ПАРА

23 тамыз 2024 1672 0
Оқу режимі

Асыл дініміз Исламда үлкен күнә, ауыр қылмыс деп танылатын істердің бірі – парақорлық. Тілдік тұрғыда пара «әр-ришуату» деп аталады. Бұл сөз құқығы болмаған бір мүлікті немесе атақты алу үшін берілген сыйлық және төленген құнға қатысты қолданылады. Шариғатымызда атағын, қызметін немесе арам пиғылын жүзеге асыра отырып, әділетсіз алынған мүлікті пара дейді. Парақорлық дерті тараған қоғамда әділетсіздік орнап, адам құқығына қол сұғылып, заңның күші жойылады.

Алла Тағала Қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 188-аятында:

وَلاَ تَأْكُلُواْ أَمْوَالَكُم بَيْنَكُم بِالْبَاطِلِ وَتُدْلُواْ بِهَا إِلَى الْحُكَّامِ لِتَأْكُلُواْ فَرِيقاً مِّنْ أَمْوَالِ النَّاسِ بِالإِثْمِ وَأَنتُمْ تَعْلَمُونَ

«Араларыңдағы мал-дүниелеріңді бұзық жолмен (ұрлау, тонау, алдап-арбау т.б. сынды харам жолдармен) жемеңдер. Сондай-ақ біле тұра адамдардың дүниелерінен бір бөлім жеу үшін басшыларға (пара ретінде) апармаңдар», – деп айтқан. Бұл аятта Алла Тағала параны алуға, беруге, сонымен қатар оған дәнекер болуға да тыйым салған.

 Мұсылман адам Алла Тағаланың тыйым еткен мұндай үлкен күнәдан аулақ болып, парақорлық атаулыдан барынша сақтануы тиіс. Себебі, парақорлық – Алла Тағаланың лағынетіне душар ететін іс. Абдулла ибн Амр (Алла оған разы болсын):

 لَعَنَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ الرَّاشِي وَالْمُرْتَشِي

«Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пара алушыны әрі пара берушіні лағынеттеді», – деген (имам Әбу Дәуід).

 Жалпы парақорлық ол дерт, ауру. Ол айықпас дертті әрбір отбасы үйінде бала- шағасына насихаттау арқылы алдын алу керек. Парақорлық отбасының ыдырауына яғни әйелдің жесір, баланың жетім қалуына апарумен қатар бір елдің күйреуіне, құлауына жеткізеді.

 Оған амал жасауды нәсіп етсін! Аумин!

Пікірлер Кіру