Қанша ғұмырымыз қалды?

28 ақпан 2019 7778 0
Оқу режимі

«Өмір – мұхит, уақыт – толқын» (Абай). Осылайша ағысы асуды бағындырған асау уақыт ақырет жағалауына жақындата түсуде. Көз ілеспес лездікпен жүйіткіген өмір пойызы өз бекетіне асығыс, біз ойлағаннан да тым асығыс. Осы туралы бір кісі Мұхаммед ибн Уәсиядан «Таңды қалай атырдыңыз?» деп сұрағанда, ол: «Күні өтуімен ақыреті мен ақтық деміне асыққан кісі туралы не деп ойлайсыз?» деп жауап берген екен. 

Ислам ұлық ғалымдарының бірі Хасан әл-Басрийдің айтуынша: «Ей, адамзат, сенің өмірің күндерден тұрады. Егер бір күнің өтсе, ғұмырыңның бір бөлігі сонымен бірге кетеді. Ей, адамзат, сен екі от ортасындасың. Түн күндізге, күндіз түнге ертеді. Соңында олар сені ақыретке жеткізеді. Ей, адамзат, сенен қатары үлкен кім бар? Өлім баршамыздың маңдайымызға жазылған. Ал жалған дүние «Өлгеннің артынан өлмек жоқ» деп міз бақпастан артыңызда қалмақ».

Осы орайда Дәуіт Таий: «Таң мен кеш бейне бір жолаушының сапарда тоқтап, тынығатын керуен сарайлары іспеттес. Осы жүріспен бірінен соң бірі келген сарайларды аялдау арқылы ақырына да жетеміз. Ендеше, әр мейрамханаға кезіккенде жол азығын қамдамасқа болмас», – деп өмір мен уақыттың туыстығын түсіндіруге тырысады. Сол секілді өткен ғұламалардың бірі өз шәкірттеріне жазған өсиет хатында: «Ей, досым, сен бұл дүниеде мәңгі қалам десең, қателесесің. Сен үнемі үстіндесің. Осы қым-қуыт қозғалыс сені байқатпай өлімге ертіп апарады. Өлім сені үздіксіз күтуде әрі ол нысанасынан мүлт кетпейді. Ақыры мен баяны жоқ болып көрінген бұл дүние де артыңда мұртын балта шаппағандай еш мұңсыз қалуға әбден дайын. Өткізген әр күнің фәниде оралмағанымен, ақыретте алдыңнан шығады», – деген екен.

Иә, достар, расында да баршамыздың жақсы-жаман амалдарымызбен өтіп жатқан күндеріміз қияметте жағамызға жармасып, сұрау салмасына кім кепіл?! Саңлақ сахаба Муъаз бин Жәбәлден жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Қиямет күні төрт нәрседен сұралмайынша құлдың екі аяғы тырп етпейді: уақытын қалай жұмсады, жастық шағын қалай өткізді, мал-дүниені қайдан тапты, қайда жұмсады, біліміне қандай амал жасады» дейді. Аталмыш сауал бізді тек құрық салуы яки құрметке бөлеуі мүмкін. Сол себепті Хақ Иеміздің алдындағы жауабымызды тосылмайтындай етіп дайындау – дүниенің ең абзал ісі, негізгі мұраты. Мұратқа жету барысында өзімізге «Өмірім немен өтуде? Оның қаншасын уысымнан шығарып алдым? Өткен өмірім маған не берді? Аса мадақтаулы Ұлы Иемнің разылығына бөлер өрнекпен өрілген бе, әлде көрімде өкініштің өкіртер көз жасы ма? Неліктен?» деп сұрау салып көрелік. Қаншалықты сенімді жауап бере аласыз? Әрине, көп сауалға күмәндіміз, тіпті жауап таппай қаламыз. Шымбайыңа батқан осы жайт бәлкім жәннатқа жеткізуі мүмкін. Бірде бір тақуа: «Ей, нәпсім, ақ сөңке боп, қартайдың? Әлі де көзіңді ғапылет ұйқысынан ашпадың ба? Нені күтудесің? Өлімді ме? Оған дайынбысың? Мүшкіл күйіңді өзгертіп, әрекетіңе кіріс!», – деп нәпсісін сындырған деседі.

Барша адам баласы екі тайпадан тұрады. Бірі – тірі жүрсе де өліммен тең саналады. Енді бірі – өлі болса да тірі күйінде есептеледі. Кім қай тарапта болғысы келсе, сол бағытымен беттеп барады. Яғни «ерте көктем еккенімізді күзде орамыз. Қысқа азық етеміз». Еткен амалымыз бен ниетіміз ақыретте азық болады. Тарих тізбегінде «Жақсының аты өлмейді, Ғалымның хаты өлмейді»-нің кейіпкерлері уақыттың қадірін түсініп, байыбына барғандар. Хасан әл-Басри сексен жылдай ғылыммен таңын атырып, Шейх Хафиз Хакмий отыз бес жылын ғылымға арнаған. Сонымен қатар, жасының ұлғайғанына қарамастан, ғылымға бет бұрып, ықлас танытып білім шыңына жеткендер аз емес. Солардың бірі ғасырларға бергісіз еңбектер тудырған Шибл әл-Мәкки елу жасынан, Әбу Насыр Тамор алпыс жасынан ілім жолына түскен. Көген көздіктен көк сақалға дейін «инемен құдық қазғандай» ілім алуда зор үлгі көрсеткен.

Олай болса, өмірімізді пайдасыздық пен ысырапқа пида етуге құқымыз жоқ. Жас я кәрі болсын, өз өмірін әсем амалдармен абаттандырып көркейтуге, жүректерді жібіту мен көңілдерді кеңейтуге асыққанымыз абзал. Өмір жолымызды жоғарыдағылармен салыстырсаңыз «Неге олар істеген іс біздің қолымыздан келмейді?» деген заңды сұрақ туады. Біз тыныстаған ауамен әуелі олар да тыныстамап па еді? Бәкір ибн Абдуллах: «Егер өзіңізден жасы үлкенді көрсеңіз: – Бұл адам менен бұрын иман келтірген, мен туылғанша көп салиқалы амалдар жасаған. Бұл адам менен жақсырақ, – деңіз. Егер өзіңізден  жасы кішіні көрсеңіз: – Мен одан бұрын дүниеге келіп, көп күнәлар істедім. Ол әлі мен секілді күнә көліне батпаған, яғни ол менен әлдеқайда жақсы, – деңіз» деген екен.

Ей, адам, егер әлі кішкене болсаң, «Есейгенімде амал етермін» деме. Егер жасың үлкен болса нені күтудесің? Ақиқатында қарттықтан кейін өлімнен өзге не бар? Дәл қазірден бастап игі істерге құштар әрі үйір болуға үйренейік. Өзіміз үшін ақыретте қуана еске алатын амал қалдырайық. Біле білсек, зікір мен еске алу – ақтық болған адамның екінші өмірі.

Асан Анарбайұлы

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру