Пайғамбарымыздың (ﷺ) тамақтану әдебі

09 ақпан 2022 8032 0
Оқу режимі

Алла Тағаланың адам баласына берген ең үлкен нығметтерінің бірі – тағам мен сусын. Жаратушы бұйрығымен Адам ата ұрпағы осы су мен астың арқасында тіршілікке қабілетті. Мұнсыз адам тәні өледі. Әлемдердің Раббысы Құранда: «Әй, Адам баласы! Әрбір құлшылықтарыңның орнында зейнеттеріңді алыңдар (киініңдер), жеңдер, ішіңдер, бірақ ысырап етпеңдер. Күдіксіз, Алла ысырап етушілерді сүймейді» («Аъраф» сүресі, 31-аят) және «Ей, иманға келгендер! Біз сендерге берген жақсы нәрселерден жеңдер әрі Аллаға шүкір етіңдер, егер құлшылықтарыңды тек Оған арнап жасаушы болсаңдар» («Бақара» сүресі, 172-аят) деп бұйырады. Яғни, азыққа келгенде адам баласына қойылатын екі талап бар: біріншісі – ысырапқа жол бермеу, екіншісі – тек қана халал тағамнан жеу. Бұл – күллі әлем Иесінің бұйрығы.

Сондықтан да, асыл дініміз тамақтану әдебіне ерекше көңіл бөледі. Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүннетінде дастарқан әдебіне қатысты әрбір мұсылман білуге тиіс көптеген қағида бар. Бүгінгі әңгіме осы туралы болмақ.

Тамаққа дейін:

Соңғы ғасырларда тамақ алдында қол жуу рәсімі барысында денсаулыққа қауіп төндіретін бактериялардың көзі жойылатындығы анықталып, денсаулық сақтау саласының мамандары адамдарды тазалыққа шақыра бастады. Ақиқатында, бұл рәсім он төрт ғасырдан астам бұрын адамға үйретілген еді. Тамақ алдында қол жуу – Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүннеті.

Тағамды еденге жайылған дастарқанға қою да сүннетке сай келеді. Екінші жағынан, бұл отырыс қарапайымдылық пен бойұсынуды нұсқайды. Алла Елшісі (ﷺ): «Мен құл секілді жеймін және құл секілді отырамын» деген екен. (Байхақи). Дастарқан басында сол аяқты басып, оң аяқты табанға қойып отыру (яғни, оң аяқтың тізесі кеудеге таяу тұру керек) құпталады.

Асқа қол созбас бұрын өзіңізге «мен не үшін тамақ жеймін?» деген сауал қойыңызшы. Адам баласы асты Аллаға лайықты құлшылық жасауға қуаттану үшін жейді. Яғни, біз өз нәпсімізді ойламауымыз керек. Нәпсінің соңынан ерген адам тамақты шамадан тыс жейді. Ағзадағы ауру-сырқаудың басым бөлігінің себебі дұрыс тамақтанбау екендігіне таласыңыз бар ма? Мұндайда: «Адам өз асқазаны секілді ешбір жаман ыдысты толтырған емес. Солай бола тұра, белді бүгу үшін бірнеше түйір тағам жеткілікті. Асқазанды толтыру қажет болса, үштен бірін тамақпен, үштен бірін сумен және үштен бірін ауамен толтырсын» деген хадисті еске түсіріңіз. (Тирмизи).

Дастарқан басына барлық отбасы мүшелерінің отырғанын қадағалау ләзім. Пайғамбарымыз жалғыз тамақтанбайтын болған және «Екі (адамның) тамағы үшеуге жетеді, үшеудің тамағы төртеуге жетеді»,- деген. (Муслим).

Тамақтану барысында:

Әрбір мұсылман тамақты ауызға алмас бұрын «Бисмилляһ», яғни, «Алланың атымен бастаймын» деп айтуы қажет. «Кісі үйіне кіргенде және тамақ жейтін кезінде Алланы есіне алса, шайтан: «Бізге (бұл үйде) түнейтін орын да, кешкі ас та жоқ», – дейді. Ол (үйіне) кіргенде Алланы есіне алмаса: «Біз түнейтін орын таптық», – дейді. Ал тамақ жейтін кезінде Алланы есіне алмаса (шайтан): «Біз түнейтін орынды да, кешкі асты да таптық», – дейді. (Муслим).

Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кімде-кім тамақ жесе – оң қолымен жесін, сусын ішсе – оң қолымен ішсін, өйткені шайтан (тағамды) сол қолымен жейді және (сусынды да) сол қолымен ішеді», – деп айтқан. (Муслим)

Тағамды әркім өз алдынан жеуі керек. Бұл сүннет әртүрлі тағамдарға қатысты емес (жеміс, салат т.б.). Тағамды шағын кесіндімен алып, мұқият шайнаған жөн. Адам аузындағысын жұтпайынша, асқа қол созбасын. Сондай-ақ, Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) тағамды талқылағанды ұнатпайтын.

Кағб ибн Мәликтен (оған Алла разы болсын): «Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) тамақты үш саусағымен жейтін және қолын сүртпей тұрып жалайтын». (Муслим). Ол тағамды немесе сусынды басқаларға оң жағынан бастап беретін.

«Негізінде, шайтан барлық жағдайда жандарыңда болады, тіпті адамның тамағының қасында да болады. Егер тамақтың бір бөлігі (жерге) түсіп қалса, ондағы зиянды кетіріп, жеп қойсын, шайтанға қалдырмасын. Әрі (тамақтанып) болған соң, саусақтарын жаласын, өйткені ол тамағының қайсысында береке барын білмейді». (Муслим).

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ыстық тамақты ауызбен де, мұрынмен де үрлеуге тыйым салған. Берекесіз болатындықтан, тамақты өте ыстық күйінде ішу де сүннетте құпталмайды.

Әбу Һурайрадан (Алла оған разы болсын): «Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ешбір адам сусынды түрегеліп тұрған қалпында ішуші болмасын. Ал кім ұмытып кетсе, құсып тастасын». (Муслим). Су ішпес бұрын ыдысқа үңіліп қараған жөн және ыдысты оң қолға ұстау керек. Сондай-ақ, суды сіміріп ішуге болмайды, сүннетте арасында үзіліс жасау бұйырылады. Тағаммен бірге су ішу сүннетте де, медицина да құпталмайды. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ыдыстың ішінде тыныстауға тыйым салған.

Тамақтан кейін:

Тамақты шамадан тыс тоймай тұрып тоқтатқан абзал.

Сүннет бойынша, ыдыста тағам қалдығын қалдырмау керек. Жәбирден (оған Алла разы болсын): Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) саусақтарды және табақты жалауды бұйырған және «Негізінде, сендер оның қайсысында береке барын білмейсіңдер» деп айтқан. (Муслим). Асымыз Алла тарапынан келген нығмет болғандықтан, әрбір түйір ас үшін сұралатынымызды ұмытпайық. Ысырап етпеу – Алланың бұйрығы, ал оны орындамаған үшін жаза бар екендігі хақ.

Тым көп тағам қалатын болса, оны міскіндерге таратуға кеңес беріледі.

Тамақтан кейін шүкір мен мақтау-мадақ айту. Әнәс ибн Мәликтен (оған Алла разы болсын): «Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ақиқатында, Алла тамақ жеген соң, Өзіне мақтау айтатын немесе сусын ішкен соң Өзіне мақтау айтатын пендеге разы болады». (Муслим).

Тамақтан кейін ауызды шаю, қолды жуу – сүннет.

Тамақтану алдында айтылатын дұға:

«Аллаһумма бәрик ләнә фиһи уә ат-ъимнә хайрам-минһ (Ей, Алла! Бізге бұл тамаққа береке бер және бізге одан жақсысын нәсіп ет).

Тамақтан соң айтылатын дұға:

«Әлхамду лилләһил-ләзи ат-ъамәни һәзә, уә разәқаниһи, мин ғайри хаулим-минни каеуә лә қууәһ» (Менен ешқандай күш-қуат талап етпей, мені тамақтандырып, ризықтандырған Аллаға шүкір).

Құранда Алла Тағала былай дейді: «(Ей, Мұхаммед!) Айт: «Егер Алланы сүйсеңдер, онда маған ілесіңдер. Алла сендерді жақсы көреді әрі күнәларыңды кешіреді. Өйткені, Алла – аса Жарылқаушы, ерекше Мейірімді» деп». («Әли Имран» сүресі, 31-ші аят). Хадисте: «Менің сүннетіме ілескен адам – мені шын жақсы көретін және менімен жұмақта болатын адам» (Тирмизи) делінген. Олай болса, біз күнделікті өмірдің әрбір сәтінде, әрбір амалында Пайғамбарымызға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ілесуіміз керек. Мұнда сөзсіз табыс пен береке бар.

Дереккөз: muslim.kz мұрағатынан

Пікірлер Кіру