«ПЕРІШТЕ» СӨЗІНІҢ МАҒЫНАСЫ

24 қазан 2023 1925 0
Оқу режимі

 «Періште» сөзінің мағынасы

«Періште» сөзін тілдік тұрғыдан қарастыратын болсақ, ол араб тіліндегі «мәлак» сөзінің «ә-л-к» түбірінен тарайды. Яғни мәлак сөздікте – «хабаршы», «елші» және «күш-қуат» деген мағыналарды білдіреді. Ал ислами түсінік тұрғысынан алғанда «мәләк» (періште) сөзіне «түрлі бейнеге кіре алатын, жынысқа бөлінбейтін және бір ғана Аллаға құлшылық ететін нұрлы жаратылыс» деген анықтама беруге болады.

Періштелердің бар болуының дәлелдері

Ілкіден бері адам баласын қызықтырып келе жатқан мәселенің бірі – жер бетін мекендейтін басқа да көзге көрінбейтін болмыстардың бар яки жоқ екендігі. Айталық, періштелер мен жындар әлемі.

Ғайыпқа сену – мұсылман болудың басты ерекшеліктерінің бірі. Адам баласы материалдық әлемде өмір сүре отырып, рухани әлемнің де бар екендігін ұмытпауы тиіс. О дүние – адам үшін сезім мүшелерімен сезінуге келмейтін тылсым жайт. Осы қос дүниенің арасында бейне бір арнайы перде тұтылғандай адам баласының маңдайына бұл ақиқатты көзбен көру жазбаған. Алайда, біз періштелердің бар екенін ең сенімді дереккөздер: Құран мен сүннет арқылы білеміз.

Бұндай сенімді дереккөздер болмағанда тіршілікті осы дүниемен ғана шектеп, өлімді «іріп-шіріп жоқ болып кету»  деп қана ұғар ма едік, кім білсін?! Осы ретте адамзатқа жол сілтеу үшін үздіксіз пайғамбарлар жіберіп, қасиетті кітаптарын да түсірген. Алла Тағалаға мың да бір шүкір делік! Қасиетті кітаптарда Жаратушының бар және бір екендігіне бүкіл жандүниемізбен сену керектігі, бұған қоса рухани әлемге тән періштелерге де илану қажеттілігі ап-анық баян етілген.

Періштелерге сену – иманның негізгі шарттарының бірі. Бұл шындық Құранның мына аяттарында айқын аңғарылады: «Алла елшісі Раббы тарапынан өзіне түсірілгендерге иман етті және мүміндер де (иман етті). Барлығы Аллаға, періштелеріне, кітаптарына және пайғамбарларына иман етті…».

«Кім Аллаға, ақырет күніне, періштелерге, кітаптарға, пайғамбарларға иман келтірсе… міне солар шыншылдар, әрі солар тақуалар»;

مَنْ كَانَ عَدُوّاًلله وَمَلآئِكَتِهِ وَرُسُلِهِ وَجِبْرِيلَ وَمِيكَالَ فَإِنَّ اللهَ عَدُوٌّ لِّلْكَافِرِينَ

«Кім Аллаға, періштелеріне, елшілеріне, сондай-ақ Жәбірейіл, Микаилге (ғ.с.) дұшпан болса, әлбетте Алла Тағала кәпірлерге дұшпан».

Періштелердің бар екеніне иланбау – Алла Тағаланың жер бетіне жіберген пайғамбарларымен қатар қасиетті кітаптарын да жоққа шығарғанмен барабар. Өйткені, Ұлы Жаратушының күллі ақиқаты пайғамбарларға періштелер арқылы жеткен.

Құран Кәрімде де бұл мәселеге байланысты: «…Кімде-кім Аллаға және Оның періштелеріне, кітаптарына, пайғамбарларына және ақырет күніне иман етпесе, қатты адасады...», – делінген.

Бұған қоса періштелердің бар екендігін растайтын көптеген хадистер де бар. Яғни жоғарыда айтып өткеніміздей періштелердің шын мәнінде бар екендігі Құран мен сүннетте нақты келтірілген. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Мен сіздердің көрмегендеріңізді көремін, естімегендеріңізді естимін. Көк жүзінде төрт саусақ сиятындай бос жер жоқ. Барлық жерде Аллаға сәжде ететін періштелер бар…» – деп, періштелердің бар екендігін әрі олардың сандық тұрғыдан да есепсіз көптігін баян етуде.

Демек, аят пен хадистер – көзбен көріп, қолмен ұстауға келмейтін осындай жаратылыстардың бар екенінен хабар беруде.

Мұнымен қоса періштелердің бар екендігі жайлы олармен жүздесіп, сөйлескен жүз жиырма төрт мың пайғамбар мен сан мыңдаған әулиелер, ғұмырында жалған айтып көрмеген саны белгісіз қаншама игі жақсылардан білеміз. Себебі, әр қайсысы әр дәуірде өмір сүрген бұл адамдардың барлығы ұйымдасқан түрде жалған айтуы әсте мүмкін емес.

Күнделікті өмірде періштелерді көзге көрінбейді екен деп жоққа шығару пенденің тәкаппарлығы мен қырсықтығынан, немесе немқұрайлығынан болса керек. Бүкіл болмыспен салыстырғанда адам баласының көру қабілеті өте шектеулі. Сондықтан көрмеген нәрсесіне адам «жоқ» дей алмайды. Өйткені көзге көрінбейтін болмыстар саны өте көп. Мысалы, электр тогын іске қоссақ, алып сарайға жарық беретін лампалардың барлығын жұмыс істетеді. Біз сонда ғана кішкене бір тетіктің зор күшін сезінеміз. Бірақ, оның күшін осы уақытқа дейін ешкім көрген де жоқ, көрмедік екен деп жоққа шығарған да жоқ.

Бұған қоса, тартылыс пен тебіліс заңдылығының арқасында ғаламдағы тепе-теңдік, тәртіп жалғасып келе жатқандығын да білеміз. Біз бұл заңдылықтарды да көзге көрінбейді екен деп жоққа шығара алмаймыз.

 Сонымен қатар қазіргі таңдағы ғылыми жетістіктер де көзге көрінбейтін өте ұсақ заттардың бар екендігін дәлелдеуде.

Мәселен, биологиялық анаэробты бактериялар – оттегісіз тіршілік ете алатын организмге жатады.1993 жылы мұхит түбіндегі жер асты қайнар суларда өте жоғары (шамамен +400С˚) ыстық дәрежеде әрі онда улы газдар бола тұра 300-ден аса микроорганизмдердің өмір сүргендігі дәлелденген. Биолог ғалым Верена Таниклайф бұны ХХ ғасыр биологиясының ең айтулы жаңалығына балай отырып, онда өзге де биологиялық құбылыстардың болуы әбден мүмкін деген тұжырымға тоқталады.

Бұлар ғылыми дәлелдемелер, ал бұлардан тыс күнделікті өмірімізде көзбен көріп, қолмен ұсталмайтын, ақылға сыймайтын, қисынға келмейтін басқа да нәрселер өте көп екені белгілі. Біз олардың бар екеніне күмәнсіз сенеміз. Мысалы, адам өз денесінде жан бар екеніне сенеді, бірақ оны көзбен көре алмайды. Ақылының бар екенін де қолға ұстатып, көзге көрсетіп дәлелдей алмайды. Бұдан бөлек, иісті, дәмді, дыбысты сезе алсаңыз да бұлардың ешқайсысын қолға ұстатып, көзге көрсету мүмкін емес. Демек, көзге көріне бермейтін тіршілік иелерінің бар екендігі күмәнсіз. Олай болса, періште мен жындарды да көзге көрінбейді екен деп, олардың бар екендігін жоққа шығара алмаймыз.

Қалмахан Ержан

 

 

 

Пікірлер Кіру