмір сүруін білдіреді. Ал, жалған сөйлеу Алла Тағаланың әміріне қарсы келу болып табылады. Себебі, Алла Тағала: «Өтірік сөзден сақтаныңдар»[1], – деген.

Фақиһ ғалымдар: «Зәрулік жағдайда жалған сөйлеуге рұқсат бар» деп, бүлікке бастайтын ұрыс-керісті тоқтату мәселесінде рұқсат берген. Алайда зәрулік шегінен шықпау керектігіне баса мән берсе, кейбір ғалымдар зәрулік себепті айтылған жалған сөздің өтірікке жатпайтынын айтқан.

Исламда өтірік айтуға болатын зәрулік жағдайлар:

  • Ренжіскен адамдарды татуластыру.
  • Ұрыс-керістің алдын алу немесе тоқтату үшін ерлі-зайыпты адамдардың бірі екіншісіне өтірік сөйлеуі. 
  • Соғыс майданында дұшпанды айласына түсіру[2].

Ибн Шиһаб: «Адамдарға үш жағдайдан басқа кезде өтірік айтуына рұқсат берілгенін естімедім. Ол үшеуі: соғыс, адамдардың арасын татуластыру және ер-әйел арасында айтылатын сөз»,[3] – деген.

Исламның таза рухына жат қылықты (өтірікті) әдетке айналдырған кейбір мұсылман бауырларымыз, содан құтылудың орнына кінәсін бүркемелеуге тырысады. Бұл да шайтанның құрығы екенін ұмытпағанымыз жөн. 

Абдусамад Оқан 

 


[1] «Хаж» сүресі, 30-аят.
[2] әл-Ғайни, Ғұмдәтүл қари шархү сахихел Бұхари, Китәбус сұлух, 13- том, 383-бет.
[3] Әл-Минһаж фи шархи сахих Мүслим ән-Нәуауй, Китәбул бир уәс сила уәл әдаб, 101-хадис.

Тегтер: өтірік күнә

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру